Астана қаласындағы Qazaq Creativеалаңында өткен «Жетісу – Елорда төрінде» мәдени-креативті жәрмеңкесі аясында Бикен Римова атындағы академиялық драма театры елордалық көрерменге «Мұқағали» моноспектаклін ұсынды. Поэзия мен сахна өнерін тоғыстырған қойылым ақын Мұқағали Мақатаевтың әсем жырларымен өрілді.
Моноспектакльдің негізгі өзегі – ақынның өлеңдері мен поэмалары арқылы оның жан дүниесіне үңілу, шығармашылық әлемімен сырласу. Сахнадағы жалғыз кейіпкер көрерменді Мұқағалидың жүрек тебіренісіне, махаббат пен мұңға толы сезім әлеміне, өмір мен уақыт туралы терең толғаныстарына жетелейді.
Қойылымда сөз бен үнсіздік, қимыл мен эмоция астасып, ақынның рухани болмысын ашуға қызмет етеді. Әрбір өлең – ақынның жан сырындай естіліп, әрбір қимыл оның ішкі толғанысын жеткізеді. Осылайша сахна бір сәтте ақын мен көрермен арасындағы сырласу алаңына айналады.
Моноспектакльдің басты кейіпкерін қоюшы режиссер, актер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сафуан Рысбайұлы сомдады. Актердың айтуынша, 2018 жылы режиссер Сұлтан Сраиловтың идеясымен бұл қойылымды алғаш рет Астанада «Мұқағалимен сырласу» атауымен сахналаған. Кейін Көкшетауда да моноспектакль ретінде ұсынылған.
Поэтикалық қойылымда Мұқағалидың шығармашылығын бес кезеңге бөлген. Олар – соғыс жылдары, ақынның балалық шағы, махаббат лирикасы, жүрегін емдеткен кезеңі және патриоттық өлеңдері.
Ақынның сырлы жырлары арқылы оның өмір жолын, жан арпалысын сахнадан сезінген көрермен де өз әсерін жасырмады. Қойылымды отбасымен бірге тамашалаған Берік Назар мұндай рухани дүниелерді көптен бері іздегенін айтты.
Бүгін отбасыммен Мұқағали туралы жаңа бір қойылымды тамашаладық. Мұнда ақынның ішкі толғаныстары түгелдей өзінің өлеңдері арқылы жеткізілді. Аз уақыттың ішінде түрлі эмоцияны сезініп үлгердік. Ақынның соңғы күндерінің арпалыспен өткенін көрдік. Әсіресе қойылымның соңы ерекше әсер етті. Мұндай спектакльдер көрерменге ақынды тек шығармалары арқылы емес, адам ретінде де тереңірек тануға мүмкіндік береді, – дейді көрермен.
Қойылымның ерекшелігі – Мұқағали Мақатаевтың өмірбаянын баяндаудан гөрі, оның өлеңдері арқылы ақынның ішкі әлемін ашуға басымдық берілуінде. Соғыс жылдарының салмағы, балалық шақтың ізі, махаббаттың мөлдір сезімі, тағдыр тауқыметі мен елге деген сүйіспеншілік бір арнаға тоғысып, ақын болмысының сан қырын танытады. Сахнадағы әрбір өлең көрерменге Мұқағалидың жүрек дүрсілін естірткендей әсер қалдырды. Ақынның өз сөзімен өрілген қойылым оның мәңгілік жырларының уақыт өткен сайын жаңа буынмен қайта қауышатынын аңғартты.
«Мұқағали» моноспектаклі – ақынның шығармашылығына арналған кезекті сахналық қойылым ғана емес, көрермен мен ақын рухын жалғаған көркем сырласу болды. Жетісудың өнерпаздары Елорда төрінде Мұқағали әлемін жаңаша сөйлетіп, оның жырларының әлі де жүректерге жол табатынын дәлелдеді. Өлеңмен өрілген бұл қойылым көрерменге бір сәт ой салып, бір сәт толқытып, ақынның «мені» мен бүгінгі адамның жан дүниесін үндестіре білді.
Көрерменнен бір пікір
Жұмабек ШАУМЕНОВ, Атырау қаласының тұрғыны:
Мұқағали жырларын білмейтін қазақ кемде кем. Әр сөзі жүректен шығып, жүрекке жетеді. Қойылымда жас күнімде жаттап, кейін ұмытып қалған өлеңдерін есіме түсіріп отырдым. Ақиық ақынның трагедияға толы тағдыры көз алдымнан өтті. Бикен апамыздың атына берілген театр ұжымына мың алғыс айтамын. Ақынның «Өмір деген бір сәуле ғана екен ғой» деген асыл сөзін ұмытпасақ болғаны.
Пәтима ӘБДІХАНҚЫЗЫ, Астанақаласындағы Мұқағали Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназиясының этнопедагогі:
Киелі Жетісу облысы Бикен Римова атындағы академиялық драма театрыұсынған «Мұқағали» моноспектальді көргеніме қуандым. Мұқағали – ХХІ ғасырдың феномені, ардақты ақын ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отыратын ұлы тұлға. Қойылымның әсерінен әлі де арыла алмай отырмын. Қазақстан Республикасының еңбек сіңіргенқайраткері Сафуан Рысбайұлы көрерменге өте жақсы жеткізе білді. Қойылымның соңындағы көрініс тіпті жүректі ауыртты. Ақынның өмірден өткендігі, келешек ұрпаққа мол мұра қалдырғандығы көзге еріксіз жас үйіреді. Қойылымның соңында дәрігерлер ақынның өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. Алайда көрермен ретінде «Шіркін, осы тұста көрерменмен байланыс орнатып, олардан ақын мұрасы жайлы бір-екі ауыз пікір сұрағанда ғой»деген ойда болдым. Десек те ұжымға, актерлерге шын жүректен алғыс айтамын. Осындай ой салар қойылым көп болсын! Жетісулық өнерпаздарға шығармашылық табыс тілеймін.
Еңлік КЕНЕБАЙ
Суреттерді түсірген Қанат МАҚАНҰЛЫ
АСТАНА ҚАЛАСЫ





