Әр уақыттың өзіндік еншісі болады деп ақын көзқарасымен ой сабақтасақ, Парламент пен Сенаттан тұратын биліктің заң шығарушы және атқарушы құрылымдарының ел санасына сіңісті атаулармен қалыптасуы – сол уақыттың жемісі, елдігіміздің жеңісі деп айтар едік. Ең алдымен, мемлекеттік институттардың Жаңа Конституция негізінде қалыптасуы қарапайым халықтан бастап, әр салада ел үшін еңбек етіп жатқан азаматтардың ықыласы мен назарын өзіне аудара алды.
Бүгінде қаламгерлер тарапынан Құрылтай ретінде қалыптасқан билік тұғырынан күтер үміт пен атқарар міндет тұрғысындағы сүбелі пікірлер жазылып, айтылып жатқаны көпке мәлім. Біз бұл орайда бұған дейін де өзінің еркіндігін, дамыған мемлекеттер қатарына қосылу жолында сарабдал саясат ұстанған ел екенін әлемге мойындатқан Тәуелсіз Қазақстанның бағдарын емес, бүгінгі рухани бағытқа басымдық танытқанына қуанғанымызды жасыра алмаймыз.
Ұлттық құрылтайдың басты бағыттарының бірі – ұлттық руханият пен әдебиетті дамыту, ана тілімізді, мәдени мұрамызды дәріптеу. Әдебиет – халықтың тарихи жадын сақтап, ұрпаққа ұлттық құндылықтарды жеткізетін рухани күш. Сондықтан Құрылтай аясында қаламгерлердің қоғамдағы рөлін арттыру, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жас ұрпақты ұлттық әдебиетке баулу мәселелерінің көтерілуі маңызды.
Ұлттық рухы биік, мәдениеті берік қоғам ғана ел болашағын нық қалыптастыра алады. Ендеше, біз өз мемлекетіміздің дамуымен, мызғымас берік институттарымен мақтанамыз әрі болашақтан үлкен үміт күтеміз.
Жангелді Немеребай,
Қазақстан Жазушылар одағының Жетісу облысындағы өкілі





