Алакөл ауданының Достық ауылындағы №69 сайлау учаскесінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ Достық станциясы ұжымының 200-ге жуық қызметкері бір мезетте Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысып, өз таңдауларын жасады.
Дауыс беруге қатысқан теміржолшылардың белсенділігі – азаматтардың елдің қоғамдық-саяси өміріне араласуға деген жауапкершілігі мен азаматтық ұстанымының айқын көрінісі.
Достық станциясы – Қазақстанның Қытай Халық Республикасымен шекаралас аумақта орналасқан, елдің халықаралық теміржол қатынасындағы стратегиялық маңызы зор нысандардың бірі. Станция арқылы Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы жүзеге асырылады. Оның еліміздің транзиттік-көліктік әлеуетін арттырудағы және халықаралық көлік дәліздерін дамытудағы рөлі ерекше.
Достық станциясының тарихы Қазақстанның теміржол саласының дамуымен және еліміздің халықаралық көлік-логистикалық жүйеге белсенді кірігуімен тығыз байланысты. Станция жылдар бойы Шығыс пен Батысты жалғайтын маңызды теміржол тораптарының бірі ретінде қалыптасты. Бүгінде мұнда жүк вагондарын қабылдау және жөнелту, теміржол құрамдарын өңдеу, жүк операцияларын ұйымдастыру және шекарааралық тасымалдарға байланысты бірқатар технологиялық жұмыстар атқарылады.
«Достық станциясы» ұжымында 800-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Кәсіби теміржолшылар тәулік бойы станцияның тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, халықаралық және транзиттік жүк қозғалысының үздіксіз жүзеге асуына үлес қосып келеді.
Сайлау күні станция қызметкерлерінің бір мезетте ұйымдасқан түрде дауыс беруі ұжымының азаматтық белсенділігін көрсетіп қана қоймай, ел болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылдауға әр азаматтың үлесі бар екенін айқындай түсті.
«Бір мезетте – бір таңдау, бір мақсат – ел болашағы!» деген ұстаныммен Достық станциясының теміржолшылары Құрылтай депутаттарының сайлауына белсенді қатысты.





