Сынаптай сырғыған уақыт. Кеше ғана аялы алақанының жылуын беріп, мейіріміне бөлеген, айналып-толғанған, тәрбиенің таза шырынын ұсынған ата-анасынан адам қас қағым сәтте алыстап кетеді екен. Сағынышқа айналған ғазиз жандарды ойлаған сайын олардың тереңдігі мен кемелдігін тани бастайсың. Бұлай деп толғануымызға тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Ескелді ауданының әкімі қызметін атқарған Жұмағали Әлібаевтың ата-анасы Айтжан Нұрымқұлұлы мен аяулы анасы Күнсипа Тоқтарбайқызының ғибратты ғұмыры түрткі болды.
Иә, Әлібаевтар әулеті үшін бәйтерек саналған осынау қос тұлғаның туғанына биыл 100 (Айтжан) және 90 (Күнсипа) жыл толады екен. Осыған орай аз-кем толғануды жөн санадық.
Өмірдің қанша қиыншылығын көрсе де, заманның тарлығын сезсе де адамдық қалпын сақтап, кісілігінен танбайтын жандар аз емес. Ондай ізгілерге қаратып дана қазақ «Асыл адам айнымас» дейді. Қарапайым шаруа бақса да Айтжан Нұрымқұлұлы сондай ақкөкірек, абзал жан болған.
Осыдан бір ғасыр бұрын өмір есігін ашқан Айтжан Нұрымқұл-ұлы: «Дауыл ұрған кемедей тау толқындарға қарсы жүзген жастығымыздағы сұрқай жылдарды ешбір буынның басына бермесін деп тілеймін. Бала болдық, балалықтың балдан тәтті кезеңін елдің екі иығын қажаған қамыттай қатаң тұрмыс мүжіді. Одан қалса саясаттың салқын лебі де өңменнен өтті. Ес білетін үлкендердің тұнжыраңқы, жабығыңқы жүзіне қарап сүрген өмірдің салмағын сезінуші едік», – деп баласы Жұмағали Әлібаевқа жиі айтып отырады екен.
Міне, осындай тебіреніске барған, өмірін ұрпағына толғап отыратын Айтжан Нұрымқұлұлы Ескелді ауданына қарасты Шымыр ауылында 1925 жылы өмірге келген. Ол жасынан еңбек даласында шыңдалған. Буыны бекіп, бұғанасы қатпай жатып сұрапыл соғысқа кеткен ел азаматтарының орнына ауыр жұмысқа жегіледі. Кейіннен майдан даласындағы азаматтардың орнын толықтыру үшін Киров МТС-тің тракторисі болып Шымыр ауылына бекітіледі. Осылайша басталған еңбек жолында мал дәрігерінен «Еңбек ардагері» атағына дейінгі аралықта маңдай терін шүмектете қызмет қылады.
Жұмағали Әлібаевтың «Өмір өрнектері» атты кітабында ата- анасының қаншалықты еңбек етіп, ауыл, елдің ардақтысына айналғаны, жергілікті жұрттың құрметіне бөленгені, ағайынның жанашыры болғаны түгелімен мөлдірете жазылыпты. Кітапта автор әкесі Айтжан Нұрымқұлұлының еңбек жолын: «Жаз жайлауда, қыс қыстауда үйден, бала-шағадан жырақта, оның үстіне жастары келген ата-анасының өз қолына қарап отырғанын ескере келе, жаңадан құрылған «Победа» атындағы кеңшардың асыл тұқымды малдардан жасақталып жатқан товарлы-сүт фермасына мал дәрігері және сол ұжымның басшысы болып қызметке орналасады. Бірден жұмысқа кірісіп, кеңшар басшыларының көмегіне сүйеніп, фермада нәтижелі еңбек атқарды, оның ішінде, сүт фермасының айналасын асфальттандырды, малдарға азықты турап беруді жолға қойды, сүт суытқыштарын орнаттырды, ферманың өзінен сүт майлылығын анықтау лабораториясын ашып, сүт зауытымен тікелей байланысқа көшті. Осыған байланысты, сүт өнімі молая түсті. Мұндағы, 800 бас сиырдың әрқайсысынан жыл ішінде 3500-4000 килограмм аралығында өнім алынды. Оның майлылығы 4,8 пайыз болды. Әр жүз сиырдан 98 бұзау өрді», – деп толғайды.
Кешегі күннен осылайша естелік тарқатқанымен мұның бәрі Айтжан Нұрымқұлұлының бейнетіне лайықты суреттеу емес екені анық. Тірлік деген шырғалаң жолда шындығына бекем болып, адамдық қалпымен ағайынның құрметіне бөленген, ауыр жұмыс арқалай жүріп институт тауысқан Айтжан шын мәнінде көкірегі даңғыл азамат болған екен. Ол еңбегінің өтеміне «Ерең еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» және бірнеше мерекелік медальмен, республика, облыс, ауданның Құрмет грамоталарымен марапатталса, Шымыр ауылының, ауданның көнекөздерінің жүрегінде азамат деген атпен сақталған.
