Талдықорған: +11°C
$ 510.59
€ 578.91
₽ 6.37
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮНДЕРЕК

ҚАМАЛ БҰЗҒАН ҚАҺАРМАН

06.04.2025
КҮНДЕРЕК
ҚАМАЛ БҰЗҒАН ҚАҺАРМАН

Ел басына күн туған қиын-қыстау заманда батыр бабалар қара қазан, сары баланың қамы үшін ат белінде күн кешті. Сондай ерлердің бірі – Сәмен батыр Дәненұлы. Қазақ жеріне зұлымдықпен басып кірген жоңғарлармен ғұмыр бойы арпалысып өткен қаһарман Күреңбел өңірінде дүниеден өтіп, бүгінде өз атымен аталатын ауыл маңына жерленген. Жақында Арқарлы асуының маңындағы баба зиратына тәу етіп барып қайттық.

Алматы – Талдықорған сайрағынан қарағанда Сәмен тауы қасындағы шоқылардан өзгешеленіп, айдынданып көзге шалынса, оның бер жағындағы Сәмен ауылы тіпті жақын тұрғандай көрінеді. Шағын ауыл шынымен де алыс орналаспаған, үлкен жолдан шамамен бес-алты шақырымдай ғана жерде. 

Бір кезде кәдімгідей үлкен болғаны байқалып тұрған елді мекен уақыт өтіп, кішірейе келе қазіргі кезде жиырмадан астам ғана отбасы тұратын шағын ауылға айналыпты. Әйтсе де жаңа салынған мешіті, шағын дүкені, сылдырап су ағып жатқан бұлағы жақсы жағдай туындай қалғандай болса бұл ауылдың әлі де өсу, өркендеу мүмкіндігінің барлығын айқындайды.  

Елді мекенге жақындаған сайын төбе басына салынған Сәмен баба кесенесі көз тартып, еңселене түскендей сезіледі. Расымен мұндағы қалың зираттың  ішіндегі айшықтысы, еңселісі де осы кесене – есімі бүкіл бір тайпа ел – Дулаттың Ботбай руына ұран болған Сәмен бабаның мазары. 

Ұрпақтары баба рухын асқақтатып, бір кезде тастан қаланған көне ескерткіштің үстіне айшықты кесене орнатып, тұтас бір кешен салған екен. Сәмен баба мұражайынан, батыр рухына тәу етіп келушілер тоқтайтын үйден, Сәмен бұлағынан, бес қаруын асынған сарбаздар мен жануарлар мүсіндерінен тұратын бұл кешен шынымен көз тартады. Айнала түгел қоршалып, төбе басындағы кесенеге бастар жол да талапқа сай жасалынған. Сол жаугершілік замандағы шайқастарда қаза болған жауынгерлер жерленген ескі зират та қоршалып, мал аяғы баспайтындай күйге келтірілген.

Баба кесенесінің маңдайшасына «Бүкіл әлем Алланың қолында» деген айшықты сөйлем жазылыпты. Ең бастысы, бір кездері тастан қаланған көне мазар сол қалпында дерліктей жақсы сақталған. 

– Қоршалмай тұрған кезде мал сүйкеніп дегендей, кесененің төменгі жағының тастары босап, түсе бастаған еді. Сол тұстары ғана қалпына келтірілді. Ал жоғарғы тұсына қаланған тастар, оларды кіріктіріп тұрған саз ерітіндісі, бәрі-бәрі бәз баяғы қалпында сақталған. Кейін ұрпақтары айналасына айшықты тіреулер қойып, оның үстіне күмбез орнатқан болатын. Кейін тіреулерді, сәулет тілімен айтқанда колонналар деуші ме еді, мәрмәрмен қаптап әсемдеп қойды, күмбезін де ауыстырды. Ауыстырылған бұрынғы күмбезін де көріп тұрсыздар, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген кезде осы зираттың маңына қалдырылды, – дейді бізді қарсы алған осы ауылдың тұрғыны, шын мәнінде баба шырақшысы қызметін атқарып жүрген Қанат Диқанбаев. 

