Жаһандық еңбек нарығында жас мамандар үшін жағдай күрделеніп барады. Әлемде 15-24 жас аралығындағы жастардың жұмыс таба алмау көрсеткіші қайта өсті. Бұл үрдіс дамыған елдерді де, дамушы аймақтарды да шарпып отыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) жаңа есебіне сүйенсек, 2025 жылы жастар арасындағы жаһандық жұмыссыздық деңгейі 12,4%-ға жетті. Бұл – әлем бойынша 67 млн жуық адам. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2023 жылы көрсеткіш 12,3% деңгейінде тіркелген еді.
Сонымен қатар, жұмыс істемейтін, оқымайтын және кәсіби даярлықтан өтпейтін (NEET) жастардың үлесі 20%-ды құрап, жалпы саны 257 млн адамнан асып түсті. Талдау көрсеткендей, 2023-2025 жылдар аралығында әлемнің 11 субаймағының сегізінде теріс динамика байқалды. Әсіресе Араб мемлекеттерінде жұмыссыздық 26,2%, ал Солтүстік Африкада 22,6% көлемінде тіркелді. Солтүстік Америкада бұл көрсекіш 8,3%-дан 9,8%-ға өссе, Еуропа елдерінде 15% маңайында сақталып тұр.
Жұмыссыздықтың өсуіне бірнеше жаһандық фактор әсер етеді:
-
Экономикалық өсімнің баяулауы мен геосаяси шиеленістер: Инвестициялардың азаюы жаңа жұмыс орындарын ашуды бәсеңдетті.
-
Орта білікті жұмыс орындарының қысқаруы: Көптеген кеңсе, басқару, сату мен өндіріс саласындағы дәстүрлі қызметтер жойылып барады.
-
Бейресми сектор: Табысы төмен елдерде жас мамандардың 10-нан 9-ы әлеуметтік қорғау тетіктері жоқ бейресми орындарда еңбек етуге мәжбүр.
ХЕҰ есебінде жасанды интеллектің (ЖИ) ықпалы ерекше аталады. Қазіргі сәтте 15-29 жас аралығындағы мамандар атқаратын міндеттердің 6,1%-ы ЖИ арқылы автоматтандыруға бейім. Егер осы орындардың 10%-ы жойылса, 5,6 млн жас маман жұмыссыз қалуы ықтимал. Бұл қауіп әсіресе дамыған мемлекеттерде жоғары.
Дегенмен, конструктивті тұрғыдан қарасақ, бұл технологиялық төңкеріс тек қауіп қана емес, жаңа мүмкіндік. Қазіргі уақытта ғылым, инженерия, денсаулық сақтау және IT салаларында жоғары білікті мамандарға сұраныс еселеп артып келеді.
Жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру, жасанды интеллект құралдарын меңгеру және жаңа заман сұранысына сай қайта оқыту – тығырықтан шығар басты жол. Сала мамандары жастарды тек дәстүрлі мамандықтармен шектелмей, үздіксіз білім алуға және жаңа технологияларды меңгеруге шақырады. Бұл бағытта мемлекеттер мен білім беру жүйелері икемді болуы қажет.





