Бүгінде Жетісу облысында табиғи газбен қамту жұмыстары жалғасуда. Осыған байланысты жаңа жыл қарсаңында Талдықорған қаласына қарасты Мойнақ ауылы көгілдір отынға қосылды.
Ауылға табиғи газ жіберуге арналған салтанатты шарада сөз алған Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетов ауыл тұрғындарын жүрекжарды қуанышымен құттықтап, аймақ басшыларының ізгі тілегін жеткізді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, қазір Жетісу облысын табиғи газбен қамту жұмыстары басты күн тәртібінде. Екі кезең бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаға сәйкес үстіміздегі жылдың соңына дейін аймақтағы барлық елді мекенді көгілдір отынмен қамту қолға алынды. Атап айтсақ, бұған дейін аймақтағы «Жастар-1», «Жастар-2» шағын аудандары мен Ынтымақ ауылы, «Үйтас» саяжалары көгілдір отынға қосылып, 6 мыңға жуық тұрғын табиғи газ тұтынуға мүмкіндік алған болатын. Енді, міне, биылғы жылдың сәуір айында басталған Мойнақ ауылына табиғи газ жеткізу ісі сәтті аяқталып, өздеріңіз газ жіберу шарасына куә болып отырсыздар. Қуаныштарыңыз құтты болсын! – деді шаһар басшысының орынбасары.
Ауылдық мәдениет үйінің директоры Гүлмира Изатованың айтуынша, Талдықорған – Үштөбе күре жолының бойына орналасқан Мойнақ ауылында жалпы 200-ден астам жанұя, 1100-ге жуық тұрғын бар. Облыс орталығына қарасты бұл ауылға қалалық №23 орта мектеп, шағын балабақша, мәдениет үйі және жаңадан салынған мешіт ғимараты ірге тепкен. Ауыл жылдан жылға жаңарып-жайнап, өсіп-өркендеп келеді. Табиғи газ тұтыну мұндағы тұрғындардың көптен күткен басты арманы еді.
Қалалық тұрғын үй шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Азамат Бесбаевтың сөзінше, Мойнақ ауылының тұрғындарын табиғи газбен қамту ісі кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгін ауылға газ желісін жеткізу жұмыстары толық аяқталып, газ жіберіле бастаса, алдағы уақытта әрбір үйге енгізу жұмыстары қолға алынбақ. Оған жауапты орындардың тиісті жеңілдіктері де бар. Мәселен, «ЖетісуГазСервис» мекемесі газ қазандығын халыққа 10 айға пайызсыз бөліп төлеуге мүмкіндік берсе, жауапты мердігер мекемелердің көпбалалы, тұрмысында қиыншылығы бар аз қамтылған жанұяларды басқа да жеңілдіктермен қуантпақ.
– Осыдан он шақты жыл бұрын Жетісу жеріне жаңадан газ желісі тартыла бастағанда біздің ауылға да газ берілсе екен деп тілеген едік. Бүгін, міне, сол тілегіміз де орындалып ауылымызға табиғи газ жетті. Енді әр үйге тарту жұмыстары басталса халық от жағып, күл шығару машақатынан біржола құтылмақ. Бастысы газ тарту құны қарапайым халықттың қалтасына сай болса болғаны. Онысызда қазір елді қымбатшылық қысып тұр. Бәрін айт та, бірін айт демекші, жалпы осындай игілікті істерге атсалысып, ауылдағы жұрттың қамын жасап жүрген аймақтың атқамінер азаматтарына айтар алғысым шексіз, – дейді ауыл тұрғыны Сәуле Жақанбаева.
Шара соңында жиналған жұрт ауыл ақсақалының ақ батасымен елге амандық, жерге тыныштық тілеп, қуанышты көңіл-күймен тарасты.
Айдын КӘЛІМХАН