Үйі Сәмен баба мемориалдық кешенінің дәл іргесіне орналасқандықтан ол күндізгі кезде де, түнгі мезгілде де кешенге бас-көз болып жүреді екен. Бұл іске деген үлкен жанашырлығы байқалып тұрған азаматтың бастауымен Сәмен батыр музейін де аралап, келушілер тоқтайтын үйді де көріп шықтық. 

Музейге біршама жәдігер жиналыпты. Оның бірқатарын баба ұрпағы, ішкі істер органдарының ардагері, Алматы облысының Құрметті азаматы генерал-лейтенант Алик Шпекбаев әкеліп қойыпты. Батыр рухын ардақтаған Алик Жатқанбайұлы тіпті өз үйіндегі құнды заттарын да осы жерге жеткізіпті. Соған орай көңілімізде «Осынау игі істі баба ұрпақтары, жалпы замандастарымыз жалғастырып әкетсе, шіркін!» деген арманға ұқсас ой туындады. Несі бар, алдағы уақытта жұмыс сәтті жалғасып, құнды жәдігерлері молайып жатса бұл нысанның ресми музей статусын алып қалуы да мүмкін екен. 

Мұндай мүмкіндіктің де барын еске салған Қанат Ақжолтайұлының бастауымен Сәмен бұлағынан да су ішіп, ырым еттік. Жаратқанның кеңшілігімен талай жердің дәмін татып, суын ішіп көріп жүрміз ғой, дегенмен бұл бұлақтың суы өзгеше дәмді көрінді, тіпті таңдайымызға бал татығандай болды. Бұл ойымызды құптаған Қанат замандасымыз осы бұлақтың суын ішіп, жуынған бірнеше адамның ауыр сырқаттарынан айығып кеткенін, бұлақ суының шынында да айрықша қасиеті барлығын әңгімеледі. Айтуынша, қоларбамен келген кішкентай қыз осы маңда аяғынан қаз тұрып жүріп кеткен, талма ауруынан құлантаза айыққан оқиға кездескен. Жақындары айналасын арнайы әкелінген матамен қалқалап тұрғанда үстіне бұлақтың мұздай суын құйып, сырқатынан айыққандарды да көзі көріпті. 

Сондай-сондай әңгімелерді естігенде ойымызға мұндай нығмет, бір шетінен, қиын-қыстау жаугершілік заманда ерлігімен елге танылып, бүкіл бір тайпаның ұранына айналған батыр бабаның қасиеті болса, екінші бір шетінен, киелі жердің қойнауының шипасы, ерекшелігі болар деген ой оралды. Қалай дегенмен киелі бұлақ суының құрамын арнайы зерттеуден өткізген де артықтық етпес деген ойдамыз. 

Осылайша Сәмен батыр зиратына тәу етіп, Сәмен бұлағынан су ішіп, Сәмен қыстауы мен Сәмен мешітіне көз салғаннан кейін Жоламан ауылдық округінің әкіміне жолығып шықтық. Мектепте көп жыл бойы тарих пәнінен сабақ беріп, директорлық қызмет атқарған Азамат Жанаберлиевті ауылдастары өткен жылы әкімдік қызметке сайлап алған екен. 1500-ден астам адам тұратын шағын округте жемісті қызмет атқарып жүрген ол мемориалдық кешенге алыс-жақыннан көп адамның келіп жататынын айтып, аталған нысанның дәйім назарда екенін жеткізді.

– Менің өзім де сол ауылда туып-өскен адаммын. Ауылымыз о бастан Сәмен есімімен аталатын. Тіпті Жоламан ауылы салынбай тұрған кезде де Сәмен ауылы болған, – дейді Азамат Бейсенбайұлы. – Үлкен кісілер бұл жердің ел қорғаған батыр бабамыздың қыстауы болғанын, ол кісінің осы өңірде жоңғарлармен айқасқанын дәйім еске салып отыратын. Ес білгеннен батырдың тастан қаланған зиратын көріп өстік. Басына жеңіл мәшинемен, кейде үлкен автобустармен алыстан кісілер келіп жатады. Жақын маңдағы мектептердің оқушылары да экскурсияға жиі қатынайды. Осы тақырыпта диплом қорғап, ғылыми жұмыстар жазып жүрген жастар да жоқ емес. Түрлі сұрақтармен бізге келіп, өтініш жасайтындар да бар. Оларға мүмкіндігінше көмектесуге тырысамыз.

