Алматы облыстық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, Жетісу жерінде атқарылған жұмыстардың нәтижесі талқыланды. Аудан, қала әкімдері, аппарат басшылары және Қоғамдық кеңестердің төрағалары қатысқан отырыста екі мәселе – коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары мен отандық вакцинаны жаппай егу туралы және 2020 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есеп қаралды. Бұл туралы «Жетісу» газеті хабарлады.
Онлайн форматта өткен алқалы отырыста бірінші мәселеге орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков пен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Шарапиев баяндама жасап, жұқпалы дерттің алдын алуға қатысты атқарылған жұмыстардың нәтижесін таныстырды. Атап айтқанда, соңғы есеп бойынша коронавируспен ауырғандардың саны 25487-ге жеткен. Олардың 15898-нен «СОVID-19» белгісі анықталған. Енді осынша дерекке қатысы бар 23070 адам аурудан айығып шықса, 788 науқас әлі ем алып жатыр. Оның ішінде симптомсыз түрдегі 478 пациент үйінде ем алса, 310 адам ауруханада емделуде. Жұқпалы аурудың наурыз айында өршуіне байланысты ауруханалардағы орын 4795-ге жетіп, жан сақтау бөлімдеріндегі төсек саны 410-ға өскен. Қажет болған жағдайда облыстың барлық ауруханалары мен емханаларында 5280 орын ашуға мүмкіндік бар. Дегенмен, Жетісу жерінің барлық аудандары мен қалаларында жұқпалы дерттің таралуын болдырмауға қажетті мүмкіндік пен орын жеткілікті. Соған байланысты жергілікті бюджеттен коронавируспен күрес үшін 13,8 миллиард теңге бөлінсе, екінші толқынға дайындық үшін 8,8 миллиард теңге қарастырылған. Барлық медицина мекемелері қажетті техникамен қамтылған. Атап айтқанда облыстағы медицина ұйымдарында 17 компьютерлік томограф, 53 рентген аппараты, 534 тыныс алдыру аппараты бар. Сондай-ақ, облыстағы 17 аурухана оттегі стансылармен қамтамасыз етілген. Одан бөлек, 180 «Жедел жәрдем» көлігі мен 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынған. Облыс бойынша қажетті дәрі-дәрмек жеткілікті.
Амбулаториялық және стационарлық деңгейдегі мекемелерде 3455 медицина қызметкері жұмыс істеп жатыр. Олардың 851-і дәрігер болса, 2604-і орташа және кіші медицина қызметкер саналады. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарын бітірген 45 маман, медициналық колледждердің 281 түлегі жұмысқа қабылданса, зейнеткерлікке шыққан дәрігерлер науқастарға кеңес берумен айналысуда. Облыста жұмыс істеп жатқан 14 зертханада 9 мыңға жуық зертханалық зерттеулер жасалса, 200 орынды жаңа модульді аурухана мен көпсалалы ауруханалардың жанынан 2 ахуалдық орталық ашылды.
Соңғы екі аптаның көлемінде жұқпалы дертке шалдығушылардың саны азайып келеді. Бұған әсер еткен себептердің бірі – вакцина салу екендігін алға тартқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков одан соң екпе салдырудың нәтижесіне тоқталды. Оның айтуынша, облыс бойынша 244 екпе салдыру бекеті, 67 мобильді топ, 17 жылжымалы медицина кешені құрылса, Жетісу жеріне жеткізілген вакцинаның І құрамы 217350 доза болса, екінші құрамы 176710 доза. Соған байланысты халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мамыр айының 25-і күніне дейін І құрамды вакцина 209 717 адамға салынса, екі құрамды 115 726 адам толық салдырған.
Осыған орай құрылған облыстық штаб жағдайды толық қадағалап, вакцина салдыру жұмысын жеделдетуді бақылауына алып отыр. Вакцина салдырудың тиімділігін түсіндіру үшін «Jetisý Media» ақпараттық алаңында 5 брифинг өткізіліп, қарапайым халыққа жеткізілуде. Баспасөз мәслихаттарының ақпараты облыстық, аудандық, қалалық әкімдіктердің сайттарына салынып, облыстық «Jetisý» телеарнасы мен облыстық «Jetisý», «Огни Алатау» газеттеріне жарияланып отыр. Одан бөлек, әлеуметтік желілерде қажетті мәліметтер жариялануда. Қысқасы халыққа түсіндіру жұмыстары толығымен жүргізілуде.
