Бүгін «ӘDILET» партиясының Жетісу облыстық штабы «Көгер ЛТД» серіктестігі ұжымымен кездесті. Кездесу ашық диалог алаңына айналды. Штаб өкілдері еңбек ұжымын толғандырған мәселелерін тыңдап, оны тиімді шешу жолын көрсетті.
«Көгер ЛТД» ЖШС – Жетісу облысы, Талдықорған қаласында орналасқан ірі құс фабрикасы. Кәсіпорын жылына 350 миллионнан астам жұмыртқа өндіріп, тауық еті мен жұмыртқа ұнтағын шығарады. Аталмыш өндіріс орыны инновациялық жолды таңдаудың арқасында тауық жұмыртқасы өндірісінің көлемін анағұрлым арттырып қана қоймай, жұмыртқа бағытындағы тауық тұқымын өсіру мен көбейту жөніндегі еліміздегі бірден-бір асылтұқымды шаруашылық атанған.
Кездесу барысында қатысушылар мемлекеттік қызмет көрсету мен басқару үдерістерінде цифрлық технологияларды қолдану, сот және құқық қорғау жүйесін жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерін талқылады. Сондай-ақ мемлекеттік институттардың тиімділігі, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға қатысты пікірлер айтылды.
Жиында жаңа Конституцияда көрініс тапқан негізгі қағидаттарға да назар аударылды. Атап айтқанда, заң үстемдігі, қоғамдық жауапкершілік, қоршаған ортаны қорғау, білім, ғылым, мәдениет және инновация салаларын дамыту мәселелері сөз болды.
Қатысушылар аталған бағыттардың мемлекеттік басқару жүйесі мен қоғамның дамуына ықпалы жөнінде ой бөлісті.
Кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасты. Еңбек ұжымы өкілдері өздерін қызықтырған мәселелер бойынша сауалдарын қойып, пікірлерін білдірді. Өз кезегінде кездесу ұйымдастырушылары көтерілген мәселелердің назарға алынатынын жеткізді.
Іс-шара ашық пікір алмасу жағдайында өтіп, қатысушылардың өзекті мәселелер бойынша көзқарастарын ортаға салуына мүмкіндік берді.





