Амал келді, ағайын, амал келді, жылдың басын алты Алаш аман көрді! Хакім Абайша айтқанда, «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» жүретін мереке келді.
Шынында жамағайын айдан аман, жылдан есен шыққан, қыстың қыңыр мінезі қайтқан уақыт бұл. Содан байырғының қазағы осы кезді «Амал» мерекесі деп атайтын. Кеңес заманында ұмытылып, қазақ өз шаңырағын қайта құрып, төрт құбыласын түгендеген сәтте қайта қауышқан салт-санасы ғой. Ара-тұра «Көрісу күні» деп те жүрміз. Кей жұрт ұлтымыздың кеңістігінде бар, Алаш баласының өзге халықта жоқ мерекесін тек Қазақияның батыс өңірлеріне тән көреді. Бірақ, амандығын Алладан ғана сұраған, Қадырша айтқанда «күй шығарып, ән салып, көкпар тартып, қыз қууға жаралған» исі қазақ баласы үшін орны ерек, жөні бөлек мереке.
Шәкәрім Құдайбердіұлының баласы Ахат өз жазбасында: «14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні дейді. Ал Жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл фарсы тілі. «Жаңа күн» деген сөз. Қожа-молдалар «ескі әдетті қалдырамыз» деп, Құрбан, ораза айттарын «Ұлыс күні» дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше Жаңа жыл күнінің аты – Ұлыс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар», – деп жазыпты. Бұл дәйекке қосымша болсын, Мәшһүр Жүсіп «8 күндік наурызнама ескіше 1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы», – деп хат қалдырыпты артына.
Көп жұрт бұл тәмсілдерімізді түсінбей қалған болса тарқатайық, кеңес өкіметі 1918 жылдың 24 қаңтарында «Батыс Еуропа күнтізбесінің Кеңес өкіметіне енгізілуі» туралы декретін қолданысқа енгізді. Сол уақытқа дейін қолданыста болған күнтізбе мен жаңасының арасында 13 күн айырмашылық болды. Нақтылай айтсақ, ескі күнтізбе 1918 жылдың 31 қаңтарында жабылып, келесі күнді 14 ақпаннан бастап санаған. Күллі әлем таныған Омар Хайям да «Наурызнаме» еңбегінде түркілердің Жаңа жылы 14 наурыздан басталатынын нақты көрсеткен. Демек, Амал мерекесі – Наурыздан бөлек құбылыс емес, Наурыздың өзі, Ұлыстың ұлы күнінің бастауы. Көктемнің алғашқы күні! Ал Наурыз – жаңару, кешірім, құрмет көрсету, тазару сынды ұғымдарды аясына сыйдырып тұрған мереке. Амал немесе көрісу сол мерекенің айнымас бөлшегі. Табиғатпен біте қайнасып тіршілік етіп келген баба жұрт осы күні ағайынмен құшақтасып көрісіп, амандық сұрасуы асыл дініміздің де тұрмысымызда аса жоғары тұратынын аңғартса керек. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде бір-біріне сәлем берген екі адамға сауап жазылатыны, бірінші сәлем берген адамға көбірек сауап болатыны айтылған. Ендеше, Амал – қазақы салт-сана мен иманды біріктірген мереке.
Қыстан қымтырылмай қуатты шыққан ел тәубе мен тілек айтатын, алты Алашты бауырмал ете түсетін, өткенін кешіріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын Амал мерекесі құтты болсын! Жаңа жасыңызбен, данышпан қазақтың жалғасы!
Дастанбек САДЫҚ
Фото: Sputnik / Vladislav Vodnev