Шағын ауылда мектеп жоқтығы өз-өзінен түсінікті. Балалар көрші Жоламан ауылындағы мектепке арнайы көлікпен тасылады екен. Қуанышқа орай, ол ауылмен ара да қашық емес. Ел қорғаған батырлардың атымен аталған қос ауыл бір-бірімен іргелес, көршілес орналасқан. 

Ендігі кезекте Сәмен батырдың өмір, ерлік жолдарынан мәлімет бере кетейік. Қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданының Жайсаң ауылы маңында шамамен 1705 жылы дүниеге келген Сәмен он жасында жетім қалып, әкесінің бауырлары Моман мен Жоланның қамқорлығымен өседі. Жаугершілік заманда ерте есейіп, ұрысқа 14 жасынан бастап араласады. Тарихи шығармаларда айтылғандай, кейіндері Төле бидің маңына топтасқан Өтеген мен Қойгелді, Рысбек, Елшібек, Құлан, Тілек сияқты батырлардың қатарынан табылады. 

Жасөспірім Сәменнің жастайынан ерлігімен танылғаны жайында мынадай құнды деректер сақталған: Ботбайдың Сиыршы руынан шыққан Қоқ батыр бастаған бір жорыққа Сәмен де қатысады. Кескілескен шайқаста жоңғарлар басым түсіп, қазақ қолы шегіне бастайды. Сонда Қоқ жанындағы бір жолдасынан: «Өзіме серік болып жау тоқтатар адам бар ма?», – деп сұрайды. Жолдасы көп ойланбастан: «Бір бала тоқтап-тоқтап ұрыс салып келеді. Сол болмаса басқа адамды көре алмай тұрмын», – дейді. 

Қоқ батыр Сәменді шақырып алып: «Өз атыңды ұрандап жауға шауып, жоңғардың бетін қайтар!» деп бұйырады. Тым жас болса да денелі, бес қаруы сай, жүзінен жалын шашып, екі көзі оттай жанып тұрған жасөспірім ойланбастан дұшпан шебіне ат қойып, қалмақтың ту ұстаушысын шауып түсіреді. 

Сол арада шегініп бара жатқан жасағын қайта топтап үлгерген Қоқ батыр да ат қойып, жауды жапырып жібереді. Осылайша қазақ қолы айқын жеңіске жетеді. Сөйтіп Сәменнің батырлығы 14 жасында көрінеді. Мұндай құнды мәліметті ҚР ҰҒА, Орталық ғылыми кітапханасының қазақ әдебиеті, сирек кітаптар және қолжазбалар бөлмі, 833-бума, 5-дәптер, 4-беттен оқуға болады.

Тарихта «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атымен қалған 1723 жыл қазақтар үшін өте ауыр болды. Тұтқиылдан шабуылдаған жоңғар қонтайшыларының тегеурініне шыдамай ауа көшкен елді қорғауда Сәмен батыр бастаған жасақ айрықша табандылық танытты. Олар қорғанып қана қоймай орайы келген жерде қарсы шабуыл да жасап, жоңғарларға күйрете соққы беріп отырды. 

Осылайша жастайынан ерен ерлігімен танылған Сәмен батыр 1726 жылы Ордабасы тауында өткен, бүкіл қазақ елін азаттыққа үндеген ұлы жиынға қазақ қолбасшыларының бірі ретінде қатысады. Ал 1729 жылы Аңырақайда өткен шешуші шайқасқа 2000 адамнан тұратын Дулат – Ботбай қолын бастап барып, тағы да ерекше көзге түседі. Нақтырақ айтатын болсақ, ұрыстың шешуші кезеңінде жоңғарлардың шөгерген түйелерден бірнеше қатар етіп жасаған жанды қорғанынан шұбар айғырымен қарғып өтіп, бірінші кезекте ту ұстаушысын құлатады. Қорған ішінде жанкешті ұрыс жүргізіп, қазақ қолының жеңіске жетуіне үлкен үлес қосады.

