Талдықорған қаласындағы Мұхтар Арынұлы атындағы №24 мамандандырылған лицейінде жоғары сынып оқушыларының қатысуымен ерлік сабағы өтті.
7 мамыр Отан қоғаушылар күніне орай ұйымдастырылған тәрбие сағатына қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының және аймақтағы 54380 әскери бөлімінің әскери қызметшілері арнайы шақырылған.
Іс-шараның басты мақсаты – жастарды әскери-патриоттыққа баулып, олардың бойында отансүйгіштік пен ержүректілікті қалыптастыру.
Осы барыста оқушыларға алдымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне оқуға түсудің жолдары түсіндіріліп, алдын-ала дайындалған бейнебаяндар көрсетіліп, үгіт парақшалары таратылды.
Жиналған қауым алдында сөз алған биыл Кеңес Одағының батыры, халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдық мерейтойы айрықша аталып өтілетінін еске салып, батырдың ерліктері жайында қысқаша әңгімелеп берді.
Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысы Ақкөл ауданы бұрынғы Трудовое, қазіргі Еңбек ауылында дүниеге келген. Кішкентай кезінен жетім қалған оны және әпкелерін Сағит ағасы асырап, әке-шешесінің орнын басты. Соғыс жылдары алғашқылармен майданға аттанған ағасы, көп ұзамай Псков қаласындағы шайқаста қаза табады.
Ол Кушка қаласындағы Түркістан пулемет училищесін бітіріп, 1943 жылдың сәуірінен 1945 жылдың мамырына дейін 5-ші соққы беруші армияның Берлин атқыштар дивизиясы II дәрежелі 301-ші Донецк Суворов ордені 1052-ші атқыштар полкінің құрамында пулемет взводының, ротаның, атқыштар батальонының командирі ретінде майданда соғысқан. Краснодар өлкесін, Украинаны, Молдованы, Батыс Беларусь пен Польшаны азат етуге қатысты.
Сағадат Нұрмағамбетовтың батальоны Гитлердің Рейх канцеляриясының ғимаратына жасалған шабуылға да қатысқан. Жеңістен кейін батальонның жеке құрамы мемлекеттік маңызы бар маңызды объектілерді күзету міндеттерін орындады. 20 жасында Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» табыс етілді.
1945 жылы сәуірде жасаған ерлігі мен батылдығы үшін ол екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған болатын, алайда майор Нұрмағамбетов Қызыл Ту орденімен марапатталды.
1991 жылғы қазанда Одақтың ыдырауы кезіндегі жауынгерлік және практикалық тәжірибені ескере отырып, ҚР Президентінің Жарлығымен Сағадат Нұрмағамбетов Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы, ал 1992 жылғы мамырда Қазақстанның Қорғаныс министрі болып тағайындалды. 1994 жылы Президенттің Жарлығымен оған «Алтын Жұлдыз» табыс етіліп, «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
Сағадат Нұрмағамбетов ержүрек жауынгер ғана емес, белгілі қаламгер бірнеше естелік кітаптардың авторы. Бүгінде оның есімі Қазақстан қалаларының көшелеріне және әскери оқу орындарына берілген. Сонымен бірге батырдың құрметіне ескерткіштер, мемориалдық тақталар орнатылып, мұражайлар ашылған. Бар ғұмырын туған елінің қауіпсіздігі мен қорғаныс саласын нығайтуға арнаған Сағадат Қожахметұлы 2013 жылғы 24 қыркүйекте 90 жасқа қараған шағында өмірден өткен. Артына өшпес із қалдырған танымал тұлғаның бюсті Мәскеудегі Ұлы Отан соғысының Орталық музейіне қойылған.
— «Елік – елге мұра, ұрпаққа – ұран. Ел ертеңі – жастар. Олар — біздің болашағымыз. Біздің бүгінгі кездесуіміз оқушыларға Отанды сүюге, туған жеріне, еліне деген сүйіспеншіліктерін арттыруға, халқымыздың салт — дәстүрін сақтап, әрі қарай жалғастыруға, оларды ұлтжандылыққа, инабаттылыққа, достыққа, адамгершілікке тәрбиелеу», — деді 54380 әскери бөлім командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары майор Асхат Оспанов.
Айдын КӘЛІМХАН