Ұлт тұтастығы мен мемлекеттік даму жолында жасалып жатқан саяси реформалардың бірі деп Ұлттық құрылтайды айтар едік. Бұл хақында толғанбас бұрын, әуелі өз таным деңгейімізде болашақтан не күтетініміз тұрғысында аз-кем сөз сабақтаған жөн.
Келелі кеңес пен келісімді жүйенің бәрі соңғы жылдары мазмұн, құрылым жағынан жаңаша сипат алды. Елдікке үндейтін, азаматтардың рухани деңгейін көтеретін тетіктер тиімді іске қосылды. Соның бірі – «Кітап оқитын ұлт» деген жаңаша көзқарастың жемісі.
Саусақтарына қалам қапсырып, жастайынан оқып, көргені мен білгенін проза жанрындағы шығармаларына арқау етіп келе жатқан біздер үшін ұлт болып кітап оқуды қолға алу – қуантарлық дүние. Мемлекет басшысы айшықтап өткен жазушылардың таңдамалы шығармалары да көңілге ерекше әсер етті. Жалпы, өткенін танып, болашағына бағдар жасай алар ұрпақ қалыптастырудың ең тиімді әрі парасатты даңғылы – кітап оқуға үндеу.
Сонау Күлтегін-Тоныкөк жазбаларынан бастап бүгінгі буынға дейін маңдай терін ақ параққа тамызып, руханият, тарих, әдебиет тұрғысында жүз мыңдаған томды құрайтын еңбек түзді. Осының бәрінде ұлт пен ұлыстың дәстүр-салтын, салт-санасын, мыңжылдықтардан жалғасқан құндылықтарын дәріптейтін, ұрпағына аманат ететін текті өріс, қазыналы кеніш жатыр. Оны бүгінгі жасөспірімдердің бойына дарыту – идеологиялық жеміс.
Біз ғасырлар тоғысында жеңіліс пен жеңістің дәмін қатар тартқан халықпыз. Рухымыздың беріктігіндей ұлттық әдебиетіміз де көк сеңгірмен астасарлық тұғырға көтерілді. Ана тілімізде өз мәдениетімізге лайықты атаулар қайта орала бастады. Соның ең негізгісі әрі биігі деп Парламент пен Сенаттан тұратын біздің билік жүйеміздің түркілік таным, қазақы қалыпта «Құрылтай» болып өзгеруін айтар едік.
Ел ісін електен өткеріп, болашаққа бағдар жасау үшін құрылтай шақырған ықылымдағы танымымыз қайта жаңғырды. Міне, сондықтан да біз, бейнелеп айтсақ, көкжиектен көз тастағандай болашаққа үлкен сеніммен қарай аламыз. Қуанамыз.
Ерден Нұрахмет
жазушы, педагог





