Сарқан аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев қала тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиында өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында сөз қозғады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша аудан дамуының негізгі көрсеткіштерінде оң өзгеріс байқалады. Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі ағымдағы бағамен 67 млрд. 924 млн. 700 мың теңгені құрады. Өнеркәсіп саласы бойынша 2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айында 11 млрд. 263 млн. теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді. Шағын кәсіпкерлікте бюджетке түсетін салықтық аударымдар 1 млрд. 631 млн. 200 мың теңгені құрады. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар бүгінгі күнге 36 млрд. 189 млн. теңге немесе 2022 жылға 120 пайызды құрады. Одан бөлек, ауданда 472 сауда және қызмет көрсету нысандары жұмыс істейді, оның ішінде 355 сауда нысандары, 37 қоғамдық тамақтану нысандары, 80 тұрмыстық және сервистік қызметтер нысандары және 1 жаңа форматтағы сауда базары. 2023 жылдың 12 айында бөлшек тауар айналымы 7 млрд. 973 млн. 900 мың теңгені құрады.
Аудан басшысы Ғалымжан Маманбаев өткен жылы Сарқан қаласы бойынша «Нұрлы Жер» бағдарламасымен салынған 20 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілгендігін айтты. Сарқан қаласында екі 5 қабатты 60 пәтерлі жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 1 млрд. 706 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
– Алдағы 5 жылда аудан бойынша тағы көпқабатты 5 үйдің құрылысын жүргізу және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жоспарланған. Ауданда 35 мың 784 шаршы метр тұрғын үй салынады. Аудан бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджеттен 244,8 млн. теңге бөлініп, 24 тұрғын үй сатып алынды. Ауданда атқарылған жұмыстар мұнымен шектелмейді Сарқан қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің иелерінің көп жылдық сұраныстары бойынша Тәуелсіздік 100, 102 және Қабанбай батыр 24 үйдің шатырлары ауыстырылды. «Аэродром» ықшам ауданында талай жылдан бері шешімін таппай келе жатқан кәріз жүйесіне 5, 2 млн. теңгеге ағымды жөңдеу жұмыстары жүргізілді. Сарқан қаласының М. Әуезов, Жамбыл, Қабанбай батыр, Абай көшелерінің арық жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Сарқан қаласының Тәуелсіздік, А.Байтұрсынов, М.Әуезов, М.Тынышбаев, М.Ұсатаев, Абай, М.Разбеков, А.Атанов көшелеріне, жалпы 13 шақырымға жуық жаяу жүргіншілер жолы төселді. Сарқан өзенінің демалыс жағажайы Жаңабаев көшесіне дейін 400 метр жаяу жүргіншілер жолы және 3 демалыс орындарымен толықты. Қабанбай батыр көшесінің жолын күрделі жөндеуіне 271 млн. 982 мың теңге қаражат бөлініп, жұмыстар аяқталды. Абай, Жаңабаев, Тәуке хан көшелеріне автомобиль жолдарының жол жамылғысының орташа жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Сонымен бірге аудан орталығында теннистік корт және скейтборд алаңы да салынды. Орталық алаң маңайында үлкен форматтағы ойын алаңы, Бөгенбай батыр көшесінің бойында балаларға арналған ойын алаңдары пайдалануға берілді, – деді Ғалымжан Маманбаев.
Дене шынықтыру мен спортты дамыту бағытында ауданда нақты жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, орталық стадионды қайта жаңғыртуға 629 млн.теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қолданысқа берілді. Жылдың төрт мезгілінде де спортпен айналысуға арналған жабық футбол алаңының (86,0 млн.тг) және Шанхай ықшам ауданында жаңа форматтағы шағын футбол алаңының (19,5 млн.тг) құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.
Орталық жылыту кәсіпорынының 2 қазандығын ауыстыруға 92,2 млн. теңге жұмсалды. Қалаға қарасты ДЭУ ықшам ауданына жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Бірлік ауылында 1 млрд. 389 млн. теңгеге заманауи мектеп салынды. Сол ауылда 35,8 млн. теңгеге блокты – модульді кешен (БМК) медициналық пункті орнатылды. Сонымен қатар, Сарқан қаласында бүйректің созылмалы ауруымен диспансерлік есепте тұрған науқастарға арналған гемодиализ орталығы ашылды.
