Қазақстандық жастар арасында арқа ауруы, көру қабілетінің нашарлауы, созылмалы шаршау, мазасыздық және екінші типті қант диабеті сияқты дерттер жиілеп барады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мамандар денсаулықтың бұзылуын гаджеттерді ұзақ пайдалану, қозғалыстың аздығы, дұрыс тамақтанбау және ақпараттық жүктеменің артуымен тікелей байланыстырады. Аталған мәселе еліміздің болашақ капиталы саналатын жас буынның өмір сапасына елеулі нұқсан келтіріп отыр.
Астана тұрғыны, үшінші курс студенті Әделина Мангалдың айтуынша, әлеуметтік желілер мен интернетті ұзақ пайдалану ұйқының бұзылуына және күнделікті әлсіздікке әкеледі. Ұйықтар алдында телефон қарау әдеті жастардың толыққанды демалуына кедергі жасайды. Осының салдарынан күні бойы шаршаңқы жүру, арқаның ауырсынуы, көздің талуы және ашушаңдық сияқты белгілер қалыпты жағдайға айналған.
Мамандар жастар арасында семіздік пен зат алмасудың бұзылуы белең алып жатқанын алға тартады. Денсаулық сақтау министрлігі ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы басшысының орынбасары Салтанат Назарованың айтуынша, бұрын егде жастағыларға тән деп саналған жоғары қан қысымы мен қант диабеті қазір жас буын арасында жиі анықталады. Ұлттық зерттеулерге сәйкес, Қазақстандағы ересектердің шамамен 59%-ның артық салмағы бар. Ал 5-9 жас аралығындағы әрбір бесінші балада артық салмақ тіркелген. Сонымен қатар соңғы 20 жылда елімізде қант диабетімен ауыратындар саны төрт еседен астам өсті.
Дәрігерлер жастар арасында көру қабілетінің нашарлауын жаһандық сын-қатер ретінде қарастырады. Офтальмохирург Жанель Тұмарбайдың сөзінше, алдағы жылдары әлем халқының жартысына жуығы миопиямен (жақыннан көргіштік) өмір сүруі мүмкін. Гаджет қолданғанда адам сирек жыпылықтайды, соның салдарынан көздің жас қабығы буланып, құрғау, ашыту және көрудің уақытша бұлыңғырлануы байқалады.
Психологиялық тұрғыдан да қысым аз емес. Ақпараттың шамадан тыс көп болуы және оқу жүктемесі жастардың психикалық денсаулығына кері әсер етеді. Психология ғылымдарының кандидаты Яна Чигарькова қазіргі уақытта дүрбелең ұстамалары, мазасыздық және антидепрессант қабылдайтын жастардың көбейгенін айтады. Адам миы мұндай ауқымды ақпарат тасқынын қабылдауға бейімделмегендіктен, жүйке жүйесі сыр береді.
Дәрігерлер бұл қауіптердің басым бөлігінің алдын алуға болатынын айтып, мынадай сындарлы шешімдерді ұсынады:
-
«20-20-20» ережесі: Экранға қараған әрбір 20 минут сайын 20 секунд үзіліс жасап, 20 фут (шамамен 6 метр) қашықтықтағы нысанға қарау керек. Бұл көз бұлшықеттерінің демалуына көмектеседі.
-
Цифрлық детокс: Ұйықтауға 1 сағат қалғанда барлық электронды құрылғыларды өшіру қажет. Бұл мелатонин (ұйқы гормоны) бөлінуін қалпына келтіреді.
-
Белсенді қозғалыс: Күніне кемінде 30-40 минут жаяу жүру немесе жеңіл жаттығулар жасау зат алмасуды жақсартып, артық салмақ пен арқа ауруынан қорғайды.
Өз денсаулығыңызға бүгіннен бастап жауапкершілікпен қараңыз. Дене белсенділігі мен дұрыс ұйқы режимін сақтау – болашақ белсенді өмірдің кепілі.





