Мемлекеттік қызметте көптеген жаңашылдықтар бар. Мұның барлығы еліміздің дамуына, мемлекеттік қызметтің мәртебесін көтеруге және жаңа кадрлардың жолын ашып, олардың мемлекеттік қызметке орналасуына мүмкіндік жасайды. Осы бағыттағы жұмыстар жайлы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Қобылан Манаппен сұхбаттасқан едік.
– Қобылан Тоқбергенұлы, мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа форматы туралы жиі айтылып жүр, осы саладағы жаңашылдықтар туралы айтып өтсеңіз?
– Конкурстық іріктеудің жаңа тәсілі – мемлекеттік қызметке азаматтарды қабылдаудағы ашықтықты қамтамасыз етіп, адами фактордың қатысуын болдырмау мақсатында өткен жылы енгізілді. Бұл іріктеу тәсілі қазіргі уақытта еліміздің бірқатар өңірлері мен орталық органдарында пилоттық сынақтан өткізіліп отыр. Жетісу облысының жергілікті атқарушы органдары 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы іріктеуге көшті.
Конкурстың жетілдірілген тәртібі үміткерлерге «Е-қызмет» жүйесінің сыртқы порталы арқылы әлемнің кез келген нүктесінен және кез келген уақытта конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. Бұл ретте тестілеуден өту қағидаларын сақтауды прокторинг жүйесі қамтамасыз етеді.
Конкурстың жаңа рәсімі ең аз балл жинаған үміткерлерді автоматты түрде кезең-кезеңмен алып тастауды, ең жақсы нәтиже көрсеткен үш үміткердің әңгімелесу кезеңіне қорытынды рұқсатты орындайды. Сондай-ақ конкурс рәсімі бірнеше кезеңді қамтиды.
Бірінші, 4 нормативтік құқықтық актіні: Конституция, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі бойынша заңнаманы білуге тестілеу (нормативтік құқықтық актілер саны 9-дан 4-ке дейін қысқарды);
Екінші, қабілеттілікке тестілеу – конкурсқа қатысуға құжаттар тапсырылғаннан кейін өткізілетін кезең (әрбір бос орынға өткізіледі);
Үшінші, эссе жазу – барлық басшылық лауазымдар үшін міндетті. Бұл ретте мемлекеттік органдарға атқарушы лауазымдар үшін осы талапты өз қалауы бойынша белгілеу құқығы беріледі. Эссе тақырыбы нақты мемлекеттік лауазымның функционалына қарай анықталады.
Төртінші, конкурстық комиссиямен әңгімелесу кезеңі пулы алдын ала қалыптастырылатын мемлекеттік органның өкілдерінен және тәуелсіз сарапшылардан тұрады.
– Президенттің Жарлығымен мемлекеттік қызметшілердің ротациясын реттейтін нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мемлекеттік қызметшілерге ротация жүргізу мәселесі бойынша айтып өтсеңіз? Мәселен, қай Заңның негізінде жүргізіледі және қалай жүзеге асырылады, ротацияға қандай мемлекеттік қызметшілер жатқызылады және ротация жасау барысында қандай талаптарды сақтау қажет, сонымен қатар, ротация жүргізу барысында мемлекеттік қызметшілерге қатысты ескерілетін жағдайлар бар ма?
– Мемлекеттік қызметшінің ротациясын мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілерін лауазымға тағайындауға және лауазымнан босатуға құқығы бар адам (уәкілетті адам) жүзеге асырады.
Ротациялауға барлық мемлекеттік қызметшілер жатқызылмайды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің және Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппаратының, департамент басшылары, департамент басшыларының орынбасарлары, жергілікті атқарушы органдардың басқарма басшылары, басқарма басшыларының орынбасарлары және аудан әкімдерінің орынбасарлары (В-1, В-2, С-1, С-2, С-О-1, С-О-2, D-O-1, D-O-2 және Е-1 санаттары) ротацияланады.
Ротациялау бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға және «Б» корпусының қызметшілері арасында лауазымдық ауыстыру жолымен жүзеге асырылады.
«Б» корпусы қызметшілерінің ротациясы олардың соңғы атқаратын лауазымына тағайындалған күнінен бастап әрбір төрт жыл сайын жүргізілуі тиіс.
Бұл ретте аталған мерзім мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылғаннан, құрылымы не лауазымдардың атауы өзгергеннен кейін бұрын атқарған лауазымдық өкілеттіктеріне сәйкес келетін, бұрын атқарған лауазымдарына тең дәрежедегі лауазымдарға қайта тағайындалған жағдайда қайта басталмайды.
Сонымен бірге, бұрын атқарған және бұл лауазымнан өз еркімен не өзге лауазымға тағайындалуына байланысты босатылған лауазымға бір жыл ішінде тағайындалған жағдайда ротациялау мерзімі бұрын атқарған кезеңмен қоса есептеледі.
Ал, егер мемлекеттік қызметші әлеуметтік демалысқа шықса немесе еңбекке уақытша жарамсыз болуына байланысты және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, шетелдердегі мекемелерге, сондай-ақ өзге де ұйымдарға іссапарға жіберіліп, екі айдан астам уақыт жұмыста болмаған кезең қосылмайды.
Ротация жүргізу кезінде мемлекеттік қызметшілерді басқа елді мекенге көшуге байланысты мүгедектігі бар адам, жүкті болып табылатын, он төрт жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған, мүгедектігі бар балалары, оның ішінде асырап алған балалары бар, яғни, қорғаншы болып табылатын жалғызбасты ата-ана, көпбалалы ата-ана немесе асырауында мүгедектігі бар ата-ана, не зейнеткер ата-анасы бар болған жағдайда мемлекеттік қызметшілердің келісімімен ғана ротацияға жол беріледі. Сонымен бірге, осы аталған мән-жайлар құжат түрінде расталуы тиіс.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде еліміздің әр облысында, республикалық маңызы бар қалаларында және Астанада өңірлік кадр резервтері қалыптасты. Облыста қанша адам резервке іріктелді және қазіргі уақытта осы резервке ілінгендер белгілі бір лауазымдарға тағайындалды ма?
– Мемлекет басшысының бастамасы негізінде 2024 жылы алғаш рет елімізде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Астананың өңірлік кадр резервтері қалыптастырылды.
Жобаның негізгі мақсаты – жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту.
Өңірлік резервке алынған адамдар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады
Іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді, 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатысты.
Жалпы іріктеуге 300 азамат қатысып, Жетісу облысының Өңірлік кадр резервіне 20 азамат қабылданды.
Өңірлік кадр резервінде болу мерзімі 2 жылды құрайды. Осы уақыт ішінде сайланатын және басқарма басшысы (D-O-1 санаты) лауазымдарын қоспағанда, жергілікті атқарушы органдардағы «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурссыз, яғни, уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің келісімі арқылы тағайындала алады.
Нақтырақ айтқанда бүгінгі күні резервтегі 4 азамат Жетісу облысының жергілікті атқарушы органдарына тағайындалды. Мәселен, Еркін Баймұханов Текелі қаласы әкімі аппаратының бірыңғай персоналды басқару қызметінің басшысы, Мадина Әсетова – облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының инфрақұрылым және ішкі туризмді дамыту бөлімінің басшысы, Жандос Ержанұлы – облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары және Жансерік Құрманғалиев – облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жоспарлау және шаруашылықты жүргізу бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалды. Лауазымға орналасқан азаматтардың болашағынан көп үміт күтеміз. Өңірдің дамуына үлес қосатынына толық сенемін.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен Ришад ТҰРҒАНБАЙ
Фото: tolqyn.kz