Кейінгі жылдары көп көтерілетін мәселелердің бірі интернет желісі болатын. Интернет желісін жақсарту мақсатында Сарқан қаласында Байтұрсынов көшесінің бойына және аудандық орталық ауруханасының шатырына, Бірлік ауылында ескі су мұнарасының төбесіне ұялы байланыс антеналары орнатылып, интернет желісі жақсартылды. Тағы бір айта кететін мәселе, Сарқан-Бірлік автомобиль жолының бойында орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар алаңы қоршалды.
Сарқан қалалық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне 170,5 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары және патологоанатомиялық бөліміне 30,0 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қалада дене шынықтыру — сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілетін болады. Құрылыс жұмыстарының құны — 2 млрд. 17 млн. 958 мың теңге. Бүгінгі күнге ашық конкурс қорытындысына сәйкес, мердігер болып «Golden City DS» ЖШС анықталды. Мердігермен бастапқы 10 млн. теңге келісім шарт жасалды. Сарқан қаласында №1 мектеп-гимназиясында жабық стадионның (107 млн.тг.) құрылысына қаражат бөлінді, Сарқан қаласындағы 2-кі 5 қабатты 60 пәтерлі жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысының аяқталуына 200,0 млн.тг. қарастырылды, сонымен қатар, инженерлік-коммуникациялық желілерді салу және 5 қабатты 60 пәтерлік жалға берілетін жеті тұрғын үйді абаттандыру жұмыстарына, 1 кезеңіне 50,0 млн. теңге бөлінді, биылғы жылы Сарқан қаласында 50 жаңа жер үй сатып алғанға Республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Аталған үйлер тендірлік процедуралардан өткеннен кейін кезекте тұрған азаматтарға берілетін болады.
Сарқан қаласының айналма жолының бойына 8,0 млн. теңгеге стелла орнатылады. Қаланың ДЭУ ықшам ауданында бір типтік 10,0 млн. теңге болатын спорт және балалар алаңдарының құрылысы жүргізілетін болады, Байтұрсынов (10,0 млн. тг.) көшесінде балалар ойын алаңдарының құрылысы жүргізіледі, Бөгенбай батыр (24,6 млн.тг), Буашев (16,5 млн.тг), Қонаев (7,7 млн.тг), Тәуелсіздік (17,2 млн.тг), Тәуелсіздік пен Қабанбай батыр көшелер арасындағы (5,5 млн.тг.), Қонаев пен Жамбыл көшесінің қиылысына дейін (12,6 млн.тг.) жаяу жүргіншілер жолы төселіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады.
Сарқан қаласының Қуатбаев, Петровский, Бірлік ауылының Чепрасов, Жансүгіров көшелеріне, Сарқан қаласының Ғ. Мүсірепов, М. Өтемісұлы, И. Тайманұлы, Ш. Қалдаяқов және ДЭУ ықшам ауданының орталық көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланған болатын. Алайда, қаражаттың қысқартылуына байланысты аталған көшелердің жөндеу жұмыстары кейінге шегерілді. Осылайша Сарқан қаласының көшелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына 10,0 млн.теңге бөлінді, сонымен қатар жылу желілерінің (3 км) жобалау сметалық құжаттарын әзірлеуге 32,5 млн. теңге қаражат бөлінді, қаланың бас су қабылдағышын қайта жаңарту жоспарланып, жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Қажетті қаражат 283 млн. теңге. Бүгінгі күнге бөлінген қаражат сомасы -100 млн. теңге.
Есеп барысында аудан басшысы Ғалымжан Қанатұлы алдына қойылып отырған міндеттер жылдан-жылға артып келетінін, осы мақсаттарға қол жеткізіп, аудан халқының әл-ауқатын арттыруға бар күш жігерін салатынын мәлімдеді. Сондай-ақ өңір басшысы былтырғы жылғы халықпен кездесуде бірқатар тұшымды сауалдар қойылғанын, солардың орындалу барысын да айта кетті.
Кездесу соңында аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев жеке қабылдау ұйымдастырып, жергілікті тұрғындарды алаңдатқан мәселелерін тыңдап, жеке қадағалауына алды.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ,
Сарқан ауданы