Біз осы дұрыс тамақтанып жүрміз бе? Бірінші байлыққа баланған денсаулығымызға немқұрайлы қарап, салауатты өмір салтын ұстанбасақ, бас ауырып, балтыр сыздап, емхана табалдырығын тоздырып әлекке түсеміз. Ғалымдар денсаулықтың 70 пайызы тікелей тамақтану жүйесіне байланысты деген тұжырымға келген.
Ол аз десеңіз, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы World Health Organization жыл сайын жариялайтын талдауларда дұрыс тамақтанбау мен аз қозғалыстың созылмалы аурулар мен мерзімсіз өлімнің басты себептері екенін көрсетеді. Әсіресе, семіздік, жүрек-қан тамыр аурулары, 2 типті қант диабеті, асқазан-ішек бұзылыстары және липидтік алмасудың бұзылуы – тікелей тағамға байланысты.
ДДСҰ дерегінше, әлемде жыл сайын ластанған тағам мен суға байланысты аурулардан 1,8 млн. адам көз жұмады екен. Санаға салмақ салар сан, әрине, бірақ әр адам өз өміріге жауапты. Сондықтан қауіпсіз тағам дайындаудың өзектілі артып отыр.
Ұзақ өмір сүру мәдениеті ең жоғары елдердің бірі саналатын Жапония дәл осы тамақтану мәдениетіне ерекше мән береді. Жапондардың өмір сүру ұзақтығы әлем бойынша көш бастап келеді, мұның негізгі құпиясы – ұлттық тағам рационының пайдалы болуы. Олар балықты, теңіз өнімдерін, көкөністі, ашытылған тағамдарды көп тұтынып, қант пен тұзды аз пайдаланады. Тағам мөлшері де қатаң бақыланып, «Асқазанды 80 пайызға ғана тойдыр» қағидасын ұстанады. Мемлекеттік саясат та тамақтану мәдениетін қолдауға бағытталған. Мектеп асханаларынан бастап қарттар үйлеріне дейін денсаулыққа пайдалы тағам стандарттары қадағаланады. Ал бізде былдырлап тілі шыққан бала тәттіге үйір.
Салауатты өмір салтын берік ұстанатын тағы бір үлкен мемлекет – Қытай. Онда диетология мен тағам философиясы мыңдаған жылдар бойы дамып, бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. «Адам – жегенінің жемісі» деген қытай қағидасы балабақшадан бастап үйретіледі. Елдегі семіздік деңгейі Еуропамен салыстырғанда әлдеқайда төмен, себебі мемлекет қоғамдық тамақтану орындарына қойылатын талаптарды күшейтіп, фаст-фуд тұтынуды шектейтін ұлттық бағдарламалар әзірлеген. Мұнда да көкөніс, балық, бұршақ тұқымдастар, ашытылған өнімдер және жасыл шай басым. Қытай медицинасы тағамды ем ретінде қабылдайды, әр тағамның ағзадағы мүшеге әсерін ғылыми және дәстүрлік деңгейде түсіндіреді.
Ал Еуропа елдерінде жағдай керісінше. Фаст-фуд, қантталған сусындар, жартылай фабрикаттар мен транс-майлары көп өнімдерді шамадан тыс тұтыну салдарынан семіздік деңгейі күрт өсті. Бұл қауіп әсіресе балалар арасында белең алуда. Денсаулық сақтау ұйымдарының мәліметінше, Батыс Еуропа елдерінде балалардың 30-35 пайызы артық салмақпен күреседі. Қозғалыстың азаюы, компьютер алдында ұзақ отыру, дайын тағамдарды жиі тұтыну – аурулардың асқынып кетуіне әкеліп отыр. Еуропада семіздікпен байланысты 2 типті қант диабеті жасөспірімдер арасында да жиі кездесетін болды.
Қазақстандағы тамақтану мәдениеті де соңғы жылдары айтарлықтай өзгерді. Азық-түлік себетінде қызыл еттің үлесі жоғары – сиыр, қой, жылқы етін мол пайдалану дәстүрден бастау алады. Әрине, қызыл еттің өзіндік пайдасы бар, бірақ ғылыми зерттеулер балық пен құс етінің жүрек-қан тамырларына айтарлықтай оң әсерін дәлелдейді. Балықтағы омега-3 май қышқылдары қан тамырларын жақсартады, ағзаның қабынуын азайтады және когнитивті функцияларды қолдайды. Құс еті жеңіл қорытылады, құрамында қаныққан май өте аз. Сондықтан мамандар аптасына екі-үш рет балық жеуді, кем дегенде екі рет құс етін пайдалануды ұсынады.