Қырғын шайқаста тудың құлауы қай жақтың да жеңілгенін білдіретін басты белгі саналған. Мұндай белгіні байқаған жауынгерлердің сағы сынып, шайқас соңы әдетте жаппай қашуға, жан сауғалауға ұласқан. Соған орай туды сақтауға баса мән беріліп, ол сол кезде атағы шыққан қайратты жас батырларға тапсырылған. Сәмен батырдың бірнеше рет жаудың ту ұстаушысын шауып түсіруінің ерен ерлік саналғаны да сондықтан. Содан кейін де Сүйінбай ақын:  
Бөрілі найза ұстаса,
Түйремей кеткен жан емен,
Бөрілі байрақ құласа,
Күйремей кеткен жан емен…
– деп жыр толғаған.
Аңырақай шайқасының аяғы жақындағанда Төле би Сәмен батырды шақырып алады. Батырлығында мін жоқ екенін байқап, енді ақылын сынап көрмек болады. Сондай оймен: «Соғыстағы ерліктеріңе барлық батырлар, билер, шешендер куә болды. Өзің алты руға қамқор болатын жігіт екенсің», – дейді. Бұған Сәмен батыр: «Алтауы артық болар, төртеуі қанағат емес пе?» деген жауап қайтарады. 

Төле би сол кезде алақанын жайып бес саусағын көрсетеді. Бұл жұмбақты да түсіне қойған батыр: «Басбармағым бас емес пе, төртеуі дұрыс болар», – дейді.
Сонда Төле би батырдың ақылына риза болып: «Атың төрт Ботбай елінің ұраны болсын!» деп қалың елдің алдында бата береді.
Сәмен батыр – Абылай ханның ақылгөйі Бұқар жыраудың:
– Сәменім, ерім, ботбайым,
Екі көзі оттайым,
Тілі өткір тесіп өтер оқтайын.
Ботбайдың қолы тұрғанда,
Көп қалмақтан қорықпаймын… – 
деген жырында сөз болған тұлға. Ол жоңғарлармен болған бүкіл шайқас барысында бір күннің өзінде қаншама рет жекпе-жекке шығып, барлығында жеңіске жеткен қаһарман.

Ботбайлардың өзінің жауынгерлік ұраны «Ботбай». Яғни бабаларымыз ежелден жауға шапқанда осылайша ұрандаған, осы ұраннан күш-қуат алған. Ал жаңағыдай бата берілгеннен кейін болған шайқастарда басты ұранмен қатар Сәмен батыр есімі де қолданылған, бәйге кезінде, басқалай аламан жарыстарда Сәмен баба есімі жалау болған.

Ел ұранына айналған Сәмен бабамыздың он ұлы болыпты. «Өтемістен туған он едік, онымыз атқа мінгенде жер қайысқан қол едік» деп Махамбет ақын айтқандай, ел басына күн туғанда ұлдарының қай-қайсысы да қарап қалмай ұрандап жауға шапқан. Солардың ішінде Қапсалаң мен Текебай, Байсерке үшеуі батыр атанып, ерліктерімен елге әйгілі болған. Қапсалаң мен Текебай соғысқа ертерек араласса, жас Байсерке қалмақтармен болған соңғы шайқастарға ғана қатысыпты. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дегендей, олардың ұрпақтарынан да батырлар көптеп шыққан. 

Сәмен баба ұрпақтарына батырлықпен қатар әулиелік қасиет те қонақтаған деседі. Мәселен, Байсерке батыр көпшілікке болашақты болжай алатын көріпкелдігімен, әулиелігімен танылып, ғасырдан астам ғұмыр кешіпті.  

Осы жерде Сәмен бабамыздың он ұлының есімдерін толықтай атай кеткеніміз жөн болар. Шежіредегі ретпен тізбектесек олардың аты-жөндері Қапсалаң мен Текебай, Қотанбай, Әділбек (Абыз), Жиенбек, Жайтабар, Шағанбұғы, Шалтеке, Байсерке, Төлепберген болып жалғасады. 

Он ұлдың атын атағаннан кейін арпа ішіндегі бір бидай, яғни «омыртқа ішіндегі жұлындаймын,  қыз  да  болсам  әкемнің ұлындаймын» деген Мақпал қыз жайында айтып өтпей болмайды. Арманда кеткен бұл ару Сәмен бабаның жалғыз қызы. Жаугершілік заманда, батыр әкесі мен бауырларының арасында, он ұлдың ортасында өскен Мақпал жауынгерлік рухта тәрбиеленеді. Содан кейін де ол көрші отырған қырғыздар күтпеген жорық жасап, адал малын тартып әкетіп бара жатқанда қарап тұра алмай ағасы Ергеншіге көмектесіп, жортуылшылардың соңына түседі. 

