Жаратушы иеміз бізге сансыз нығметтер беріп, асқан мейіріміне бөлеп қойған. Сол нығметтердің ең құндысы – жалындаған жастық шағың мен уақыт және денсаулық. Адам баласы асыл құндылықтардың қадірін біліп, бағалауы қажет. Ал біз сол нығметтің қадіріне жетіп жүрміз бе?
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қиямет күні әрбір құлдан төрт нәрсе сұралмайынша ол тұрған орнынан қозғалмайды. Бірінші, ол өмірін қалай өткізді? Екінші, жас күнгі күш-қайратын қайда жұмсады? Үшінші, ол білген білімінің қайсысына амал қылды? Төртінші, ол несібесін қалай тапты және қайда жұмсады?» – (Бәйхақи) деген хадисі бар. Осы хадистен жастық шақтың қаншалықты қымбат екенін аңғаруға болады.
Ата салтын ұлықтаған, дін мен дәстүрін ұмытпаған дана халқымыз да «Қарттық жетпей тұрып жастық шағыңның қадірін біл», – деп өсиет қылған. Жастық дәурен адам өміріндегі ең маңызды кезең. Қартайғанда ата-аналарымыздың «Баяғы жастық шағым қайта айналып келсе екен» деп өткенін еске алып армандап отыратынын жиі байқаймыз. Бірақ жастық шақ қайтіп келмейтін алтын кезең. Осы күнгі өскелең ұрпақ егде жаста есіңе түсер жастықтың қадіріне жетіп жүр ме?
Мен де Мағжан атамыздың үмітін арқалаған жастардың қатарынанмын. Біздің мақсатымыз – еліміздің адал перзенті болу. Бүгінде тасты жарып шыққан гүл сынды елі үшін еміреніп, адал еңбек етіп жүрген замандастарым жетіп артылады. Алайда, қоғамымыздың көлеңкелі тұстары да бар. Он үшінде отау құрып, он бесінде қолына найза алып жауға аттанған батыр елдің ұрпағы едік. Бүгінде отызында жас болып, қырығында мас болып жүрген кейбір аға буын өкілдерін көріп налитының анық. «Болар бала он алтымда баспын дер, болмас бала жиырма бесте жаспын дер», – дейді. «Қайран жиырма бес» деп, жырлап кеткен бабаларымыз жалынды жасында-ақ артындағы ұрпаққа үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие боларлық мұра қалдырған еді.
Сұқтанып тұрып жанарың,
Сұрыма неге қарадың?
Солай да солай, қарағым,
Отыздан асып барамын, – деп Мұқағали ақын да жастық шағының өтіп бара жатқанына өкініп, келешек жастарға үлгі-өнеге боларлық сөз қалдырды емес пе?!
Адам өміріндегі ең маңызды әрі бағалы тағы екі нығмет – уақыт пен денсаулық. Ол да жалындаған жастық шағыңда болады. Бұл сенің уақытың асып, денсаулығың тасып тұратын мезгілің. Бойыңнан қуатың кеми бастаған сәтте өмірдің өзі өлшеулі екенін сезінесің. Адам болмысы қашанда уақыттың дәргейінде. Сондықтан болар, уақыттың қадір-қасиетін жете түсінген халқымыздың ұғымында «уақыт – емші», «уақыт – төреші» деген сөз тіркестері қалыптасқан.
Ал қазіргі қоғамда аталған құндылықтардың қадірін түсінбей, жастық шағым осы екен деп жалғанды жалпағынан басып жүргендер қаншама?! Уақытын босқа шығындап, өз өміріне өзі балта шауып жатқандарды көріп іштей қынжыласың. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Әрине, тасты жарып шыққан гүл секілді тепсе темір үзетін, елі үшін адал қызмет қылып жүрген жандар жетерлік. Бірақ арзан ойын-күлкіге бой алдырып, уақытын зая кетіріп, ішімдік ішіп, қорқор мен шылым шегіп өз денсаулықтарын өздері құртып жүргендер де бар. Үлкендердің «уақыт пен денсаулығыңның барында оқып, тоқып қал» деген ақылын құлаққа ілмейді. Көбі жастықты осылай өткізу керек екен деген қате ұғымның жетегінде жүр. Осының салдарынан жастық шақтың жарқылы сөніп бара жатқандай. Ең сорақысы, жастар күні-түні телефонға телміріп, құмар ойын ойнап, түнгі клубтардың маңайынан шықпайды. Пайдасыз нәрселерге неліктен әуес екенін сұрасаң: «Уақыт өткізу үшін ғой», – дейді. Сонда өмір бос уақыт өткізу үшін берілген бе?
Пайғамбарымыздың жастарға қарата айтқан хадисінде: «Арзан ойын күлкі мен тән ләззатына құмартпайтын, қызуы мен қызығы мол жалындаған жастық шағыңда нәпсіқұмарлыққа салынбай Хаққа құлдық ұрып өткізуге бекінген жасқа Раббың дән риза болады», – (Табарани) дейді.
