Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанның арнайы шақыруымен Анкара қаласына ресми сапармен барады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Сапар 28-30 қазан күндері өтеді. Жоғары деңгейдегі кездесуде екі ел басшылары кеңейтілген стратегилық серіктестікті одан әрі нығайтуға арналған маңызды келіссөздер жүргізеді. Сонымен қатар Президент Анкарада өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) 13-саммитіне қатысып, аймақтық ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылайды.
Халықаралық саясат пен экономикалық сарапшылар бұл сапардың Қазақстан үшін геосаяси әрі сауда-экономикалық маңызы жоғары екенін айтады. Бұл тек дипломтаиялық хаттама емес, екі бауырлас ел арасындағы жан-жақты байланысты дамытуға бағытталған практикалық қадам.
Түркия – Қазақстанның сенімді серіктесі. Екі ел арасындағы тауар айналымын 15 млрд долларға жеткізу межесі тұр. Мемлекет басшылары сауда-саттық, транзит-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру салаларындағы бірлескен жобалардың барысын саралайды. Қазіргі таңда Каспий арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта коридор) дамыту өте өзекті. Бұл жоба өңірлік инфрақұрылымды жаңартып, экспорттық мүмкіндіктерді арттыруға жол ашады.
Бауырлас елдердің саяси диалогы цифрлық технологиялар мен экономикалық интеграцияға да әсер етеді. Екі мемлекет бірлескен кәсіпорындар санын арттырып, отандық өнімді сыртқы нарыққа шығарудың жаңа тетіктерін қарастыруда. Тұрақты логистикалық тізбек құру өңірдегі баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге оң ықпал етеді.