Тақырыпқа қатысты мәселелерді қозғаған басқарма басшысы Өмірзақ Ниязбековтың айтуынша, көпшілік әлі де коронавирустың қауіпті екендігін ескермей, көпшілік жиналған жерлерге баруды тоқтатар емес. Ондай әрекеттер «Ашық» мобильді қосымшасы арқылы анықталып отыр. Әсіресе, тамақтану орындары мен сауда орталықтарына баратындар аурудың таралуына үлес қосып жатқанын байқар емес. Осыған байланысты той мен ас беретін мейрамханаларды құқық қорғау органдары қатаң бақылауда ұстау керек.
Одан соң баяндамашыға сұрақ қойған Қоғамдық кеңес мүшелері өздерін толғандырған сауалдардың жауабын алды. Кеңес отырысында көтерілген коронавирустың алдын алу шаралары мен отандық вакцинаны жаппай егу туралы баяндаманың нәтижесі бойынша Қарар қабылданып, кеңес мүшелерінің қолдауын тапты.
Қоғамдық кеңесте қаралған екінші мәселе – былтырғы облыстық бюджеттің атқарылуы жөнінде қаржы басқармасының басшысы Жасұлан Естенов есептік баяндама жасап, мемлекет қаржысының қалай жұмсалып отырғанын таныстырды. Оның айтуынша, былтыр бюджеттің қаржысы толығымен жұмсалып, көзделген жоспарлар толығымен орындалған. 2020 жылға арналған бюджеттің кіріс және шығыс жоспары 586 347,5 миллион теңге болған. Оның ішінде меншікті облыстық бюджеттің кіріс бөлігінің жоспары жыл басында 494 316,9 миллион теңге болып бекітілсе, жыл ішінде 5 рет нақтыланып, 13 рет түзету енгізілген. Соған орай бюджет көлемі 649 509,2 миллион теңгені құрап, 155 192,3 миллион теңгеге өскен. Осы қаржының ішінде толығымен игерілмегені бар. Атап айтқанда, 688,9 миллион теңге игерілмеген. Игерілмеген сома ҚР Бюджет кодексінің 44-бабының 5 тармағына және 104, 111-баптарына сәйкес республикалық бюджетке қайтарылды.
Оның ішінде 499,4 миллион теңгесі агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қарыздарын кепілдендіру және сақтандыру шеңберінде субсидиялауға берілетін трансферттер бойынша үнемделсе, 90,6 миллион теңгесі «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша ауылдық жерлерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым бойынша жұмыс көлемі болмауына байланысты игерілмеген. Сонымен қатар, 51,1 миллион теңге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясындағы Қарасай ауданы Долан, Жамбыл ауданы Үңгіртас және Сарыбай ауылдарындағы дәрігерлік амбулатория құрылысы, Талдықорған қаласындағы 300 төсектік көпсалалы ауруханаға қабылдау бөлмесіне арналған қосымша құрылыс бойынша қалыптасқан үнемнен артылса, 28,8 миллион теңге әлеуметтік көмек және арнайы әлеуметтік қызметтерді ұсыну, еңбекақы бойынша үнемделген. Қаржының толық игерілмеуі көбіне 99 пайыздың мөлшерінде.
Мысалы, облыстық полиция департаменті 108,9 миллион теңгені игермесе, Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы 104,9 миллион теңге, құрылыс басқармасы 92,8 миллион теңге, Цифрлық технологиялар басқармасы 51,2 миллион теңге, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы 20,6 миллион теңге, білім басқармасы 17,9 миллион теңгені игермеген.
Осындай мәліметтерді келтірген қаржы басқармасының басшысы Жасұлан Естеновтың баяндамасына Қоғамдық кеңес мүшелері қанағаттанарлық деген баға берді.
Мәди ӘСЕТҰЛЫ
Алматы облысы





