«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Балқаш көлінің жағалауында профилактикалық рейд ұйымдастырды.
Шара барысында полиция қызметкерлері демалушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырды. Тұрмыстық қалдықтарды табиғат аясына тастамау, қоқысты арнайы белгіленген орындарға шығару және Балқаш көлінің жағалауын таза ұстау қажеттігі түсіндірілді. Сонымен қатар тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті сақтау, балаларды қараусыз қалдырмау, суда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау және өзара сыйластық таныту жөнінде ескертті.
Айта кететін жайт, полиция департаменті жазғы тынығу маусымы басталғалы төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп бірнеше профилактикалық рейдтік іс-шара ұйымдастырып жүр. Мұндағы мақсат – демалушылар мен туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халық көп шоғырланған орындарда қоғамдық тәртіпті сақтау. Кезекті рейд барысында 23 жастағы өңір тұрғыны қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікке алынды. Мұнан өзге шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларын өрескел бұзудың үш дерегі тіркелді. Атап айтқанда, гидроциклді басқару құқығы жоқ адамға басқаруды беру, тиісті куәліксіз гидроциклді басқару, сондай-ақ құтқару кеудешесіз су көлігін пайдалану деректері бойынша құқықбұзушыларға әкімшілік жауапкершілік қарастырылды. Мұндай құқықбұзушылықтар демалушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді және адамдар көп жиналатын орындарда мүлде жол берілмеуі тиіс.
Мұнан өзге, облыстық полиция департаменті өкілдері қос айдынды көлге тынығуға жолға шыққан азаматтардың да қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Олар ерекше тәсілмен жүргіншілерді тоқтатып, құжат тексерудің орнына, бірер сәтке тынығуды ұсынды. Зейіні төмендеп кетпес үшін сергітер сусындар берді. Құқық қорғаушылардың сөзіне сенсек, кейде бірнеше минуттық тынығу, бір жұтым су мен шынайы жанашырлық қайғылы оқиғаның алдын алуға сеп болады. Өйткені профилактика тек заң талаптарын орындаумен ғана емес, адамдарға деген қамқорлықтан да басталады.
Тәртіп сақшылары профилактикалық рейдтер жазғы маусым бойы жалғасатынын алға тартып отыр. «Заң мен Тәртіп» қағидатына сай демалыс аймағындағы қауіпсіздік жіті назарда.





