Ана біткеннің табиғатына тән тастай төзімділік пен тазалық астасқанда жаратылыс атаулының оған құрметі арта түспек. Себебі, мына әлемді сақтап тұруға ананың үзілмейтін үміті, суалмайтын сағынышы, жарық өмірге деген мәңгілік махаббаты керек.
Әкенің қабағын бағып, үйдің берекесіне айналған ананың адамзат үшін алаңдап отыратыны рас. Баласы үшін бәйек болып, тар жол тайғақ кешуден тайынбау, өз өмірін баласы үшін құрбан етуге дайын тұру – анаға ғана тән қасиет. Баласын ай мен күнге теңеп, қатарынан қалдырмай жақсы азамат етіп шығару жолында аналарымыз қаншама еңбек етіп, талай-талай ұйқысыз түндерді өткізді десеңізші. Ана үйдің ғана емес, түздің де адамы. Қандай жұмыс болса да, қандай қиыншылық кездессе де көтеруге дайын. Өйткені Алла олардың жанын нәзік, жүрегін берік етіп жаратқан.
Кеңпейілді, жаны нәзік, отбасына жылу болған әйелдерге он сегіз мың ғаламның жақсылығы, дүниенің шуағы, өмірдің қызығы мен жүрегіне Алланың нұры төгілсе деп тілеймін. Әлемнің шамшырағы, бесіктің иесі, өмірдің керегесі бола білген асыл жандарыңызға жылы-жұмсақ сөз айтып, көңілдерін мейірімге толтыруды ұмытпаңыз. Жер бетіндегі мейірімділік, ізгілік, қайырымдылық, жақсылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайтынын ұмытпайық. Осындай шуағы шашылатын шуақты күндеріміз көп болғай!
Отбасының келешегі, гүлденуі жолында талмай еңбек етіп жүрген алтын құрсақ аналарымыз аман болса салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ана тілін ұлықтайтын отансүйгіш ұрпақ өсеріне сенімдіміз!
Әлихан ЫДРЫШЕВА,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері
Фото: zhetysutv.kz





