Бүгінде көше кезіп, иесіз босып жүрген қаңғыбас ит пен мысық тұрғындар үшін қауіп тудырып отыр. Олар алдымен жұқпалы ауруларды тасымалдаушы болса, құтыру белгілері байқалған жағдайда адамға шабуылдайды. Мұның салдары кейде кісі өліміне апаруы да мүмкін.
Жалпы қаңғыбас ит пен мысық көбінесе асыраушысы жоқ болғаннан немесе иесін жоғалтып, адасып қалғаннан болып жатады. Әрине, мұндай иесіз жүрген ит, мысық әр жерді паналап, күл-қоқыстың арасындағы түрлі қалдықтармен қоректеніп, күн көреді. Осыдан кейін үй жануарының ағзасында жұқпалы аурулар туындайды.
Соңғы уақытта қаңғыбас иттердің қатысуымен болған талай келеңсіз оқиғалардан әлеуметтік желі арқылы хабардармыз. Оның ішінде, әсіресе, балалардың бұралқы иттен зардап шеккенін естіп, көріп те жүрміз. Сарқан ауданының орталығында да тобымен босып жүрген ит қарасы аз емес. Иесіз аш жүрген иттер бала тұрмақ ересек адамдарға да қауіп төндіруде. Үлкен-кішінің қаңғыбас иттердің зардабынан еркін жүріп-тұруы қиынға соғып барады. Осыны естіген қала тұрғындары мектеп жасындағы балалар үшін уайымдап, аман-есен келуін тілеп, сабақ бітісімен алдынан күтіп алуды жөн көріп жүр. Тиісті орындар жоспарлы түрде шара қолданғанымен, шындығын айтқанда бұған бір жағынан иттің иелері де кінәлі сияқты. Кішкентай күшік кезінен асырап, кейіннен қажетсіз зат сияқты көшеге жібере салады.
Үй жануарларын ұстау бойынша тиісті талаптар мен ережелер де қарастырылған. Олардың негізгілері бойынша, жануарды асырап, бағып күткен соң, ит, мысық адамның жауапкершілігінде болады. Яғни жануардың қоршаған ортаға зиян келтіруіне жол бермеу үшін ветеринарлық-санитарлық қағидаларды сақтап, оларға уақытылы жағдай жасалуы тиіс. Ал көп жағдайда бұл талаптардың орындалмай жататыны қынжылтады. Соның салдарынан қаңғыбас ит, мысықтар қоғамға қауіп төндіреді. Оларды қараусыз қаңғытып жіберу қылмыспен парапар. Ал оқыс оқиға орын алса, кінәліні басқа жақтан іздейтініміз тағы бар.
Сондықтан аудан, қала тұрғындары асыраған ит, мысыққа деген жауапкершілігін басты назарға алып, үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бұзбай, жоғары жауапкершілікпен қараған дұрыс болар еді.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы
Фото: www.9111.ru





