Қазақстанда су үнемдеу технологияларының көлемі 580 мың гектардан асты.
Мемлекет басшысының жыл сайын 150 мың гектар жерге заманауи суару жүйелерін енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында министрлік шаруаларды жаңа технологияларға көшуге ынталандыру шараларын күшейтті. Атап айтқанда, фермерлерге су үнемдеу жабдықтарын сатып алу, орнату және ұңғыма бұрғылау шығындарын өтеу мөлшері 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ суару суына сараланған субсидиялар енгізілді: технология қолданғандар үшін – 60–85%, қолданбағандар үшін – 30–55% аралығында.
Бұдан бөлек, лазерлік тегістеуіш сатып алуға берілетін субсидия алу үшін шаруашылықтың кемінде 200 гектар жері болуы тиіс деген талап алынып тасталды. Мұндай технология суды 30%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді және еліміздегі күріш алқаптарында кеңінен қолданылады.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше 2024 жылы су үнемдеу технологиялары 158 мың гектар жерге енгізілген, оның 130 мың гектары – оңтүстік өңірлер үлесінде. Жалпы көлем 470,2 мың гектарға жетсе, биыл бұл көрсеткіш 580 мың гектардан асып отыр.
«Климаттың өзгеруі жағдайында бұл – елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарасы. Облыстармен бірлесіп, 2030 жылға дейін жылына 2,2 млрд текше метр суды үнемдеуді көздеп отырмыз», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
«Жетісу-Ақпарат»





