2-4 сынып оқушыларының білімін бағалау тәсілдері түбегейлі жаңарып жатыр. Қазақстан мектептерінде бұған дейін қолданылған тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) жойылып, оның орнына аралық бағалау мен формативті қолдаудың жаңа форматы енгізіледі, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Павлодар қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы инновациялық үлгідегі мектептің педагог-шебері Жанар Жақсылықова бастауыш мектептегі бұл қадамның негізгі ерекшеліктерін түсіндірді. Маманның айтуынша, критериалды жүйе негізі сақталғанымен, сабақ беру мен оқушы еңбегін саралау амалдары айтарлықтай өзгереді.
Өзгерістің үш басты бағыты:
-
Формативті бағалау күшейтіледі: Оқушының әр тапсырмасы назардан тыс қалмайды. Мұғалім тоқсан бойы баланың даму динамикасын бақылап, білімдегі олқылықтарды дер кезінде түзеп отырады.
-
Аралық бағалау түрленеді: Құрғақ тест немесе бақылаумен шектелмей, диктант, мазмұндама, практикалық, жобалық әрі зерттеу жұмыстары жиілемек. Бұл баланың сыни ойлау, ақпаратпен жұмыс істеу дағдысын ұштайды.
-
Педагогтің кәсіби дербестігі артады: Мұғалім сабақ беру тәсілін өз сыныбындағы балалардың қажеттілігіне қарай бейімдеп, тапсырмаларды өз бетінше саралай алады.
Сонымен қатар бұған дейін бал қойылмай келген «Цифрлық сауаттылық», «Музыка», «Бейнелеу өнері», «Көркем еңбек» және «Дене шынықтыру» пәндері бойынша да формативті бағалау жүргізіле бастайды. Бұл оқушылардың өнер, спорт және технология саласындағы жеке жетістіктерінің де ескерілуіне жол ашады.
Бастауыш сыныптардағы жаңа Бағалау жүйесі оқушыны жазалау үшін емес, оның күнделікті өсуін қолдау үшін жасалған. Оқу-ағарту министрлігі бұл қадамға ата-аналардың өтініші мен сарапшылардың ұсынысына сүйеніп отыр. Енді басты назар цифрлық көрсеткішке емес, баланың сапалы білім алуына аударылады.