Ал Маида сүресінің 90-91-аяттарында «Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, бұтқа табыну, оқпен бал ашып бәсекелесу – шайтан ісі, жиіркенішті қылықтар. Бақытқа жетем дегендер шайтан ісінен аулақ болыңдар. Сол арақ, құмар ойнау арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық-ғадауат тудырады, сендердің намаз оқуларыңа кедергі жасамақ болады. Тәңірді естеріңнен шығаруға тырысады. Арақ пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?», – деп ескертеді.
Иә, мейірімді Алланың шапағатына бөлену үшін нәпсіқұмарлықты тыйғанымыз абзал. Десек те әлі күнге дейін ойын-сауықтан арыла алмаған жастарымыз осы қоғамда баршылық.
Күні-түні жанардың шырағын жағып кітап оқып отыратын өскелең ұрпағымыздың легі де сиреп барады. Жаз жайлауда шопан болып күйбең тіршіліктің қамымен жүрсе де ата-әкелеріміз том-том қылып кітап арқалап жүруші еді. Әр кезекке бір кітаптан әкетіп оқитыны да есімде. Кешкісін оқыған әңгімелерін айтып отыратын. Қазіргі жастар күндіз компьютер, кеш ауа түнгі клубтың маңайынан шығатын емес. Үлкендердің «жас кезіңде өмірдің бәрін көресің, сол үшін оқитын жерде оқып, тоқитын жерде тоқып, ойнайтын жерде ойнап қал» деген ақылын қазіргі буын өкілдері дұрыс қабылдай алмай, жынойнақ би, қорқор, шылым шегіп, ішімдік ішіп «жастықты осылай өткізу керек» деген қате ұғымның жетегінде жүр. Осының салдарынан келешектің іргетасын қалайтын жастық шағың ғайып болмақ.
Жастардың кейбіреуі қара базарда ұялы телефон сатып, жеңіл саудамен айналысып күнін көрсе, енді бірінің самайынан аққан тер жейдесін су ғып, кір-қожалақ болып жүрсе де арба сүйретуді кәсіби меңгеріп алған. Жеңіл саудамен айналысқандардың қасына жолап кетсең болды, ұялы телефонын айтып жұлмалап жаныңды жегідей жеп қояды. Тепсе темір үзетін зіңгіттей жігіттердің қара базар жиегінде телміріп телефон алып сатқанын көріп қынжыласың. Арба итерушілерді «дорогу!» деген дауысынан-ақ танисың. Бұған да халық үйреніп алған. Айғайлап сала берсе болды тым-тырақай қаша жөнеледі. Әйтеуір ауылдан жұмыс іздеп келгенде тапқан кәсібі ғой. Тіпті сол маңайда тұрған көлік жүргізушілер де қит етсе қолына карта алып, бос уақытын құмар ойын ойнаумен өткізуге тырысады. Бір қызығы, арба сүйреткендер де, ұялы телефон сататындар да, құмар ойынға қызыққандар да, жалпы базар жағалап жүретіндердің басым көпшілігі қазақтар. Көше бойында ескі телефон сатқандардың дені жастар. Білім іздер шағында баз кешіп, сол баяғы желкесінен тартқан жалқаулығы мен енжарлығының арқасында жастық шағын өткізіп алмаса игі болар еді. «Қазақтың оқуда кеткен еншісі көп» демекші, жастық шақтың қадірі білімді ұрпақтың қолында.
Ой-өрісің дамитын жігерлі шақта жастық шағыңа, уақыт пен денсаулығыңа салғырт қарасаң, егде жасқа келгенде сан соғып өкінерің анық. Сол үшін уақытымызды босқа өткізбей, денсаулықтың қадірін түсінейік. Бұл қо- ғам – жүрегі иман нұрына толы, білім мен ғылымға қаныққан, еңбегін адал тірнектейтін, үнемі ізденісте жүретін жастарға зәру. Баяғыда бір данышпан: «Қай елдің болашағын болжағың келсе, алдымен жастарын көр, сонда болжауың дұрыс шығады», – деген екен. Өскелең ұрпақ болашаққа апаратын алтын көпір іспетті. Сондықтан да жастардың келешегіне үмітпен қарауымыз қажет.
Алаш атын аспанға,
Шығарар олар бір таңда
Мен жастарға сенемін!, – деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, келешекте жалынды жастарымыздың көбейе түсеріне сенімім мол.
Сондай-ақ, біз кедейлікке ұшырамай тұрып байлықтың, ақтық сәт келмей тұрып өмірдің қадірін білуіміз керек. Бұл жөнінде хадисте: «Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсені бағала: кәрілік жетпей тұрып жастық шақтың қадірін, ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін, кедейлікке ұшырамай тұрып байлықтың қадірін, жұмысбасты болмай тұрып бос уақыттың қадірін, ажал келмей тұрып өмірдің қадірін біл!» – деген (имам Хаким).
Олай болса, айтылған өсиетті темірқазық етіп, қартаймай тұрып жастығымыздың, сырқаттанбай тұрып денсаулығымыздың, қолымыздағы азды-көпті дүниенің, алтыннан қымбат бос уақыттың, бес күн жалғанда қайталанбас өміріміздің қадірін білейік. Бес нығметтің қадіріне жетсек қана ғұмырымыз мағыналы да мәнді болары хақ.
Айдар ҚАЛИЕВ