Бұл кезде Сәмен батыр бастаған ер азаматтар қазақ жерін кесіп өтіп, ойрат жұртына бет алып бара жатқан қалмақтармен соғыста жүрген болатын. Өзі жоқ кезде барымташылардан мал мен жанды қорғауды жас батыр Жауғаш Қырбасұлына тапсырып кетеді.  Айналадан қауіп-қатер  күте қоймаған  Жауғаш батыр болса бұл кезде Қопадағы елдің жағдайымен жүріп қалады. Сондай ұрымтал сәтті пайдаланған қырғыздар Арқарлыда отырған батыр ауылының жылқысын айдап кетеді. Адал малына ара түскен батырдың ұлы Ергенші мен қызы Мақпалды өлтіреді. Бақтияр Әбілдаұлы 2001 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында осынау қайғылы жағдайды өлеңмен былай  суреттейді:             
Қайда батыр Жауқашты?! 
Ауылымызды жау басты! 
Ағайын деген қырғыздар 
Жер мен малға жармасты. 
Сарыбағыштан құрықтай 
Есенқұл деген албасты, 
Сәмен батыр жоқ кезде, 
Мақпал қызбен қармасты.
Әтеке жырық қасқырша
Жылқыны айдап ол қашты.
Арқарлының өрінде,
Іленің тоғай жерінде
Қыз да болса Мақпалжан
Адал малын айырып
Есенқұлмен сайысты, 
Қабырғасы қайысты.
Сауыты жоқ, қалқансыз 
Мақпал ару мерт болды, 
Кек алу бізге серт болды.
Қыршын кетті ағасы,
Сәмен ердің баласы».  

Бұл жыр жолдары осынау қайғылы жағдайдан хабар береді.  

Осы жерде мына бір мәселеге де назар аударып өтпей болмайды. Шежіре деректерінің көпшілігінде Сәмен батырдың он ұлы мен жалғыз қызының болғаны айтылып, есімдері тізбектеледі. Ал Мақпал қыз қаза тапқан, қырғыз барымташыларымен Арқарлыда болған шайқаста Ергеншінің (тағы бір тұста Ергеніш делінеді) есімі аталады. Аталғанда да «Қыршын кетті ағасы, Сәмен ердің баласы» деп нақты атап өтіледі. Солай бола тұра сол Арқарлы маңындағы Сәмен ауылында жерленгендердің қатарында Ергенші есімі аталмайды. Шежіре зерттеушілеріміз болашақта бұл мәселеге де назар аударатын болар деген ойдамыз. 

«Батырлар дүрілдеп өткен жер…» деп Мұқағали ақын айтпақшы, жаужүрек бабаларымыз ат ойнатып өткен сайын даламыз бен құба белдеріміздің әр тұтамы қасиетті. Тек сол қасиетті лайықты бағалай білсек болғаны.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Жамбыл ауданы, Самсы ауылындағы Сәмен  батыр  ескерткіші

Қатысты жаңалықтар

Қазақстандық үш боксшы Азия чемпионатының финалына шықты

Қазақстандық үш боксшы Азия чемпионатының финалына шықты

21.05.2025
Президент Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты

Президент Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты

21.05.2025
Тариф көтереміз деп сотталып кетті: Жетісуда пара беру дерегі бойынша сот үкімі шықты

Тариф көтереміз деп сотталып кетті: Жетісуда пара беру дерегі бойынша сот үкімі шықты

21.05.2025
Жетісу облысына – 3 жыл: мәдениет саласының инфрақұрылымын жаңарту 40% жетті

Жетісу облысына – 3 жыл: мәдениет саласының инфрақұрылымын жаңарту 40% жетті

21.05.2025
«Келешек мектептері»: 200 мыңнан астам ауыл оқушысы заманауи мектептерде білім алуда

«Келешек мектептері»: 200 мыңнан астам ауыл оқушысы заманауи мектептерде білім алуда

21.05.2025

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.