Қоңыр күз шаруалар үшін қызу еңбектің мезгілі. Әсіресе жер емген кәсіп иелері қыс түсіп кетпей өнімді шашаусыз жинап алуға күш салады. Дәл осындай дүбірдің ортасында жүрген ел аузында «Әулиелер мекені» атанып кеткен. Қаратал ауданының диқандары бел жазбай жұмыс істеуде. Осы орайда еңбек адамдары мен ауданның тыныс-тіршілігін білуге жолға шыққан тілшілер Үштөбе қаласын бетке алды. Ең бірінші аудан әкімі Ұлан Досымбековпен жолығып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жайында аз-кем әңгіме қозғады.
– Ұлан Әлдибекұлы, сіз басқарып отырған аудан түгін тартсаң майы шығатын құнарлы өлке. Осы тұрғыда ауылшаруашылығы жұмыстары биыл қалай орындалды?
– Аудан бойынша 831 гектар жерге қант қызылшасы себілген, қазіргі кезде 37 шаруа қожалығы қызылша жинау жұмыстарын жүргізуде. 340 гектар алқап жиналып, алынған өнім 16 703 тонна. Гектарына 492 центнерден айналып, Көксу қант зауытына өткізілуде. Қазу жұмыстары бекітілген кесте бойынша 25 қазан күні басталды. Енді қалған 491 гектардан түсетін өнім қараша айының 20-нан бастап зауытқа аттанады. Одан бөлек, дәнді дақылдарымыз да жоспардан жоғары орындалды. Құрғақшылық қысқанымен шаруалардың биылғы өнімі ойдағыдай.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауданға инвестиция тарту мәселесі қалай жүріп жатыр?
– Аудан экономикасын көтерудің негізгі көзі – инвестиция. Бұл тұрғыда ауданымыз артта қалып отырған жоқ. Мәселен, облыс құрылғаннан бері ауданға 68,8 млрд. теңге инвестиция құйылды. Оның 26,7 млрд. теңгесі жекеменшікке тиесілі. 2022-2024 жылдары жалпы құны 8,6 млрд. теңге болатын 18 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 300-ден астам жұмыс орны құрылды. 2025-2027 жылдарға арналған жалпы инвестициялық пул 3,4 млрд. теңге көлеміндегі 4 жобаны қамтиды. Нәтижесінде 55-тен астам жаңа жұмыс орны құрылады. Бүгінгі күні 1 млрд. теңгеге 8 коммерциялық нысан іске қосылып, 30 адам жұмыспен қамтылды. Мұның сыртында екі жеке инвестор ауданда үлкен шаруашылық ашпақшы. Бірі – дуадақ тұқымын өсірмекші, екіншісі – әулиекөл тұқымды ірі қара өсіруді жүзеге асырмақ. Қазіргі уақытта жердің сараптамалық жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта тың жобаның жетістігіне куә боламыз.
– Аграрлы аймақ болғасын жер мәселесінің туындайтыны белгілі. Бұл да Президенттің нақты тапсырмасының бірі. Шаруалар жерге қол жеткізіп отыр ма?
– Пайдаланылмай жатқан жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары өте қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, 2022-2025 жылдар аралығында жалпы көлемі 87 мың 279 гектар жер қайтарылды. Биыл 17,4 мың гектар жер мемлекет меншігіне алынды. Қайтарылған 42,2 мың гектар конкурс арқылы шаруаларға берілді. Қалғаны ауылдық елді мекендерге мал жайылымы ретінде бекітілді.
– Әлеуметтік салаға қалай көңіл бөлініп жатыр?
– Биыл ауданда әлеуметтік нысан көптеп салынды. Ең бірінші, денсаулық сақтау саласын алайық. Аудандық орталық аурухананың А, Б, В корпустары күрделі жөндеуден өтті. Демеушілер есебінен Үштөбе қаласында 1 дәрігерлік амбулатория салынды. Жыл аяғына дейін тағы 4 нысан қолданысқа беріледі. Ал мәдениет саласында бір Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтсе, 4 жаңа нысан бой көтерді. Нақтырақ айтқанда Үштөбе қаласында аудандық өлкетану мұражайы, Кәлпе ауылында Мәдениет үйі, Ескелді, Жаңаталап ауылдарында блокты-модульді мәдениет ошақтары бой көтерді. Жыл аяғына дейін тағы 3 нысанды беруді жоспарлап отырмыз. Спорт саласында 8 спорт нысаны салынды. Қосымша 5 спорт кешені қолданысқа беріледі. Оның екеуі демеушілер есебінен.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Ришад Тұрғанбай
25 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ
Қаратал ауданына сапар барысында соңғы 3 жылда 125 үй салынып, ел игілігіне берілген Үштөбе қаласындағы «Көкдала» шағынауданын аралап, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігімен таныстық.
Шағынауданды аралау кезінде қарасаң көз тоятын бірнеше жұмыстың куәсі болдық. Дәулетіне сәулеті сай шағынаудан ауызсу, электр жарығы және кәріз жүйесімен толық қамтылыпты. Көшелерге тротуар салынып, жарық шамдары орнатылған. Баскетбол, футбол мен балаларға арналған ойын алаңдары да бар. Байланыс және интернет желісі де қолжетімді. Жыл соңына дейін тағы 25 үйдің құрылысы аяқталмақ. Былтыр берілген үй 70 шаршы метр болса, биыл 80 шаршы метрді құрайды.
– Мамыр айында 25 үйдің құрылысын бастадық. 10 күндік жұмыс қана қалды. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жасалып, көмірмен жанатын пеш қойылып жатыр. Ішкі жұмыстарға 40-қа жуық адам жұмылдырылды, – дейді құрылыс учаскесінің басшысы Мейірімхан Әуезханұлы.
Айта кетейік, «Көкдалаға» жалпы 5 мың, биыл 200 түп ағаш егіліпті. Әр ағаш тамшылатып суару әдісі арқылы суарылады. Сондай-ақ шағынауданда газ тарту жұмыстары да жүргізілуде.
ЭКСПОРТҚА ШЫҒАРАДЫ
Ауданда ауылшаруашылығымен қоса өндіріс те өркендеп келеді. Кәсібін дөңгелентіп, өнімін шетелге өткізіп отырғандардың бірі – металл бұйымдарын жасайтын «Прогресс СМ» ЖШС.
Бастөбе ауылында орналасқан зауытта пластик терезелер мен есіктерге, гипсокартонды орнатуға арналған мырышталған профильдер, шатыр мен қоршауға арналған металл шығарылады. 1997 жылы құрылған кәсіп- орында 15 адам жұмыс істейді. Олар жылына 2000 тонна өнім өндіреді. Дайын металл, ауданнан бөлек, Алматы мен Талдықорған қалаларына сатылып, Тәжікстан Республикасына экспортталады.
Мекеме басшысы Артур Кимнің айтуынша, зауыттың бір ерекшелігі – металлдар Кеңес дәуіріндегі құрылғылармен жасалады.
– Заман дамып, түрлі аппарат шықса да біз Кеңес дәуірінен сақталып қалған құрылғылармен жұмыс істейміз. Бұдан шығын да аз, біз жасайтын металлдың сапасы да жақсы болып шығады. Бәлкім, сондықтан болар, біздің тауарлар сұранысқа ие, – дейді кәсіпорын басшысы.
Кәсіпорын басшысы алдағы уақытта өнім сапасын арттырып, өзге елдермен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді көздейтінін айтты.





