Сапалы білім – ел ертеңіне салынған инвестиция. Сондықтан білім беру ин-фрақұрылымын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінеді. Облыста да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасып, жаңа мектептер бой көтеріп, ондаған жыл бойы жөндеу көрмеген білім ошақтары заман талабына сай қайта жаңартылуда. Мұның бәрі өскелең ұрпақтың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына мүмкіндік жасап, аймақтың әлеуметтік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Биыл облыс аумағында жалпы 1 280 орынды бес жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Олар – Кербұлақ ауданының Көксай ауылындағы 60 орынды, Панфилов ауданының Сұптай ауылындағы 120 орынды орта мектептер, Талдықорған қаласындағы 300 орынды «Білім-Инновация» лицей-интернатының жаңа оқу корпусы, Текелі қаласының Рудничный ауылындағы 30 орынды шағын орталығы бар 200 орынды мектеп және Қаратал ауданының Үштөбе қаласындағы 600 орынды орта мектеп. Сонымен қатар 2 430 оқушы орнына арналған үш мектепте күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Оның бірі – Ескелді ауданының Елтай ауылындағы Сейфуллин атындағы орта мектеп.
Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Айдос Күнесбаевтың айтуынша, аймақта жүзеге асырылып жатқан барлық жобаның мақсаты – балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына жағдай жасау. Мектептегі құрылыс пен жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, олардың сапасына тұрақты бақылау жасалуда.
Елтай ауылындағы Сейфуллин атындағы орта мектептің күрделі жөндеуі өткен жылдың мамыр айында басталған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба аясында мектептің шатыры толық ауыстырылып, қасбеті мен ішкі әрлеуі жаңартылды. Сондай-ақ инженерлік жүйелер, электр желілері, өрт қауіпсіздігі, бейнебақылау жүйелері толық жаңғыртылып, мектеп аумағы абаттандырылды.
Мектеп директоры Венера Толымбекованың айтуынша, 1986 жылы пайдалануға берілгеннен бері білім ордасында ауқымды жөндеу жүргізілмеген.
– Өткен оқу жылын 550 оқушымен аяқтадық. Мектебіміз 1470 орынға арналған. Ауылда бала саны өсіп келеді. Қырық жылға жуық уақыт ішінде мектепке күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Биыл білім ордасы толықтай жаңарып, жаңа кейіпке енді. Жаңа оқу жылын осындай заманауи мектепте қарсы алатынымыз біз үшін үлкен қуаныш, – дейді мектеп директоры.
Аймақтағы маңызды әлеуметтік жобалардың бірі – Текелі қаласының Рудничный ауылында салынып жатқан 30 орынды шағын орталығы бар 200 орынды жаңа мектеп. Бұрынғы мектеп ғимараты 1970 жылдары салынған. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде тек терезелері ауыстырылып, күрделі жөндеу көрмеген. Ғимараттың әбден тозуы жаңа мектеп салуды қажет етті.
Бүгінде құрылыс жұмыстарының 98 пайызы аяқталған. Қазір мектеп ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Текелі қалалық №7 мектептің директоры Әсел Жақсыбаева жаңа білім ордасы ауыл тұрғындары үшін көптен күткен игілік екенін айтады.
– Заманауи талаптарға сай білім беруге ескі ғимараттың мүмкіндігі шектеулі болды. Осыны ескерген ел ағалары мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жаңа мектеп салды. Бүгінде ол заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Мектепте 38 мұғалім және 20-ға жуық техникалық қызметкер еңбек етеді. Енді ауылдағы маңызды мәдени-көпшілік және қоғамдық іс-шараның барлығы осы жаңа мектепте өтеді деп жоспарлап отырмыз, – дейді мектеп директоры.
Аймақта жүзеге асырылып жатқан жобалар тек жаңа ғимараттар салумен шектелмейді. Олар ауылдардың әлеуметтік келбетін жаңартып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді. Бастысы, балалардың қауіпсіз, жайлы әрі заман талабына сай жабдықталған мектепте білім алуына жол ашады.
Қажет АНДАС





