«Балауса» балалар мүйісінің бұл жолғы шығарылымы Алакөл ауданының өнерге құштар, талапты, еңбекқор жеткіншектеріне арналды. Шығармашылыққа жақын, қабілетімен дараланған жас өрендердің туындылары облыстық «Jetisý» газетінде жыл бойы тұрақты жарияланып, оқырман қауымның ықыласына бөленіп келеді.
Бала кезімнен спортты жақсы көремін. Соның ішінде волейболға деген қызығушылығым ерекше. Бұл спорт түрі маған жылдамдығымен, тартысқа толы сәттерімен және командалық бірлігімен ұнайды.
Жетісуда волейбол спорты өте жақсы дамыған. Оның басты себептерінің бірі – Талдықорған қаласында ашылған Волейбол орталығы. Бұл орталықта көптеген талантты спортшы жаттығып, үлкен жетістікке жетіп жүр. Әсіресе, сол жерде жаттығатын әпкелерімнің жетістіктері мені қатты шабыттандырады. Олар талай жарыста жеңіске жетіп, ел намысын абыроймен қорғап келеді. Биыл да жоғары нәтижелер көрсетіп, жеңімпаз атанды.
Олардың ойындарын көрген сайын өзімнің де болашағымды волейболмен байланыстырамын. Себебі спорт адамды тәртіпке, еңбекқорлыққа және төзімділікке тәрбиелейді. Волейбол алаңында әр ойыншы өз командасы үшін жауапкершілік алып, ортақ жеңіске бірге ұмтылады.
Ең үлкен арманым – сол әпкелерімнің қатарына қосылып, кәсіби волейболшы атану. Болашақта республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, туған жерімнің және елімнің абыройын асқақтатқым келеді. Ол үшін бүгіннен бастап аянбай жаттығып, өз мақсатым үшін еңбек етуге дайынмын.
Әмина БОЛЫСБЕК,
Жанама қазақ орта мектебінің оқушысы
Кішкентайымнан Алакөлдің жағасында өстім. Көлдің толқыны мен үшін ерекше. Сондықтан судағы спорт түрлеріне қызығушылығым ерте оянды. Біраз уақыт жинаған қаражатыма және ата-анамның қолдауымен 70 мың теңгеге каяк-қайық сатып алдым. Қазір сол қайығымды көл жағасына келген демалушыларға жалға беремін.
Жаз мезгілі басталысымен Алакөлге келетін туристер саны көбейді. Әсіресе биыл көл жағасы бұрынғыдан да қызу. Еліміздің әр өңірінен келген қонақтар көлдің шипалы суына түсіп, табиғат аясында тынығуда. Олардың арасында каякпен серуендегісі келетіндер көп. Мен қайықты қалай пайдалану керектігін түсіндіріп, қауіпсіздік ережелерін айтып беремін. Құтқару кеудешелерін де дайындап қоямын.
Бұл жұмыс маған тек ақша табуға ғана емес, адамдармен тіл табысуға, жауапкершілікті сезінуге үйретіп жүр. Әр күн сайын жаңа адамдармен танысып, олардың Алакөл туралы жақсы пікірлерін естимін. Кейде туристер менің жасымды сұрап таңғалады. «11 жаста болсаң да еңбек етіп жүр екенсің» деп ризашылық білдіреді.
Жазғы демалысымды осылай тиімді өткізіп жүрмін. Бір жағынан еңбек етіп табыс тапсам, екінші жағынан сүйікті Алакөлімді келген қонақтарға таныстырамын. Болашақта қайық санын көбейтіп, су туризмімен айналысатын кәсіпкер болғым келеді.
Алакөлдің көгілдір толқындары мені әрдайым алға жетелейді.
Бекарыс АРМАН,
Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің оқушысы
Медет ЖҰМАБАЙ





