«ӘDILET» партиясы Жетісу облыстық сайлауалды штабының өкілдері «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының өңірлік филиалының ұжымымен кездесу өткізді. Басқосу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және кәсіпкерлік саласының қазіргі ахуалына қатысты бірқатар өзекті мәселе талқыланды.
Кездесуде кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай қалыптастыру, шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және еңбекпен қамтуды кеңейту мәселелеріне назар аударылды. Сонымен қатар кәсіпкерлердің күнделікті қызметінде кездесетін мәселелер, еңбек адамының құқықтарын қорғау және жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы өзара жауапкершілікті күшейту бағыттары сөз болды.
Тараптар өңір экономикасының тұрақты дамуы ең алдымен нақты өндіріс орындарының, шағын және орта бизнестің және еңбек нарығының жағдайына байланысты екенін атап өтті. Осы ретте кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілерді азайту, мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру және өңірлердегі іскерлік белсенділікті ынталандырудың маңызы талқыланды.
Жиын барысында халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмыспен қамту деңгейін көтеру және елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту мәселелері де қозғалды. Кездесу пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды.





