Талдықорған: +23°C
$ 462.91
€ 542.16
₽ 6.16
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮНДЕРЕК

Халық қалауы газет пе, гаджет пе?

10.01.2026
КҮНДЕРЕК
Халық қалауы газет пе, гаджет пе?

gemini

WhatsAppTelegramFacebook

Бір жайға екіншісі түрткі. Әсіресе, газет жайлы ой қозғаған кезде солай айтуға негіз бар. Дегбіріңізді қашырып тұрғанымызды жақсы түсінеміз, дейтұрғанмен, Tiktok пен Instagram әбден шыдамыңызды әрі кетсе 60 секундқа жететін деңгейге жеткізгенімен сабыр қыла тұрыңыз.

Өйткені біз қозғағалы отырған тақырып ғаламтор қалтафонға ойысқалы талай көкпарға салынып, талайды қызылкеңірдек еткен, қоғамның өзегі бола тұра жарылмаған, әлі біршама мінберде қаузалып, талай басты шайқататын мәселе болып тұр. Қоғам дертін тамыршыдай дөп басып, дәуір дауысымен үндескен газеттің тілшілері мен жанашырларының миында талай атой салған тақырыпты алыстан орағытып әкеп жатқанымыздың да өз жөні бар. Әлеуметтік желі 60 секундтық жады қалыптастырған сіздің шыдамды біз шыңдап көрелік. Әлқиссамызды шынында соңына дейін оқырмысыз. Бәлки, осылар да айта береді-ау деген желеумен қағаз бетіндегі бұл шатпақтан аттап өтерсіз. Жо-оқ! Ұлттың өткені мен бүгінін, болмысы мен бітімін, тұла бойы тұрмысын, табиғатын һәм кеңістігін қызғыш құстай қорыған сол қағазды тастай салады дегенге біз сенбейміз. Өйткені бұл тақырып, өркениеттің ең ұлы жемісіне араша сұрау жайында болмақ. Дайынсыз ба?! Кеттік…

Қәріп һәм оқу! Осы екеуі болмаса адами заттың тарихын, бүгінге дейінгі трансформациясын қалыптастыра алар ма ек. Әрине, жоқ. Ғылымның қазіргі жетістігі қайсы? Жасанды интеллект. Дөп түстіңіз. Бірақ, бұл өнер табыс та уақыт өте келе қолданыстан шығады. Кезіндегі паровоз, пейджер, дирижабль, аудиоплеер сынды өткеннің еншісінде қалады. Өйткені адамның миы әлі талай дүниені ойлап табады. Осыдан 3000-3200 жыл бұрын Мессопатамия халқы алғаш доңғалақты ойлап тапқанда ғылыми прогресс туғандай еді. Сол ғылыми жетістікті де біз өткеннің еншісінде қалдыратын күн де жақындап келеді. Әне, міне, дегенде вертикальді көтерілетін және ұшатын көлік құрастырылсын, асфальт бетінде жүруді доғарамыз. Доңғалақты пайдаланбаймыз. Ғылым деген осы. Бірақ, бір ғана дүние қолданыстан шықпайды: қаріп пен оқу. Өйткені әріп пен оқу осы уақытқа дейін адамды су астында балықтай жүзгізді, ғарышқа ұшырды, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызды». Қазіргі жасанды интеллектіні де қаріп танитындар, оқығандар жасақтады.

Қағаз және қалам. Дүниені өзгерткен де, өзгертетін де осы екеуі болып қалмақ. Қалай? Сендіріп көрелік. Ең алғашқы жазу қашан пайда болды? Пиктография адам алғаш ойлана бастағанда пайда болды дейді ғалымдар. Ой дегеніңіз ғылым, ойланған адам ғана ғылыми жаңалық ашады. Жұмырбастының жазу өнері неолит дәуірінен бастау алады. Қазір сол түрленіп, жазудың неше атасы пайда болды. Сол жазудың жүгін үш дүние арқалап тұр: кітап, газет-журнал және ғаламтор. Тар мағынада түйсінетіндер қағаздың құдіретін ысырып, ғаламторды алға оздырып тұр. Ал, қағаз кеміргендер әлі де оның дәурені өтпейтінін айтып келеді. Құп делік.

