Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық сот судьясы Бақыт Нұрмұхановты осы орган төрағасының орынбасары қызметіне қайта тағайындады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бақыт Нұрмұханов 1979 жылғы 13 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында дүниеге келген. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Заң ғылымдарының кандидаты.
Ол конституциялық бақылау саласында 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Нұрмұханов еңбек жолын 2003 жылы Конституциялық кеңестің құқықтық бөлімінде кеңесші болып бастап, кейін аппарат басшысы қызметіне дейін көтерілген.
2008-2017 жылдары Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясымен байланыс жөніндегі қызметкер міндетін атқарды.
2023 жылғы қаңтарда Конституциялық кеңес Конституциялық сот болып қайта құрылған кезде Бақыт Нұрмұханов осы органның судьясы болып тағайындалды. Сол жылы ол Конституциялық сот төрағасының орынбасары қызметіне де бекітілді.
Нұрмұханов бұл қызметті 2026 жылғы қыркүйекке дейін атқарып, кейін Конституциялық сот судьясы қызметіне ауысқан. Енді Президент оны төраға орынбасары қызметіне қайта тағайындады.
Бақыт Нұрмұханов Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның құрамында да жұмыс істеген. «Құрмет» орденімен марапатталған.





