Қазақ халқы ертеден-ақ «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деп қалжыңның шекарасын білген, орнымен айтылған әжуаны тәрбиенің бір құралына айналдырған. Бірақ бүгінгі қоғамда сол сықақтың қадірі кетіп, «пранк» деген атпен пайда болған сұрқай ойын жастардың санасын улап барады.
Әуелде бейкүнә көрінетін бұл әрекет бүгінде адамды үрей мен күйзеліске түсіретін қауіпті құбылысқа айналды. «Пранк» деп аталатын «дүлейдің» астарында мазақ, қорқыныш, кейде тіпті психологиялық соққы жатыр. Қазіргі әлеуметтік желілерде мұндай қалжың түрлері күн сайын көбейіп келеді. Бірі көшеде келе жатқан адамға аяқтан шалып, қорқытып, зәре-құтын қашырып барып артынан мәз болып күледі. Екіншісі, туған әкесіне немесе анасына «жол апатына түстім» деп жалған хабар беріп, соңында «бұл жай пранк еді» деп шала күлкіге басады. Ол аздай қаракөз қарындастарымыз өз әкесіне хабарласып өзінің жүкті болып қалғанын айтып, артын ала «бұл пранк» деп бейқам отырады.
Ал сол сәттегі ата-ананың жүрегінен қанша қайғы өткенін, үрей мен уайым бойын қалай билегенін кім ойлап жатыр? Бір-ақ сәттік сескенген жүрек кейде адамның денсаулығына да, жүйкесіне де зақым келтіреді. Шынтуайтында бұл енді ойыннан бөлек, адамгершіліктен жұрдайлықтың көрінісі, жүгенсіз кеткен жастардың жасап жүрген жаман әрекеті, барып тұрған бейбастық, сүйкімсіз, сотанақтық қылық.
Психологтардың айтуынша, мұндай бейәдеп әзілдер адамның ішкі тепе-теңдігін бұзады. Әсіресе, егде жастағы адамдар үшін «пранк» ауыр соққы. Жүрегі сыр беретін ата-аналарға жалған хабар беру, тіпті қайғылы жағдайға апарып соқтыруы мүмкін. Осы тұрғыдан қарасақ, пранктің қасіреті – шынайы өмірдің өзінде орны толмас өкінішке айналуы мүмкін қатерлі іс-әрекет.
Бір қарасаңыз, осындай видеолар миллиондаған қаралым жинайды. Көрермендер күлкіге қарық болады, бірақ сол «тамашаның» ар жағында көз жасы жатқанын ешкім байқай бермейді. Осындай жағдай – қоғамның рухани күйін көрсететін бейнесі.
Дегенмен, «жаманның да жақсы жағы бар» демекші, атап айтқан ойынымыздың игі бағытта қолданылатын үлгілері де бар. Кейбір жастар адамгершілік пен қайырымдылықты дәріптейтін бейнелер түсіреді. Мысалы, олар көшеде қайыр сұрап отырған кісіден «Автобусқа 100 теңге бере аласыз ба?» деп сұрайды. Әлгі адам барын берсе, «пранкер» пейіліне ризашылығын білдіріп, оған бергенінен бірнеше есе көп ақшалай сыйға тартып кетеді. Мұндай ізгі амалдар, әрине, ізгілікті оятады.
Алайда, бір жақсы істің көлеңкесінде жүз жаман әрекет тұр. Өкінішке қарай, пранк түсірушілердің басым бөлігі қоғамды күлдірмек болып, кісінің абыройына, намысына тиіп, ар-ұятын аяқасты етеді. Олар үшін рейтинг пен қаралым ең бастысы, ал адамның өмірі екінші орында.
Мұндай көріністердің белең алуы жастардың бос уақытын мәнсіз өткізіп, жеңіл күлкіге бой алдыруының белгісі. Осы ретте ата-ананың тәрбиесі мен мектептің рөлі айрықша. Себебі, орнымен айтылған әзіл – рухани байлықтың белгісі болса, орынсыз қалжың мәдениетсіздіктің көрінісі. Ал орынсыз ойнаған ойын – орға жығар. Сол себепті, қоғамдағы әрбір жас өз ісінің салдарын ойлап, күлкі үшін өзгенің жүрегіне жара салмауды үйренуі керек. Әзілдің де әдебі бар.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





