Бұған дейін де айтқанбыз. Осы жолы да айтамыз. Әділдік үшін! Қарға тамырлы қазақтың тарихы сан зобалаңға толы. Көбі шежіре кітабына алтын әріппен жазылды дей алмаймыз. Қанмен де қаріптеліпті. Мұндайды мақтанышпен айта алмайсың. Мақтана алмайтын тарихи оқиғаның бірі – Саяси қуғын-сүргін!
Төл тарихымызды сөйлетсек, 1921 басталған зобалаң 1938 жылға дейін жалғасты. Ашаршылық. Қуғындау. Жазалау. Ату. Көмусіз қалдыру. ТФәңірден басқа тілеулесі жоқ қазақтың сол қырғында қаншасы опат болғанын ешкім дөп басып айта алмайды. Ғалым Талас Омарбеков ашаршылық һәм саяси қуғын-сүргін салдарынан 2 млн. 300 мың қазақ опат дегенді айтты. Кей ақпар ату-шабудан бөлек 4,8 млн. халық қырылғанын алға тартып отыр.
Бұған дейін газетімізде тайға таңба басқандай жаздық. Айттық. 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні емес, «Ұлт күні» деп аталу керегін алға тарттық. Оған себеп те жоқ емес. Ұлт тарихында бодандық қамытын киген 300 жылға жуық уақытта 300 мәрте дүмпу болыпты қазақ сахарасында. Сырым Датұлы, Исатай мен Махамбет, Кенесары Қасымұлы, Жанқожа Нұрмағамбетұлы, Амангелді Иманов сынды нарқасқалар қазаққа егемендік әперуді көздеді. Бәрінің мүддесі бір. Қазақты ел ету еді. Бірақ, сайын далада демократиялық, ұлттық, мәдени, өркениеттік дүмпу Әлиханның, Ахметтің, Мағжан мен Ілиястың, Міржақыптың тұсында көтерілді. Олар тек азаттыққа жетуді емес, тәуелсіздікке өнер-білім арқылы да жетуді көздеді. Елдің ғылыми өркениетке жетуіне мүдделі болды. Мұндай көзқарас қызыл империяның жоспарына қайшы-тын. Қылышын сүйретіп аштық әкелді, қанды қырғын ұйымдастырды. Қазақтың нарқасқаларына қорғасын құшақтатты.
«Зұлмат» салдарынан қазақтың қаймағы қырғын болғанын айтпасақ та түйсінуге болады. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың сөз жасамы мен әліпбиін, Әлихан Бөкейханұлы – дала демократиясын, Мағжан Жұмабаев – ұлт педагогикасын, Міржақып Дулатұлы – өркениеті мен дағдысын зерделеді, екшеді, келер ұрпаққа жеткізуді мақсұт тұтты. Осындай тұлғаларды қырып-жою арқылы ұлттық сананы әлсіретуді көздеді емес пе? Белгілі бір дәрежеде бұл мақсатқа қол жеткізілді. Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін ғана ұлттық санамыз шын мәнінде қайта жаңғыра бастады.
Өткеннен тиісті сабақ алғанда ғана мұндай трагедия қайталанбайды. Ендеше бүгінгі ұрпақ та болашақта мұндай зұлматтың қайталанбауына қам жасауы тиіс.
Дастанбек Садық