Қалың елдің қақ төрінен өтіп жатқанымен бұл жолдың түрі – өкініштің өзегі дерсің. Көлік емес, көк есек те бұл жермен жүруден тайсақтайды. Арқаның аңызақ желіндей аңырап жатқан мынау қара жолдың кетеуі кетіп-ақ тұр. Редакцияның көлігімен аудан орталығынан шыққалы 780 ойық санадық, мүжіліп жоқ болып кеткен асфальтті айтпағанда. Астымыздағы жаңадан алынған «темір тұлпармен» кібіртіктеп зорға келеміз. Ақыры көлігімізді жол жиегіне тоқтаттық та анда-мұнда бір өтетін таксистерден сұхбат алуға бекіндік. Мына жолмен қалай жүріп жүрсіздер дегіміз келді?!
– Бұл жол неше жыл болды осы қалпында жатыр. Мұны қолға алған ешкім жоқ әзір. Мінеки, әрең жүріп келе жатырмыз. Машина бұзылады мына жолдан. Өте қиын, – дейді жанымызға бірінші келіп тоқтаған, екі ортада ауыл тұрғындарын ары-бері тасымалдап жүрген Ойтоған ауылының тұрғыны Ізтілеу Жиенгелді.
Жол – елге деген құрметтің, халыққа деген жанашырлықтың айнасы емес пе еді?! Бірақ қазіргі халі – иесіз қалған нысандай. Аруақ алдында ұялып, тірі алдында бетке шіркеу боларлықтай күйде. Араға біраз уақыт салып қасымызға тағы бір көлік тоқтады.
– Мына жолды жөндемесе болмайды. Ауданмен екі ортада жүрген соң жиі дөңгелегіміз жарылады. Жолда қалып жатқан көліктер көп. Әне жасалады, міне жасалады деп уақыт соза бермеу керек қой. Шыны керек, сіздерді көлігі бұзылып қалды ма деп тоқтадым, – деген Арсен Қуантаев есімді жігіттің пікірі бұл.
Жол ауыртпалығын көріп діттеген межеге әрең дегенде жеттік. Ауыл тұрғындары да бізді күткендей жиыла кетті. Арыз-шағымдарына құлақ түрдік.
– Арғы беттен келгенімізге 15 жыл болды. Осы ауылдың тумасы болмасақ та туғанындай болып кеттік. Ілияс атаның ауылына шалғайдан 50-60 жуық отбасы көшіп келген еді. Өкінішке қарай, солардың көбі кетіп қалды. Себебі, жол жаман, оның үстіне қымбатшылық. Мектептегі бала саны да азайып жатыр. Жұмысшылар да қысқаруда. Сол үшін жоғарыда отырғандар ауылымызды гүлдендіріп, жан санын молайтып, сырттан адам келу үшін жолды жасап, жағдайды ретке келтірсе екен, – дейді ауыл тұрғыны Гүлжазира Тойлыханқызы.
Жергілікті тұрғындар осыдан 4-5 жыл бұрын Ілияс Жансүгіровтың мерейтойы қарсаңында ауыл шетіне асфальт әкеліп тұрып, оны қайтадан тиеп әкеткенін айтады. Ешқандай жол төсемегендерін сөз етеді. Ауыл азаматтары кеш қарайып, қараңғы түсісімен жолға шықпауға тырысады екен. Аудан орталығына немесе қалаға барса күн батпай қайтуға асығатын көрінеді. Ал тұрғындар ол жаққа барған соң асыққаннан шаруаларымызды шала бітіріп қайтамыз, барлығы жолдың нашарлығынан деген уәж айтады.
«Тұрғындардың көшіп жату себебі, ауылда босап, қаңырап қалған үйлердің көбеюі жолдың дұрыс еместігінен», – дейді қара халық. Соның әсерінен оқушы балалардың саны азайыпты. Мектеп 8 жылдық болып қала ма, әуелі бастауыш сынып қана қала ма деген қорқыныштары бар. Қазір балабақшадағы бала саны азайған. Бұрын 2 топ болса, қазір 1 топқа толмайтын бүлдіршін қалыпты. Кезінде ауданның ішіндегі ең мықты ауыл болған Ойтағанда бұрын 500 отбасы тұрса, қазір 100-дің аржақ-бержағында ғана түтін түтетіп отырған шаңырақ қалған. Жол жөнделсе халық көшпей, тұрақтылық болар еді деген тілек бар.
Біз халықтың айтқанын аудан әкіміне де жеткіздік. Хабарсыз емес екендігін де білдік. Ол да жақын арада жол салынбайды деп ашығын айтты.
– Ілияс атамыздың туған жері болғанымен біздің барлық жолымыз нашар. Ойтоғанға жақын арада жол жөндеу жұмысы жасалмайды. Биыл көктемде шұңқырлары жамалған, ешкім жамалған шұңқырды жасалды деп айтпайды ғой. Бізде ешқандай ақша жоқ. Бұл облыстық басқарманың жолы, – деді Ақсу ауданының әкімі Берік Тынышбаев.
Ертеңінде қалаға жетіп облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айдос Досжановқа хабарластық. Түстен кейін жауабын беремін деген орынбасар жауап бермеді. Шалған қоңырауға үн қатпады.
Жөндеу көрмеген жол – тек қаржылық мәселе емес, бұл –басшылықтың бейжайлығын, ел мүддесіне деген енжарлықты паш ететін көрініс. Тоз-тозы шыққан жолды көріп, «қайран заман, қайран жұрт!» демеске лажың жоқ.
Медет ЖҰМАБАЙ





