Жетісуда географиялық орналасуына байланысты су тасқыны кезеңі екі толқынмен өтеді. Сондықтан тасқынның алдын алу мақсатында аймақтағы өзендердің жағалаулары нығайтылып, бөгет салынып, тоспалар бекітілді. Бүгінге жағдай тұрақты.
Аймақта «Көктем–2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтіп, уақытылы қабылданған шаралардың нәтижесінде еріген қар, жаңбыр сулары транзиттік режимде су бұру арналары арқылы ағып, елді мекендерде су басу тіркелмеді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Ринат Тазабеков:
– Бірінші толқын ақпанның үшінші онкүндігінен бастап сәуірдің бірінші онкүндігіне дейін, екінші толқыны сәуірдің үшінші онкүндігінен маусымның үшінші онкүндігінің ортасына дейін жалғасады. Жалпы, су тасқыны жағдайын 57 гидропост бақылайды. Олар күнделікті облыстың гидрологиялық ахуалы бойынша ақпарат береді. Облыс аумағында 30-дан астам өзен бар. Барлық өзендер Жетісу–Алатау тау жотасынан бастау алады. Өзен арналары ашық, мұз қату жоқ, кептеліс байқалмайды, судың деңгейі мен лайлануы көпжылдық нормаларға сәйкес. Сонымен қатар, департамент күн сайын су қоймаларын толтыру бойынша ГТҚ иелерімен ақпарат алмасады. Су қоймалар толуының орташа көрсеткіші 63% құрайды, – деді.
Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының мәліметінше, биыл су тасқыны қаупі бар 2 өзенге жағалауды нығайту, түбін тереңдету жұмыстары және 3 магистральді каналды жөндеу жоспарлануда. Облыс бойынша су тасқынына бейім 47 елді мекеннің 44-інде қауіп сейілді. Қалған 3 елді мекенде (Малайсары, Қоңырөлең, Сүптай ауылдары) жұмыс жоспарланған мерзімге сәйкес жүргізілуде. Сондай-ақ, қоғамдық тамақтандыру ұйымдарымен 74 шарт жасалып, 235 эвакуациялық пункт дайындалды. 3 258 жеке құрам, 797 бірлік техника, 189 мотопомпа, 28 бірлік жүзу құралы және 134 қорғаныс киімі тас түйін даяр.
Тасқынға тосқын қажет. Облыс әкімі су тасқыны жағдайын болжау мен талдауға мүмкіндік беретін мұндай мониторингілеу жұмыстарын жүйелі жүргізу керектігін айтып, су тасқыны қаупінің алдын алуды қамтамасыз етудің кешенді шараларын күшейтуді тапсырды.
Айдар ҚАЛИЕВ
Фото: gov.kz