Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин сиыр етін экспортқа шығаруға енгізілген шектеулердің ел ішіндегі бағаға әсері туралы пікір білдірді. Бұл жөнінде 7-su.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Министрдің айтуынша, қабылданған шешімдер ет бағасының тұрақтануына ықпал етуі тиіс.
Оның сөзінше, экспортқа шектеу енгізу сиыр еті бағасына белгілі бір деңгейде әсер етеді, алайда бұл уақытша әкімшілік шара екенін атап өтті.
Серік Жұманғарин бұл шешімнің ұзақ мерзімді болмайтынын айтты.
Мен болжаммен айналыспаймын. Бірақ сиыр еті бағасын тұрақтандыруға бұл шешім, оның ішінде экспортқа шектеу енгізу, әрине әсер етеді. Бұл әкімшілік шара, және олар ұзақ өмір сүрмейді, – деді министр.
Сондай-ақ вице-премьер келесі жыл мал шаруашылығын белсенді дамыту кезеңі болатынын жеткізді.
Оның айтуынша, соңғы 2 жылда егін шаруашылығына айтарлықтай инвестиция салынған.
Екі жыл бойы біз егін шаруашылығына жақсы инвестиция салдық. Өнім мол болды, несие ресурстары артты, өнім қорғалды. Енді дәл осындай жүйелі жұмыстар мал шаруашылығы саласында жүргізілуі тиіс, – деді Серік Жұманғарин.





