Әдетте Халықаралық әйелдер күнін былайғы жұрт «жылулық» мерекесі деп атайды. Көктемнің шуағы сезілетін сәт болған соң болар. Мерейлі мереке қарсаңында Ескелді ауданында екі елді мекен тұрғындарына көгілдір отын тарту етілді. Әуелі Матай Байысов ауылы қуанышқа кенелді. 385 түтіні бар ауылдың жұртшылығы енді қатты отынның қияметін сезінбейді.
Газ желісіне қосылу салтанатына аудан әкімі Елдос Ахметов, облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаев, мердігер компаниялардың өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты. Матай Байысов құрамына кіретін Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Сержан Оңалбаев тұрғындарды құттықтап, оларды биыл көп қуаныш күтіп тұрғанын жеткізді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сай елді мекендегі тұрғындардың көгілдір отынға қолжетімділігін арттыруға күш салудамыз. М.Байысов ауылының тұрғындары көктемнің шуақты сәтінде бір қуанышқа кенелсе, жыл соңына дейін салтанатты шараларымыз көп болмақ. Мәселен, 15 жылдан астам қараусыз қалған ғимаратты жөндеп, балабақшаға айналдырып жатырмыз. Сонымен қатар, жуырда балалар ойын алаңқайы салынады. Мұның бәрі әрбір тұрғынның қолайлы ортада өмір сүруіне жағдай жасауға ұмтылған елағаларының еңбегі деп түйсінген абзал, – деді Сержан Оңалбаев.
Мұнан соң сөз тізгіндеген ауыл белсендісі Әбдікәрім Каймулдинов сөз алып, газ желісін тартқан мердігер «Ремстрой» серіктестігінің басшылығына, қызметкерлеріне алғыс білдірді. Ауыл тұрғындары атынан компания өкілдеріне шапан жауып, ілтипат етті.
Бұл күні Бақтыбай елді мекенінде қуанышты күн болды. 2021 жылы басталған газдандыру жұмысы аяқталып, қазір тұрғындар коммуналдық жайлылықты сезіне бастады. Бұл шарада аудан әкімі Елдос Ахметов тұрғындарды құттықтап, аудандағы газдандыру жұмыстарын таразылады.
– Ауданымыздағы 33 елді мекеннің 21-і газдандыруға жатады. Қазір 5 елді мекенге көгілдір отын жеткізілді. Сонымен қатар, 11 елді мекенді газдандыру жұмыстары жүргізілуде. 3 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. 2025 жылдың соңына дейін ауданның 41 мың тұрғыны бар 21 елді мекені табиғи газға қол жеткізеді. Мемлекет басшысы айтқандай «Баршаға тең мүмкіндік» тудыру – басты ұстаным, – деді Елдос Ахметов.
Бақтыбайлық Дидар Разиев жуырда ғана газ желісіне қосылған. Айтуынша, бір тауқыметтен арылыпты. Жергілікті атқамінерлерге алғаусыз алғыс білдіруде.
Айта кететін жайт, осы күні Қаратал ауданында да қуанышты жай орын алды. Үштөбе қаласындағы газ тарату желілерінің құрылысы 2022 жылдан жүргізілуде. Құны 7 млрд. теңге болатын жоба биыл қыркүйек айында аяқталады. Бүгінде мұндағы жұмыстар 90,5 пайызға аяқталып отыр. Мереке қарсаңында Үштөбе қаласының шығыс бөлігін газбен қамтуға бағытталған іске қосу кешені өз жұмысын бастады. Осы қондырғы нәтижесінде аудан орталығының 40 пайызы көгілдір отынға қол жеткізеді.
Дастанбек САДЫҚ