Жалпы біз оқудан кенжелеп тұрмыз. Бұл ащы шындық. «Дамыған ел кітап, газет оқиды, дамушы ел теледидар қарайды, интернет парақтайды» деген әңгіме бар батыстық әлеуметтанушыларда. Сенесіз бе? АҚШ-та бір кітап жүздеген миллион тиражбен оқырманға жол тартады. Мәселен, 2018 жылы Дж К. Роулингтің «Гарри Поттер және пәлсапалық тас» кітабы 500 млн. тиражбен сатылған. Бізде ше? Дөп айту қиын. Бір анығы, тәуір деген кітаптың өзі 2000 төңірегін айналшықтайды. Өйткені оқырманы жоқ кітап қайдан миллиондап басылсын? Қазір ақпараттың дәуірі. Интернет дегенің сұрағанды тауып береді. Айтар уәжіміз осы. Ал сандық технологияның «әкесін» шығарып жатқан Жапония кітап оқудан әлемде ешкімге есе жібермейді. Неміс жазушысы Лион Фейхтвангер: «Көркем әдебиет пен газет-журнал жас баланы саяси қайраткерге дейін тәрбиелейді» деген еді ғой. Олар соны ескерсе керек. ЮНЕСКО жанындағы статистика институтының мәліметі бойынша, әлемде адам басына шаққандағы кітапханасының көптігі жөнінен Грузия көш бастап тұр. Бұл елде 1 мың адамға шаққанда 16 335 кітаптан келеді екен. Алғашқы ондықта бұрынғы Кеңес одағы елдері ішінен Армения, Эстония, Литва елдері де бар. Кітап қоры жөнінен Қазақстан әлем бойынша 41-орында тұр. Еліміздегі әрбір мың тұрғынға 249 кітаптан келеді екен. Бұл да жаман емес. Бірақ соны оқитын оқырман аз!

Соңғы рет қашан кітап оқыдыңыз деп беймаза күйге салмайық. Қашан газет оқыдыңыз? Үйіне тұрақты газет келетін кісілер күнде оқыр, ал газет келмейтін шаңырақтар бар. Олардың ақпараттық сусыны әлемжелі һәм ғаламтор. Еуропада газет оқудың әсері таразыланған әлеуметтік психологиялық тәжірибе жүзеге асыпты. Нақты айтқанда, Германия мен Ұлыбританияда жүргізілген ұзақмерзімді зерттеулерде белгілі бір әлеуметтік мәселелер жөнінде газет оқитын және оқымайтын есесіне, әлеуметтік желіге телмірген адамдардың көзқарасы салыстырылған. Газет оқырмандары эмоцияға емес, дәлелге сүйеніп пікір білдірген, ал күрделі қоғамдық мәселелерде ұстамды әрі байыпты позиция ұстанған. Ал әлеуметтік желіге телміргендер керісінше әрекетте болған.

«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» әлеуметтік желіні әлі де қорғаушысыз ба? Дәл осындай сипаттағы ғылыми тәжірибелер әлемнің төрт бұрышында да жүргізілген. АҚШ-та Гарвард, Стэнфорд, Колумбия университеттері жанындағы медиа-зерттеу орталықтарында ақпаратты газеттен және әлеуметтік желіден оқу салдарын саралапты. Тәжірибеге қатысушылар 2 топқа бөлінген. Бірінші топ белгілі бір уақыт аралығында тек әлеуметтік желі арқылы жаңалық тұтынған, ал екінші топ күнделікті газет оқыған. Эксперимент соңында екі топқа бірдей қоғамдық-саяси тақырыпта сұрақтар қойылып, талдау тапсырмалары берілген. Нәтижесінде газет оқыған топтың ақпаратты есте сақтау деңгейі, фактілерді ажырату қабілеті және себеп-салдарлық талдауы жоғары болған. Олар жаңалықты контекстпен, тарихи және әлеуметтік байланыста түсіндірген. Ал әлеуметтік желіге сүйенген топта ақпарат үзік-үзік, эмоцияға негізделген түрде қабылданғаны байқалған. Көп жағдайда тақырыптың мәнінен гөрі айқайлы тақырыпша мен пікірлерге назар аударылған.

Мұндай тәжірибелерді Ұлыбританиядағы Оксфорд университеті, Финляндия мен Швециядағы зерттеу орталықтары, халықаралық Reuters Digital News Report, OECD, UNESCO ұйымдары да жиі жүргізіп тұрады. Бұлардың ортақ тұжырымы мынау – әлеуметтік желі қолданушыларында ашу, үрей, агрессия секілді эмоциялар жиірек байқалған, себебі желідегі контент алгоритм арқылы әдейі эмоция қоздыратындай іріктеледі. Ал газет оқырмандарында эмоциялық тұрақтылық басым болып, ақпаратқа салқынқандылықпен қарау үрдісі анықталған. Сондай-ақ, қоғамдық пікірге бейімделу деңгейі де салыстырылған. Әлеуметтік желі тобы көпшілік пікіріне тез еріп, трендке бейім болған. Газет оқығандар жеке көзқарасын сақтап, пікірін дәлелдеуге ұмтылған.

