Генерал Серік Күдебаев қаза тапқан полицейдің анасымен тікелей эфирде сөйлесті. Бұл туралы Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Бүгін әлеуметтік желі арқылы халықпен онлайн кездескен Алматы облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Серік Күдебаевқа қызмет барысында қаза тапқан полиция полковнигі Айдын Асқарбаевтың анасы қоңырау шалды. Бір қылмыстық істің тергелуіне қатысты хабарласқан қарт анаға көңіл айтқан бас полицей «өз ісінің кәсіби шебері, нағыз патриот» бала тәрбиелегені үшін алғысын білдірді.
— Полиция полковнигі Айдын Асқарбаев өз саласында білікті маман болған. Әртүрлі бөлімшелерде басшылық қызметте болған ол үздік нәтижелерге қол жеткізуші еді. Өкінішке қарай, қызмет жолында көлік апатынан қайтыс болды. Біз оны ұмытпаймыз, құрмет тұтамыз! — деді Алматы облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Серік Күдебаев.
Естеріңізге сала кетейік, Алакөл ауданы полиция бөлімінің бастығы Айдын Асқарбаев 2016 жылы көлік апатынан қайтыс болған еді. Оның жарқын бейнесін есінен шығармаған әріптестері оның жолдасы Үмітке биыл «Офицер жұбайы» медалін таққан. Қызметтік міндетін атқару кезінде қайтыс болған қызметкерлердің отбасына полиция департаментінің тарапынан үнемі көңіл бөлінетінін атап өту қажет.
Тікелей эфирде тілдескен соң полиция басшысы кейуананың мәселесін өз бақылауына алатынын айтып, қол астындағыларға тиісті тапсырма берді.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





