Қазақстандағы соңғы жылдардағы саяси өзгерістер елдің даму бағытын түбегейлі айқындады. 2022 жылғы наурызда Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында саяси жүйені жаңғыртудың тың бағыттарын ұсынып, билік тармақтарының өзара іс-қимылын жетілдіруге басымдық берді. Бұл қадам мемлекеттік биліктің теңгерімін күшейтіп, саяси кеңістікті жаңартуға жол ашты.
Конституциялық өзгерістер мен кезектен тыс сайлаулар қоғамдық-саяси өмірді жандандыра түсті. Мәжіліске алғаш рет тәуелсіз депутаттар өтіп, партиялардың ықпалы арта бастады. Жаңа құрылымдағы ең маңызды жаңалықтардың бірі – Конституциялық соттың құрылуы. Енді әрбір азамат өз құқықтары мен еркіндіктерін қорғау үшін тікелей осы органға жүгіне алады. Оның шешімдері қоғамдық қатынастардың барлық саласына ықпал етіп, құқық үстемдігін нығайтуға бағытталуда.
Реформалардың негізгі мақсаты – Парламенттің беделін арттыру. Осы тұрғыда Сенатты тікелей сайлау және аймақтық өкілдікті күшейту мәселесі көтерілді. Мәжіліске қосымша бақылау тетіктерін беру, парламенттік тергеу институтын енгізу – елдегі парламентаризмді дамытатын маңызды қадамдардың бірі. Сондай-ақ Президенттің кейбір кадрлық өкілеттіктерін Парламент пен өзге мемлекеттік органдарға беру билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Жаңа Қазақстанды қалыптастыруда сот жүйесінің орны да айрықша. Судьяларды іріктеу сапасын арттыру, әділ шешім қабылдаудағы жауапкершілікті күшейту – сот билігінің беделін өсіріп, азаматтардың әділдікке сенімін арттырады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында: «Саяси реформалар – бір реттік науқан емес. Мемлекеттің дамуы үшін қажет болса, олар жалғаса береді», – деп атап өтті. Бұл тұжырым реформалардың ұзақ мерзімді әрі жүйелі сипат алатынын айқын көрсетеді.
Конституциялық реформалар Қазақстан қоғамын жаңғыртудың жаңа кезеңін бастап берді. Олар билік институттарының өзара әрекетін реттеп қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қосымша мүмкіндіктер ашты. Ендігі басты міндет – қабылданған нормаларды толық жүзеге асырып, демократиялық институттардың қызметін күшейту. Бұл бастама Жаңа Қазақстанның тұрақты дамуының негізгі кепілі болмақ.
Нажия КАЛИШЕВА,
заң ғылымдарының докторы,
әл-Фараби атындағы КазҰУ-дің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,
конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті
Диана МУСАБАЕВА,
Астана қалалық соты баспасөз қызметінің бас маманы





