Қашанда қасиетті орындарға ерекше қастерленетін табиғи-мәдени мұра, зайырлы және діни сәулет ескерткіштері, кесенелер, сондай-ақ, халықтың жадында өшпес із қалдырған тарихи және саяси оқиғалармен байланысты орындар кіреді. 2017 жылы қолға алынған «Қазақстанның қасиетті орындарының географиясы» жобасы аясында облыс бойынша жалпыұлттық объектілер тізіміне 17, өңірлік объектілер тізіміне іріктеліп 41 нысан енгізілген. 2018 жылы киелі нысандар бойынша «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы 2 томдық кітап дайындап, алғашқы нұсқасы шықты. 2019 жылы аталған тізім тағы да толықтырылып, қасиетті орындар қатарына енгізу үшін қосымша 12 нысан ұсынылып, оның тоғызы қосымша тізімге алынған болатын.
Өткен жылы Жетісу облысы өз алдына шаңырақ көтеріп шыққаннан кейін Жетісу облысының тарихи, мәдени мұраларды қорғау жөніндегі орталығына салмақты міндеттер жүктелді. Сонымен Жетісу облысындағы қасиетті нысандардың тізімін толықтыру мақсатында ауқымды жоба қолға алынып, биыл Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталығы мен «Жетісу» өлкетанушылар орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жетісу – киелі мекен» экспедициясы 1–3 қараша күндері Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарын, 15-17 қараша күндері Кербұлақ, Панфилов аудандарын аралап, ондағы тарихи орындар, кесенелер, қасиетті жерлерді тексеріп, ауыл ақсақалдары, өңірдің тарихын зерделеп жүрген қаламгерлермен сұхбаттасып, аңыз-әңгімелер мен деректер жинады. Экспедиция құрамында Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталығының мамандары мен «Жетісу» өлкетанушылар орталығы» қоғамдық бірлестігінің тарихшы, археолог, өлкетанушы және географтары болды.
Экспедиция барысында Ақсу ауданы, Баласаз ауылының іргесіндегі Омар-Әлхан төре кесенесі, Сарқан ауданына қарасты Базарбай би кесенесі, Алакөл ауданының аумағында орналасқан Борша қырғыны болған орын, Тоқболат батыр, Қарға батыр, Ермырза батыр, Қандығатай әулие, Сыбанбай би, Шағырай әулие, Тоқта тауының бөктеріндегі қазақ-жоңғар ортасында соңғы шайқас болған жерлер зерттеушілердің назарын аударды. Жалпы, 3 күнге жоспарланған экспедиция барысында 20-дан астам нысан қарастырылды. Кербұлақ ауданына қарасты Шиырбай бастаулары, Тезек төре кесенесі, Нұрым ауылының іргесіндегі Бердіқожа қажы күмбезіне тоқтап, зерделеу жүргізді. Сондай-ақ, Шоқан Уәлихановтың ескерткішіне тәу етіп, қайтадан жаңғырту жұмысы жүргізілген Шоқан Уәлихановтың мемориалды музейінде болды. Сол барыста Тезек төренің ұрпағы Азамат Ақылбеков, Бердіқожа қажының ұрпағы Нұрлан Берікұлынан тың деректер мен ақпараттарды жазып алды. Сондай-ақ, Панфилов ауданы, Қоңырөлең ауылы аумағындағы Найзатапқан минералды су көзі мен Шормақ батыр кесенесіне тәу етіп, Ынталы қорымын көрді. Талды ауылдық округіне қарасты Құрашы сайының басында орналасқан Ақкүмбез қорымы, Сақ обалары, Қожбанбет би кесенесі, Көктал ауылдың округіндегі Салпық би кесенесі, Бірлік ауылдық округіне қарасты Шежін қорымы, Шойнақ батыр кесенесі қатарлы нысандарды тексеріп, жергілікті тұрғындар және тарихи тұлғалардың ұрпақтарынан естеліктер жиналып, өлкетанушы Қали Ибрайымжанов пен Айдаржан Нүсіпов, Тоқтасын Сатыбалдиевтардан сауалнама алынды.
Экспедиция аясында жинақталған ақпараттар комиссия мүшелері арасында қаралып, қорытындысы С. Сейфуллин атындағы облыстық кітапханада өткен «Жетісудың қасиетті жерлері» атты конференцияда шықты. Сонымен қатар, экспедиция барысынан жинақталған кітаптың таныстырылымы өтті. Комиссия мүшелерінің шешімімен Ақсу ауданынан 100 оба, Қыз бейіті қорымы, Алакөл ауданынан Қос келіншек ескерткіші мен Тоқта тауындағы соңғы шайқас болған жер, Кербұлақ ауданындағы Төре қорымы, Панфилов ауданындағы Ақкүмбез қорымы республикалық қасиетті нысандар тізіміне, тағы да 20 нысан өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енгізілді.
Алдағы уақытта республикалық және өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енгендер жұртқа насихатталып, оны қорғау мен ел игілігіне айналдырудың жобалары атқарылатын болады.
Қажет АНДАС





