Талдықорғанда қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен ұлттық құндылықтарды ұлықтап, атадан балаға мирас болған бата беру дәстүрін дәріптеуге бағытталған тағылымды шара өтті. «Бата – береке бастауы» атты батагөйлер байқауына алдын ала іріктеуден өткен жиырмаға жуық ақсақал қатысып, көпшілік алдында шешендік өнері мен сөз саптау шеберлігін танытты.
Дүбірлі дода барысында қариялар өздерінің батагөйлік қабілетін ортаға салып, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасын жаңғыртты. Байқау шарты бойынша қатысушылар өздерін таныстырып,шығарған төл баталарын айтып, шешендік қабілеттерін сынға салды. Ақсақалдардың әр сөзі салмақты ойға, ақ тілек пен ізгі ниетке үндеп, көпшілікке ерекше әсер қалдырды.
Бірнеше сағатқа созылған тартысты дода нәтижесінде Талдықорған қаласына қарасты Мойнақ ауылының тұрғыны Айқын Қалымжан топ жарып, І орынға ие болды. Жеңімпазға 50 мың теңге көлемінде сыйақы табысталды. ІІ орын қаланың әскери саласының ардагері Асхат Исатаевқа бұйырды. Ал ІІІ орынды Өтенай ауылының ақсақалы Еболған Бектенов пен Талдықорған қаласының тұрғыны Сембек Әбдірахманов өзара бөлісті.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде Жетісу облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт сөз сөйлеп, жүлдегерлерді құттықтады. Ол халқымыздың «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген даналығына тоқталып, батаның жас ұрпақты ізгілікке, адалдық пен адамгершілікке тәрбиелейтін қасиетті дәстүр екенін атап өтті.
Бата – халқымыздың рухани қазынасының бірі. Қарияның ақ тілегі мен өнегелі сөзі кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, ұлттық тәрбиенің өзегін қалыптастырады. Сондықтан мұндай тағылымды шаралардың маңызы зор. Батагөй қариялардың өнегесін насихаттап, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге арналған байқау – рухани сабақтастықты нығайтудың жарқын үлгісі.
Айдын КӘЛІМХАН





