Қызыл кітапқа енген жыртқыш құстарды 30 жылдан астам уақыт бойы өсіріп келе жатқан Алматы қаласындағы «Сұңқар» жабайы құстар тәлімбағының жұмысшылары ғалымдармен және табиғатты қорғау инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп, Жетісу өңіріндегі Малайсары тауларына екі жұп құсты жіберді. Бүркіт балапандарын өсіріп, кейін оларды жабайы табиғат аясына жіберуге арналған әлеуметтік жоба ҚР Экология министрлігі мен «Efes Kazakhstan» компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылды. 2012 жылдан бері жүзеге асырылған шара биыл алғаш рет географиялық орынды кеңейтуге жол ашты.
COVID-19 пандемиясына дейін табиғатқа 25 бүркіт пен 800-ден астам сұңқар шығарылған. Біраз қиындықтардан кейін жоба қайта жанданып, жақсы нәтиже көрсетуде. Халықаралық биологиялық әртүрлілік күніне орай «Бүркіттерді құтқару» акциясы Алматы қаласындағы «Сұңқар» жабайы құстар тәлімбағында өтті.
Басқосуда биология ғылымдарының кандидаты, зоология ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Марина Чирикова бүркіттерді шығару жобасының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, ғалымдар бүркіттер үшін қолайлы аумақты таңдап, азық-түлікпен қамтамасыз етуді қарастырып, құстардың жағдайын бақылап, жабайы табиғатқа бейімделуі бойынша ұсыныстар әзірлеген.
– Негізгі мақсат – бүркіттің түрлерін сақтау. Сирек кездесетін жыртқыштар үшін мұндай жобалардың берері мол. Біз басқа елдердің тәжірибесіне де сүйеніп көрдік. Дәл осындай бағдарламалар Ирландияда, Орталық Еуропада және Шотландияда сәтті өткендігіне көз жеткіздік. Құстарды табиғатқа жіберу үшін алдын ала сол маңдағы барлық аң мен құсты санадық, іздерін қарадық, азық-түліктің жеткілікті екенін тексердік. Жетісу аймағы жыртқыш құстардың өмір сүруіне өте қолайлы өңір екені анықталғандықтан құстарды сол жаққа жер аудардық, – дейді зоолог.
Осылайша, бұл жобаның алғашқы балапандары Малайсары тауларына жіберілді. Жоңғар Алатауының сілемінде орналасқан аудан елді мекендерден шалғай және сыртқы қауіптерден жақсы қорғалған. Мұнда қыран құстардың сүйікті жемі кеміргіштер, қояндар және тағы да басқа жемтігі көп кездеседі.
«Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен бірлескен жобамыз өз жемісін беруде. Біз Қазақстанның ең маңызды рәміздерінің бірі – бүркіттерді сақтауға үлес қоса алатынымызды мақтан тұтамыз. Біздің басты мақсатымыз – Қызыл кітапқа енген құстың санын арттырып, табиғатты қорғау», – дейді «Efes Kazakhstan» бас директоры Ертан Курт.
«Сұңқар» тәлімбағында құс баптаушылар балапандарды алғашқы күннен тамақтандырды, аң аулауға, ұшуға үйретеді. Құстар қаңтар айында тексеруден өтіп, екпе салынған. Бостандыққа шыққаннан кейін олардың тағдырын бақылау үшін ғалымдар құстарға сақина тағады. Бұл олардың қалай, қайда ұшатынын және қаншалықты сәтті аң аулайтынын түсінуге көмектеседі. Егер бәрі ойдағыдай болса, бұл құстар өңірдегі бүркіт популяциясын қалпына келтіруге септігін тигізеді. Бірнеше жылдан кейін жыныстық жетілуге жеткенде олар өздерінің ұяларын жасап, балапандарын шығара алады.
Ғалымдар бүркіттердің қалай аман қалатынын, көбейетінін нақты түсіну үшін оларды жіті бақылау қажеттігін баса айтады. Мұның ең тиімді жолы – GPS трекерлерін орнату. Мұндай құрылғылар нақты уақыт режимінде құстардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік беріп, олардың қайда ұшатынын, қайда түнейтінін анық көрсетеді. Бірақ бұл үлкен қаржыны талап етеді.
Бүркіттердің санына әсер ететін көптеген факторға қарамастан ғалымдар қолдан келгенше құстарды сақтап қалудың тиімді әдіс-тәсілдерін жан-жақты қарастыруда. Жетісу облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас инспекторы Роман Коршуновтың түсіндіруінше, бұл қауырсынды жыртқыштардың тіршілігіне күннің жылынуы, құрғақшылық, ландшафттардың өзгеруі тікелей әсер етеді. «Ондаған шақырымға ұшатын құс оңай бейімделетін сияқты. Бірақ бүркітке тұрақты жағдай қажет. Ең бірінші, сенімді ұя салу, тұрақты азық-түлік қоры және қорғалатын аумақ маңызды», – дейді маман.
Киелі құстар «Сұңқар» жабайы құстар тәлімбағында туып, оларды құс баптаушылар бала сияқты бағып, денсаулығын, тамақтануын, физикалық дамуын қадағалайды. Олардың ата-анасы төрт жұп бүркіт. Тәлімбақ директоры Ашот Анзоровтың айтуынша, құстарды өткен күзде шығаруды жоспарлаған. Бірақ дайындыққа көбірек уақыт беріп, балапандарды аман сақтау үшін көктем мезгілін күткен. Әр құсқа асқан жауапкершілікпен қарайтын директор құстар аң аулауға әбден бейімделуін қадағалаған.
Біз бүркіттерді қоршауда мұқият ұстап, олардың жағдайын тексеріп, әрі қарай бақылау үшін сақиналар тағып, арнайы ағаш жәшікке салынғанын көрдік. Оларды мамандар Алматы қаласынан Малайсары тауларына алып кетті. Мұндай бүркіттерді қорғауға арналған бағдарлама әрі қарай да жүзеге асырыла бермек.
Еңлік кенеБАЙ
Алматы қаласы