Жуырда Мемлекет басшысының «Тurkіstan» газетіне көлемді сұхбат берді. Сонда Қ. Тоқаев: «Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі, әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады», – деген еді. Мұнымен келіспеске лаж жоқ. Бір мысал, әлеуметтік желіде қамшы өрудің тәсілі таразыланған бір контент және қала көшесінде келіншегін қамшымен сабалап қуған жігіттің әрекеті анық көрінген тағы бір контент шықты делік. Қамшы «кейіпкер» болған қос контенттің ішінен сабалған келіншектің видеосын әлсін-әлсін жарыққа шығара береді. Себебі, әрбір желі тұтынушы біріншісін емес, екіншісін бір емес бірнеше мәрте қарап, оның астына пікір білдіріп отырады. Ал, ата-бабаның сан ғасырлық қалыптасқан қамшы өру дәстүрі бірлі-жарым адамның ғана назарына ілігеді. Әлемде жүргізілген әлеуметтік тәжірибелер тұрақты осындай сарындағы ақпараттан сусындаған жандардың рухани өспейтінін дәйектеуде.

Президенттің тағы бір сөзіне құлақ түрелік, сол сұхбатта Мемлекет басшысы: «Газет тілшілері жан-жақты шолулар мен терең сараптамалар жасауға баса мән береді, ағартушылықпен айналысады. Кәсіби әрі өз ісіне адал журналистер сапалы материалдар әзірлеп, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға елеулі үлес қосып келеді. Мен сүйікті Отанымыздың игілігі үшін барлық салада табысты еңбек етіп жүрген мықты азаматтар туралы мәліметтерді көбінесе газеттерден аламын», – деді. Мемлекет басшысының сөзін мысалға келтіргенде газет журналистерінің беделін арттырып, онсыз да құрметке лайық «арқалағаны алтын, жегені жантақ» тілшілердің абыройын көтеру деп ойламаңыз. Бірақ, олардың еңбегінің елеулі болуын қамтамасыз етуші оқырманы, оның көп болғаны керек. Осы ретте заңды бір сұрақ қылаң береді, әлеуметтік желінің зияны, қағаз басылымдардың құндылығы туралы біле тұра газет неге оқылмайды? Мерзімді басылымдарда жылына бір не екі келетін науқан бар. «Баспасөзге жазылу» деп аталады өзі. Қазіргі газетшілердің артынып, тартынатын уақыты, ал бюджеттік мекемеде жұмыс істейтіндердің тыжырынатын кезі. Газетші «оқырманым – орманым» дейді. Бірақ, сол орманның әлеуметтік желіге мойын бұрып тұратын әдеті. Сонымен, газет неге оқылмайды?

Таразыласақ, газет – тауар. Алты айға немесе 1 жылға жазылған оқырман тауарының сапалы һәм уақытында жеткенін қалайды. Қазіргі газеттер сапасыз деп айта алмаймыз. Ұлт ұстазы Ахаңның, Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» тұжырымынан төмендеген жоқ. «Мұқағалиді ез еркек» еткен, «Шешені баласын тастап кеткен» әйел қылған, домбыра сындырған, мемлекеттік құндылықтарды қор еткен желідегі парақшалар болды. Бірақ, газет бетіндегідей ұлтты ұлықтап, мемлекеттілікті дәріптеуден озған өзгесі жоқ. Өзі тауар қалпында. Дейтұрғанмен, тауардың кешігуі мінберден жиі бас көтерер мәселе болып тұр. Алтайды әнге қосқан Жамал апайды да қартайтқан мәселе «Қазпошта» АҚ-да болып тұр. Шалғай ауылдағы кей оқырман газетті жиып жеткізетінін базыналап, редакциямызға да жиі хабарласады. Шешімін табуға тырысып та жүрміз. Газет шығарушы мен оқырман арасындағы делдал. Сол үшін қызметақысын алып та отыр. Ортадағы делдалдың сиырқұйымшақ мәселесінен бас тартып, басқа газет таратушы іздегенмен, таппаймыз. Себебі «Қазпошта» АҚ Қазақстан бойынша мұндай қызметті жүйелі жүзеге асыратын жалғыз мекеме. Жалғыз монополист.

