Бүгін Ақсу ауданы, Жансүгіров ауылының №3 сайлау учаскесінде «Ақсу қант» ЖШС-нің 50 қызметкері дауыс беруге қатысты.
Солардың бірі – кәсіпорын басшысы орынбасары Бейбіт Тұрарбайұлы Ол сайлауға қатысу әр азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігін білдіретінін атап өтті.
«Мен үшін дауыс беру – өз азаматтық ұстанымымды білдірудің маңызды мүмкіндігі. Әр азамат өзінің таңдауын жасап, елдің болашағына бейжай қарамауы керек деп ойлаймын. Сондықтан бүгін әріптестеріммен бірге сайлау учаскесіне келіп, өз дауысымды бердім», – деді ол.
Оның айтуынша, елдің дамуы мен тұрақтылығы әр азаматтың белсенділігіне тікелей байланысты.
«Біз еңбек ететін кәсіпорынның да, ауданымыздың да, тұтас еліміздің де болашағы өзіміздің бүгінгі таңдауымызға байланысты. Сондықтан әр азамат өз құқығын пайдаланып, сайлауға белсенді қатысқаны дұрыс», – деп өз пікірін білдірді кәсіпорын қызметкері.
Айта кетейік, Жансүгіров ауылындағы №3 сайлау учаскесінде «Ақсу қант» ЖШС ұжымының 50 қызметкері дауыс берді.
«Жетісу-Ақпарат»





