Кестеленген дүниені санада сәулелендіретін, ешбір қимылсыз-ақ мұң мен шаттық сыйлайтын жалғыз білімнің бұлағы бар. Сен оны қажет етсең өміріңді түзейсің, көңіліңе көктем орнатасың. Парасат биігіне көтеріліп, көпте жоқ көркем мінездің иесіне айналуды қаласаң кітаппен дос бол.
Бастауыш сыныптан бері 100-ден аса кітап оқыдым. Оның барлығы көркем әдеби туындылар. Көз жүгіртіп, ойға түйген шығармаларымның дені қазақ жазушыларының еңбектері. Атап айтар болсам Міржақып Дулатұлы, Әзілхан Нұршайықов, Қасым Қайсенов, Бауыржан Момышұлы, Бердібек Соқпақбаев сынды біртуар даңқты тұлғалардың дүние тіршілігіне бергісіз роман, әңгімелерін жата-жастана оқып шықтым.
Белгілі журналист Бейсен Құранбектің «Ойыңды түзеймін десең – Абайды оқы, сөзіңді түзеймін десең – Әуезовті оқы, мінезіңді түзеймін десең – Момышұлын оқы, санаңды түзеймін десең – әл-Фарабиді оқы» деген тәмсілді сөзін ұстанып келемін. Жалпы кітаптың адамға берері мол екенін түсінгендіктен одан бойымды алшақ ұстай алмаймын. Маған көркем әдебиет несімен ұнайды?! Ол жердегі түрлі тағдырлардың тіршілік үшін, туған жер мен сүйген жарға деген адал махаббаты үшін, адам ойына келе бермейтін қиял-ғажайып оқиғаларымен қызық. Кітап оқыған сайын басқа әлемге енгендей боламын. Кино бере алмайтын әсерлі сәттерді бастан кешіремін. Болашақта жеке бір кітапхананың иесі болғым келетінін жасырған емеспін.
Бұл күні Джек Лондонның «Мартин Иден» атты туындысын тамамдадым. Шетелдік жазушылардың да шығармаларын оқып, басқа елдерге саяхат жасағандай күй кешкенімді айтпай кетпеске болмас.
Құрбыларымды, күллі қазақ жастарын кітап оқуға шақырамын. Өйткені кітап құнды қазына, ол жерден барлық мәселенің шешімін табуға болады.
Ақнұр ӘДІЛБЕКҚЫЗЫ,
8-сынып оқушысы