Жетісу облысында көлік инфрақұрылымын жаңғырту және жол қауіпсіздігін арттыру бағытында маңызды оқиға орын алды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының автожол саласын сапалы дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында «Алматы – Өскемен» республикалық маңызы бар автожолының 213–234-шақырымы аралығындағы Мұқыры асуы учаскесі мерзімінен бір жыл бұрын пайдалануға берілді. Жобаның ресми жоспары бойынша бұл нысан 2027 жылдың желтоқсанында тапсырылуы тиіс еді. Алайда жол құрылысын жүргізушілер төрт жолақты заманауи магистральді мерзімінен бұрын толық аяқтап, көлік қозғалысына жол ашты. Мұндай жедел әрі сапалы атқарылған жұмыс өңіраралық логистиканы жақсартуға үлкен септігін тигізеді.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов: «Жетісу облысындағы автожолдардың сапасын арттыру мақсатында соңғы үш жылда облыс әкімінің бақылауымен ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Олардың ішіндегі ең маңыздылары – «Талдықорған – Үшарал» республикалық маңызы бар автожолы және «Үшарал – Достық» республикалық маңызы бар автожолын реконструкциялау. Сондай-ақ былтыр «Сарыөзек – Қорғас» бағытындағы жолдың жөндеу жұмыстары аяқталды. Биыл Сарыөзек ауылының айналма жолының 7 шақырымдық учаскесі пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, «Алматы – Өскемен» автожолының Алматы облысының шекарасынан бастап Талдықорған қаласының айналма жолына дейінгі бөлігінде, сондай-ақ қаланың айналма жолдарында жалпы ұзындығы 159 шақырым болатын орташа және күрделі жөндеу жобалары жүзеге асырылуда. Оның 103 шақырымы биыл толық жөнделді. Қалған бөлігі келесі жылы аяқталады. Осы бағыттағы маңызды учаскелердің бірі – Мұқыры асуы арқылы өтетін жолдың көлік қозғалысы үшін ашылуы осы атқарылған жұмыстардың нәтижесі деуге болады», – деп атап өтті.
Ұзындығы 21 шақырым болатын күретамырдың дер кезінде ашылуы ішкі резервтер мен жұмыс күшін тиімді ұйымдастырудың арқасында мүмкін болды. Құрылыс алаңында 514 жолшы маман мен 231 арнайы техника үздіксіз еңбек етіп, жылжымалы асфальт-бетон зауыты іске қосылды. Құрылысшылар 551,4 мың текше метр жер қазып, 42 су өткізу құбырын орнатты, жаңа көпір салып, жол бетіне беріктігі жоғары қиыршық-мастикалық асфальт төседі. Көксу ауданының тұрғыны Мәлік Бейсен: «Бұл жол – маңызды күретамыр. Осы жол арқылы жүктер тасымалданып, адамдар әр қилы бағытқа қатынайды. Енді жол кім-кімге де ыңғайлы, жайлы әрі қауіпсіз болады. Біз, аудан тұрғындары, атқарылған жұмысты өз көзімізбен көру үшін жолдың ашылу рәсіміне арнайы келдік. Нәтижесіне көңіліміз толды», – деп ақжарма тілегін білдірді.
Жыл қорытындысы бойынша Жетісу облысындағы автомобиль жолдарының сапасы жоғарылап, жақсы әрі қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 96%-ды құрады. Жаңа магистральдың пайдалануға берілуі жол-көлік оқиғаларын азайтуға, жолаушылар мен жүк тасымалының жылдамдығын арттыруға тікелей ықпал етеді. Сондай-ақ өңірдегі туризм мен сауда-саттықты дамытуға жаңа серпін береді.





