Облыс аумағында 358 елді мекеннің 192-сі газдандыруға жатады. Бүгінге дейін 33 елді мекен газдандырылып, 327 мың адам көгілдір отынға қол жеткізді.
Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы берген мәліметке сүйенсек, 2024 жылы жалпы сомасы 10,4 миллиард теңгеге 22 жаңа жобаның құрылыс-монтаждау жұмысы басталып, hеспубликалық бюджетті нақтылауға барлығы 42 жоба бойынша бюджеттік өтінім енгізілген.
Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының елді мекендерін газдандыру үшін «Қапал», «Жансүгіров», «Сарқан», «Қойлық», «Қабанбай» және «Үшарал» АГТС-мен «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбыры құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Оған 131,7 миллиард теңге қарастырылған.
«Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырын салу жобасын қаржыландыру үшін «Самұрық-Қазына «ҰӘҚ» АҚ-ның шығарылатын облигациялары есебінен қайтаруды қамтамасыз ету арқылы Ұлттық қордың қаражатын қарыз ретінде тарту мәселесі қаралуда.
Облыс аумағы бойынша газ құбыры тартылатын 124 мың адамнан тұратын 66 елді мекен бар. Сарқан және Үшарал қалаларының екі орталық қазандығы жоспар бойынша іске қосылады. Сонымен қатар, Ақсу қант зауытының қазандығы да көгілдір отынмен қамтылады деп жоспарлануда. Осы аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде өңірді газдандыру 91,9 пайызға дейін жетеді. Бұл облыс аумағындағы 192 елді мекен толық газдандырылады деген сөз. Облысты толық газдандыру жұмысы жоспарға сәйкес 2030 жылы толығымен аяқталады деп күтілуде.
Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
Фото: gov.kz