Жетісу облысының мемлекеттік архивінде мемлекет және қоғам қайраткері Бәтима Сақауованың өмірбаяны мен еңбектері туралы құжаттары сақталған жеке тектік қоры бар. Онда фотоқұжаттары, дәрістері, баяндамалары, хат алмасулары, өмірбаяны, куәліктері, мандаттары, делегат куәліктері, марапаттары, барлығы 58 іс сақталған.
Бәтима Есболатқызы 1926 жылы 5 желтоқсанда бұрынғы Талдықорған облысы Ақсу ауданының Абакумовка ауылында (қазіргі Жансүгіров кенті) кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Ата-анасы 1930 жылдан бастап Ақсу ауданындағы «Қаракемер» кеңшарының мүшелері болды. Әкесі Есболат Смағұлов 1935 жылы өмірден өтеді. Асқар тауы шағылған соң Бәтима Есболатқызы әкесінің туыстары Рахия мен Нұрғали Сақауовтардың қолында тәрбиеленді. Олар Талдықорған облысы Қапал ауданындағы Қапал ауылында тұрып, «Революция алауы» кеңшарында еңбек еткен. Зерек қыз 1942 жылы Қапал орта мектебінің 7-сыныбын аяқтап, Қапал педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Оқу орнын 1945 жылы тамамдап, 1945-1946 жылдары Қапал орта мектебінде мұғалім болып еңбек жолын бастайды.
1946-1951 жылдары Қапал аудандық партия комитетінде әйелдермен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, кадрлар бөлімінің нұсқаушысы, сондай-ақ партия, кеңес, кәсіподақ және комсомол органдары бөлімінің нұсқаушысы қызметтерін атқарды. 1951 жылдың қаңтарынан 1953 жылға дейін Қапал аудандық еңбекшілер депутаттары кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Өзіне артылған жұмысты тыңғылықты орындап, 1953-1956 жылдары республикалық үш жылдық партия мектебінің тыңдаушысы болады. 1957 жылдың тамызынан 1959 жылға дейін Талдықорған қалалық еңбекшілер депутаттары кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 1959 жылдың қыркүйегінен 1964 жылдың ақпанына дейін Ақсу аудандық Қазақстан Коммунистік партиясы комитетінің екінші хатшысы қызметіне тағайындалады.
1964-1968 жылдары Гвардия аудандық еңбекшілер депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрайымы қызметін атқарады. 1968 жылдың қаңтарынан 1982 жылдың сәуіріне дейін, шамамен 15 жыл бойы Талдықорған облыстық халық депутаттары кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қажырлы еңбек етеді. 1982 жылдың сәуір айынан бастап төккен тердің жемісін көріп, зейнеткерлікке шығады. Алайда қоғамдық жұмыстардан қол үзбеген қоғам қайраткері одақтық маңызы бар дербес зейнеткер ретінде Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының облыстық кеңесі төрағасының орынбасары қызметін де абыроймен атқарды. 1946 жылдан бастап КОКП мүшесі болды. 1956 жылы республикалық үш жылдық партия мектебін, ал 1959 жылы Мәскеу қаласындағы КОКП Орталық комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін тамамдайды.
Еңбек жолындағы жетістіктері үшін үш «Құрмет белгісі» орденімен, жеті медальмен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екі Құрмет грамотасымен марапатталған. КОКП-ның ХХІІІ съезіне делегат болып сайланып, 1968-1978 жылдары Бүкілодақтық мұғалімдер съезінің делегаты, ал 1982 жылы Мәскеу қаласында өткен Достық қоғамдарының Бүкілодақтық съезінің делегаты болады.
Партия және Совет органдарында ұзақ жыл бойы белсенді қызмет атқарғаны үшін және елу жасқа толуына байланысты Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Президиумы 1976 жылдың 3 желтоқсанындағы Указы бойынша Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасы мен наградасын иеленеді.
Жетісудың қыз-келіншектері арасынан азамат арқалар ауыр жүкке сыр алдырмаған, облысымыздың бірқатар ауданында, Талдықорған қаласында, облыста басшылық қызмет атқарған ел анасы Бәтима Сақауованың өмірге келгеніне биыл 100 жыл. Талдықорған қаласының, Ақсу, Кербұлақ аудандарының Құрметті азаматы Бәтима Есболатқызы халқына адал қызмет еткен жан. Елім деп еңіреп, жұртым деп жұмыла еңбек еткен тұлғаның өнегелі өмірі кейінгі буынға үлгі-өнеге.
Айым ТАҢАТАРОВА,
Жетісу облысы мемлекеттік архивінің құжаттарды пайдалану және ғылыми-анықтамалық
аппарат бөлімінің архивисті





