Орман – табиғаттың ең маңызды байлығы. Ол адамзатқа таза ауа, табиғи тепе-теңдік және жануарлар мен өсімдіктерге тіршілік ортасын береді.
Орман – тек ағаштар жиынтығы ғана емес, ол тұтас экожүйе. Сондықтан орманды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы.
Қазіргі таңда орман өрттері ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Орман өртінің негізгі себептерінің бірі – адам факторына байланысты. Атап айтқанда, табиғат аясында демалған кезде қауіпсіздік ережелерін сақтамау, сөндірілмеген от, темекі қалдықтары, қоқыс қалдыру – осындай апаттардың басты себептері болып табылады.
Өрт көбінесе қатты құрғақшылық мерзімінде пайда болатын табиғи апаттың қауіпті түрі. Бұл тілсіз жау үлкен материалдық шығын әкеледі және ауыздықтау қиын болған жағдайларда адам өліміне де әкеп соғады. Сондықтан өрттен қорғану қоғамның әрбір мүшесінің маңызды міндеттерінің бірі болып саналады.
Жаз – өрт қауіптілігі күшейетін кезі. Осы маусымда, әсіресе, ормандар мен далалы алқаптарда өрт жиі байқалады. Орман өрттері құрғақ ауа райы мен жел кездерінде айтарлықтай үлкен территорияға таралып кетеді. Ыстық ауа-райы кездерінде, егер жауын-шашын болмаса ормандар құрғап, кез-келген абайсыз жанған оттың әсерінен өрт тез таралып кетуі мүмкін. Ең өртке қауіпті орман өсімдіктеріне қарағайлы, жапырақты ағаштар, қыналар, ит бүлдіргендер, аршалар т.б. жатады.
Орман өртінің алдын алу мақсатында келесі ережелерді қатаң сақтау қажет:
– Орман аумағында отты тек арнайы рұқсат етілген жерде жағу
– Жаққан отты міндетті түрде толық сөндіру
– Темекі тұқылын толық өшірмей тастамау
– Шыны және тез жанатын қалдықтарды тастамау
– Құрғақ шөптерді өртемеу
– Өрт қаупі жоғары маусымда қауіпсіздік талаптарын сақтау
Орман өртінің зияны өте үлкен. Өрт салдарынан көптеген гектар орман алқабы жойылып, жануарлар мен құстар зардап шегеді. Сонымен қатар табиғатқа үлкен экологиялық зиян келеді.
Егер орманнан түтін немесе өрт белгілерін байқасаңыз, дереу 101 нөміріне хабарлау қажет немесе жақын орналасқан орман шаруашылығы қызметкерлеріне мәлімет беру керек.
Табиғатты қорғау – болашақты қорғау. Орманды сақтау арқылы біз келешек ұрпаққа жасыл табиғатты аман жеткіземіз. Сондықтан әрбір адам табиғатқа жауапкершілікпен қарап, орман өртінің алдын алу шараларына үлес қосуы қажет.
Орманды сақтайық – табиғатты қорғайық!
А.Абильханов
Жетісу облыстық орман шаруашылығы
және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы РММ
Орман және ерекше қорғалатын
табиғи аумақтар бөлімінің бас маманы





