Ұлттық құрылтай – ел болашағын бағамдайтын келелі кеңес, үлкен жиын. Мұнда халықтың күнделікті тұрмысынан тартып, мемлекеттік ертеңін жан-жақты саралап, сарабдал жол нұсқалса керек. Сондықтан да алдағы сайлаудан да, одан кейінгі жарқын кезеңнен де күтер үмітіміз зор.
Әр халықтың танымы мен тағылымында ең алдымен ұлттық тарихына, бай мәдениеті мен идеологиясына айрықша мән берілетін дүние десек, елдің күнделікті тұрмыс-тіршілігі де назардан тыс қалмауы қажет. Бұл орайда мен мекен еткен аядай ауданның әл-ауқатына қарап, елдің болашағына жалпы болжам жасауға болады.
Жазиралы Жаркент жері экономикалық жағынан облыстың негізгі аймағы саналады. Мен мұнда туып-өстім. Жастайымнан үлкен қалаларға жұмыс іздеп сабылған азаматтарды көретінмін. Бүгінде мұндағы жергілікті азаматтар алыс-жақын қалаларға сабылмай-ақ, өз туған жерінде маңдай терін шүмектете еңбек етіп, Қорғас секілді экономикалық аймақтарда, «Алтынкөл» секілді теміржол стансаларында жұмыс істейтін жағдайға жетті. Бір сөзбен айтқанда, соңғы жылдары ауданда жұмыс күшін қажет ететін жұмыс орындары көптеп ашылды. Бұл – еліміздің бұған дейін жүргізген саясатының жемісі.
Туған жердің, елдің, мемлекеттің топырағын гүлдендірер азаматтардың әл-ауқатының жақсаруы – мемлекеттік саясаттың жүйелі жолға қойылуымен тікелей байланысты. Десе де, біз алпауыт елдер секілді экономикасы қарқындаған, бірлігі мызғымас берік күнге жетуіміз керек. Осы орайда Ұлттық құрылтай біздің көксеген ойымыздың, асыл арманымыздың айғағы ретінде жұмыс істейді деген үлкен үмітім барын жасыра алмаймын.
Ғани Дүйсен,
Жаркент қаласының тұрғыны