Ел құрметіне бөленген айбарлы азамат, өз уақытында кеңшардың бас мал дәрігері болып қызмет атқарған Ескелді ауданының Құрметті азаматы Айтжан Нұрымқұлұлының абзал жары да өзіне лайықты кең жүректі, шалқар пейілді жан болған. Биыл туғанына 90 жыл толған, өмірден өтіп кеткен Күнсипа Тоқтарбайқызы өзін бақытты жан санаған ғазиз жүрек иесі. Ол Талдықорғандағы 6 айлық бухгалтерлік курсты бітіріп, зейнетке шыққанша «Победа» кеңшарында, Шымыр ауылында мамандығы бойынша қызмет атқарған екен.
Шыны керек, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда ізгілікті із қалдыратын, елінің есінде қалатын жандар болады. Олар айналасына мейірім шуағын сеуіп, даналық дәнегін екпек. Бұл орайда Жұмағали, Қайырғали, Нағима, Мәмилә, Гүлнар, Ғалия секілді перзенттерді өмірге алып келіп, оларға тәрбиенің таза шырынын ұсынған, бәрінің жоғары білім алуына мүмкіндік жасаған Айтжан мен Күнсипаның еңбегі ерен. Ал, осынау абзал жандар кешегі қысталаң жылдары бір әулеттің түтінін түзу ұшырып, шаңырағын шайқалтпаған еңбектің қара нарлары екенін де атап өтуіміз керек.
«Біз Шымырға «Победа» кеңшарына қызметпен ауысып келгенде үлкен атамыз Нұрымқұл мен Көкебала апамыз жастары ұлғайған, зейнеткерлікке шыққанына біраз болған еді. Сол жылдары үлкен кісілер бар, бала-шағамен бәріміз бірге тұрамыз. Нұрымқұл атамыздың немере қарындасы Нұрилә апамыз денсаулығына байланысты Қаратал ауданының құмды жерінен Шымырға көшіп келді. Қасында үш баласы – Кәкім, Керім, Рәш болды. Біраз бір үйде бірге тұрдық. Содан көп ұзамай кеңшардан үй алып беріп, бөлек шығардық. Кәкім мектеп бітірген кезі, Керім мен Рәш мектепте оқитын кездері. Кейін бәрі оқу бітіріп, мамандық алып, қызмет істеп, шаңырақ көтеріп, бақытты отбасы атанды», – депті «Өмір өрнектері» кітабында Күнсипа Тоқтарбайқызы өткеннен естелік таратып.
Ал бұл орайда Жұмағали Әлібаев: «Иә, Нұрымқұл атамыздың бауыры Нұрман аға Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер еді. Қан кешіп келсе де қайырымы мен мейірімі мол жан болатын. Соғыстан келгеннен кейін кеңшарда он саусағынан өнер тамған ұста ретінде міндетін асқан жауапкершілікпен атқарғаны үшін ел ішінде абырой-атағы жоғарылады. Соғыстың зардабынан денсаулығы сыр беріп, 1958 жылы небәрі 38 жасында қайтыс болды. Артында бір қыз, үш ұл қалды. Тіршіліктің бар ауыртпалығы зайыбы Сара тәтеге түсті. Тәтеміз балаларының жағдайын түсірмей, еңбек етіп, жақсы тәрбие берді. Көп ұзамай өзі де ауырып, науқастан бақилық болды. Бұл кезде үлкен қызы Баян Талдықорғанда училищеде оқитын. Балалары Рамазан, Ризван, Разбек мектеп қабырғасында. Туысқан ең жақын адамдар Айтжан әкеміз бен Күнсипа анамыз болғандықтан олар балаларды өз қолдарына алып, өмірге аяқтандырып, жол ашты», – дейді. Осынау естеліктің өзінен-ақ, 6 баласынан бөлек, тума-туыстарының өскіндерін өмірге бейімдеген Айтжан мен Күнсипаның ақ дидарына, адалдығына, мейірімі мен асыл адамға тән ізгілігіне сүйсінесіз. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, ауыл азаматтарына ақ дастарқанын жайып, мейірімін арнап олардың құрметіне бөленген Айтжан Нұрымқұлұлы мен Күнсипа Тоқтарбайқызының келбеті жыл өткен сайын ұрпағының жадында асқақтай бермек. Ендеше, бір әулетке пана болған, ауыл, аудан жұртының ықыласына бөленген, ізгілік ізін қалдырған ардақты жандарды Алла панасына алсын деп тілейміз.
АРДА БИ