Сарқан ауданындағы Мамания қолөнер мектебінің шеберлері ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси шараға қатысып, өз азаматтық таңдауын жасады. Ұлттық қолөнерді дәріптеп, жас ұрпаққа ата-бабадан мирас болған өнерді үйретіп жүрген шеберлер дауыс беру арқылы азаматтық белсенділіктерін танытты.
Қолөнер мектебінің ұжымы үшін дауыс беру елдің болашағына деген жауапкершілікті екі есе арттырды. Шеберлер Қойлық ауылындағы №365 сайлау учаскесіне келіп, белгіленген тәртіппен өз таңдауын жасап, азаматтық құқықтарын пайдаланды.
Мамания қолөнер мектебінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді. Олардың қоғамдық маңызды шараларға белсенді қатысуы да кейінгі буынға үлгі болары сөзсіз.
– Қазақ елі үшін тұңғыш рет өтіп отырған Құрылтай – тарихи маңызы зор, тағылымы терең айтулы басқосу. Бұл – елдің өткені мен бүгінін саралап, болашаққа бағыт-бағдар айқындайтын, ұлттың бірлігі мен рухын нығайтатын маңызды алаң. Құрылтай – ел болып ойланатын, ел болып шешім қабылдайтын маңызды тарихи кезең. Бірлігіміз бекем, мақсатымыз айқын болса, алынбайтын асу жоқ. Тұңғыш Құрылтайдың жұмысына сәттілік тілейміз! Ел игілігіне бағытталған бастамалар баянды болып, келешек ұрпаққа жарқын жол ашылсын, – дейді шебер Светлана Мұқашева.
Дауыс беру – әр азаматтың өз пікірін білдіріп, ел болашағына қатысты таңдау жасауына мүмкіндік береді. Осы орайда Мамания қолөнер мектебі шеберлерінің дауыс беруге қатысуы азаматтық ұстанымның, елжандылықтың және жарқын келешекке деген жауапкершіліктің жарқын көрінісі болды.