Жеміс-жидек пен көкөніс тұтыну көрсеткіші елімізде орташа деңгейде қалып отыр. ДДСҰ адам күніне кемінде 400 грамм көкөніс пен жеміс жеуі керек деп есептейді, алайда көптеген қазақстандықтар бұл норманы сақтамайды. Көкөністі аз жеу іш қату, асқазан қорытуының бұзылуы, ішек микрофлорасының әлсіреуі және витамин жетіспеушілігіне әкеледі. Ал фаст-фудқа тәуелділік жыл сайын артып келеді. Әсіресе жастар арасында гамбургер, хот-дог, қуырылған тауық қанаттары мен тәтті газдалған сусындарды жиі тұтыну семіздік дертіне жол ашады. Одан бөлек, қазіргі адамның көбі компьютер алдында отырып жұмыс жасағандықтан, қозғалыс азайды. Бұл өз кезегінде артық салмақ, омыртқа аурулары, асқазан қышқылының көтерілуі, өттің толып қалуы, бауыр майлануы сияқты кең таралған мәселелерді туындатып отыр.
Дұрыс тамақтану – тек дене салмағын реттеу емес, ағзадағы барлық жүйенің дұрыс жұмыс істеуіне әсер ететін кешенді механизм. «Ауру – астан» деген халық даналығы ғылыми тұрғыда да дәлелденген. Тағам арқылы 200-ден астам ауру таралады. Сол себепті қауіпсіз тағам дайындау принциптерін қатаң сақтау қажет. ДДСҰ қауіпсіз тағамның 5 қағидасын ұсынады: тазалық сақтау, шикі мен пісірілгенді бөлек ұстау, жақсылап термиялық өңдеу, тағамды қауіпсіз температурада сақтау және таза су мен сапалы өнім пайдалану.
Дұрыс тамақтанудың тағы бір маңызды ерекшелігін танымал диетолог Гүлвира Ибраеваның пікірінен көруге болады. Ол да дұрыс тамақтану қымбат емес екеніне назар аударады. Оның айтуынша, салмақ тастаудың, денені қалпына келтірудің және аурулардан арылудың ең тиімді жолы – қарапайым, дұрыс дайындалған үй тамағы. Майды көп қолданбау, буға пісіру, суға қайнату, өңделген тәттілер мен қуырылған тағамдарды азайту – кез келген отбасыға қолжетімді әдістер.
–Бұл әдет дұрыс тамақтануды шектеу емес, керісінше тамақты дұрыс дайындау және дұрыс мөлшерде жеу мәдениеті. Ең бастысы – күнделікті рационның алақан көлеміндей шағын порцияларға бөлінуі, күніне 4-5 рет аз-аздан тамақтану және соңғы ас ішуді ұйқыдан екі сағат бұрын аяқтау, – дейді ол.
Салауатты тамақтану ішкі ағзаға ғана емес, психологиялық жағдайға да әсер етеді. Тағам гормондарды реттейді, энергия береді, көңіл-күйді қалыпқа келтіреді. Ал дұрыс емес тамақтану ас қорыту жүйесінің бұзылуына, асқазан жарасына, ішек дисфункциясына, холестериннің көтерілуіне, қант диабетіне және жүрек ауруларына әкеледі. Бұл аурулардың басым бөлігі алдын алуға болатын дерттер санатына жатады.
Ұзақ өмір сүрудің, денсаулықты сақтаудың және жоғары еңбек өнімділігінің басты кілті – дұрыс тамақтану. Рационалды тамақтану ағзаның дамуын, жасушалардың жаңаруын, иммунитеттің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Адам күніне қанша энергия жұмсаса, соған лайықты мөлшерде калория тұтынуы тиіс. Біржақты, тепе-теңдігі бұзылған, майы көп немесе көмірсуы басым тағамдық жүйелер ағзадағы зат алмасу процестерін тежейді.
Дұрыс тамақтану артық салмақтан арылу ғана емес, өмір сапасын жақсарту. Ғалымдар дұрыс тамақтануды физикалық белсенділікпен, стрессті басқарумен, темекі мен алкогольден бас тартумен бірге қарауды ұсынады. Бұл – толыққанды салауатты өмір салтының негізі. Дұрыс тамақтануды бүгіннен бастау ағзадағы көптеген өзгерістерге жол ашады: энергияның артуы, ұйқының жақсаруы, жүйке жүйесінің тұрақтануы, тері мен шаштың сауығуы, гормондардың теңдесуін қамтамасыз етеді.
Ең маңыздысы – денсаулық адамның өз қолында. Дұрыс тамақтану – аурудың алдын алудың ең сенімді жолы. Ал дұрыс тамақтанудың негізі қарапайым: табиғи тағам, таза су, қалыпты порция, жеткілікті қозғалыс және зиянды әдеттерден бас тарту. Демек, тамақтану мәдениетін өзгерту – әр адам өз денсаулығына жасайтын ең тиімді инвестиция.
Мәулен Әнербай