Кезінде, интернет бас көтермеген кезде «Сен+ Мен», «Демалыс», «Екеудің құпиясы», «Қызық газет» атаулы басылымдарды талай жұрт ермек қылды. Болмағанды болдырып, езуден су шұбыртқан бұл басылымдарды ғылыми тілде «Сары басылымдар» атайды. Былай айтқанда «өтірікті Құдай ұрғандай» жазатын. Қазір «өсекші газеттер» жоқ. Дәурені өтті. Оның орнын ғаламтор мен әлеуметтік желі басты. Қалтафонды қолға алып, бүгін кім-кімнен ажырасқанын, кім-кімді соғып, кім бұзақылық қылғанын біліп отыруға болады. Өтірік-шыны аралас. Мәселен, 2025 жылдың басты тақырыбы «жұлдыздардың ажырасуы» болды. Шындық болар, жалған болар әлеуметтік желі мен интернет шулағанмен, қағаз баспа бұл жайында ләм демеді. Себебі, ажырасу – қоғамның басты жауы. Құдай алмағанды адам алып, әкесі тірі бола тұра, балалардың тірі жетім өсуі қоғамның кесірі. Қоғамға һәм мемлекетке кесірі тиетін тақырыпта газет жақ ашпайды. Қайта осы кеселді емдеуге күш салады. Одан кейінгі мәселе – қоғамда талқыланбауы тиіс бір отбасындағы тақырыптың жарыққа шығуы. Әлеуметтік желіде шаңырақты шайқалтқан отағасының әрекеті бүге-шігесіне дейін айтылып кетті. Бір қарағанда қалыпты жай болуы мүмкін. Бірақ, «үйдегі әңгімені сыртқа, сырттағы әңгімені үйге тасыма» тәлімін алған қоғам үшін бұл ерсі жайт. Айтпақшы, жоғарыда айтқан «сары басылымдарды» батыста «сары бала» атайды. Ал біздің жаймен салыстырғанда әлеуметтік желі «Балалы үйде ұрлық жатпас» дегенді айғақтайды. Өйткені, бүгінгінің «сары басылымы» блогер, әлеуметтік желі болып тұр. Ал мерзімді басылымдар отбасылық құндылықты дәріптейді.

Қоғамның әрбір мүшесін әлеуметтік желіге еліктірген смартфон. Ғалымдар қалтафонның көп зияны барын айтып дабыл қаққалы қашан?! Сөздеріне сенсек, ондағы көзге көрінбес сан толқын атауын айтпас аурудың ошағы екен. Бөлінген улы элементтерді қосыңыз. Смартфондағы Whatsapp, Іnstagram, TikTok жұтылып жатқан сананы одан әрі улауға көшті. Көпшіліктің назарына жақсы сурет саламын деп кей желіккен таудан құлауда, үйден құлауда. Арыстанның араны, акуланың аузында кеткенін тағы санаңыз. Әлем бойынша «селфи» дертіне ұшырап, қанша адам қаза болды? Оны қоя беріңіз, қалтафон біздің «он үшінші» дене мүшемізге айналды. Жанымыздан тастамаймыз. Далада да, қалада да, үйде де, дастарқан басында да, әжетханада да жанымызда. Әжетханадан шыққанда қолымызды жуамыз, смартфонды емес. Сол құрылғыны қайта ұстап дастарқан басына отыратынымызды қайтерсіз.

Айтпақшы, қазіргі көп жас iPhonе ұстайды. Оның құны миллионға жуық. Баламыздың, өзіміздің рухани әлсіреуімізге, Президент айтпақшы, «жасы қырыққа жетсе де білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азамат» етуге әсер етіп жатқан қымбат смартфондарды сатып аламыз да «дәстүрлі құндылықтарды сақтауға елеулі үлес қосып» жүрген газеттерге жазылуды қымбатсынамыз.

Дастанбек САДЫҚ

Қатысты жаңалықтар

Жетісуда «Сиверс алма ағашының гүлдеуі» фестивалі жоғары деңгейде өтті

Жетісуда «Сиверс алма ағашының гүлдеуі» фестивалі жоғары деңгейде өтті

02.05.2026
Жетісуда жел күшейеді: 2 мамырға арналған ауа райы болжамы

Жетісуда жел күшейеді: 2 мамырға арналған ауа райы болжамы

02.05.2026
Талдықорғанда жоғалған 10 жастағы бала екі тәуліктен кейін табылды

Талдықорғанда жоғалған 10 жастағы бала екі тәуліктен кейін табылды

02.05.2026
Оқушылардың денсаулығы бақылауда: Қазақстанда ауқымды зерттеу басталды

Оқушылардың денсаулығы бақылауда: Қазақстанда ауқымды зерттеу басталды

02.05.2026
Сарқандағы сенбілік: Лепсі өзені қоқыстан тазартылды

Сарқандағы сенбілік: Лепсі өзені қоқыстан тазартылды

02.05.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.