Талдықорғандағы Достық үйінде Отбасы күніне орай отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналған мерекелік шара өтті. Басқосуда бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, әулет дәстүрін жалғастырып, шаңырақтың берекесін сақтап келетін жанұяларға құрмет көрсетілді.
Іс-шара аясында «Адал азамат тәрбиелеген отбасы», «Күміс кереге», «Алтын шаңырақ» номинациялары бойынша марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Байқауға қатысуға 56 отбасы ниет білдірген. Қатысушылардың арасынан 30 отбасы арнайы номинацияларға ие болды. Оларға ақшалай сертификаттар табысталды. Марапаттау рәсімінде «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Дәурен Нұртаев ізгі тілегін білдірді.
Ол өз сөзінде отбасының қоғамдағы орнына, әсіресе бала тәрбиесіндегі жауапкершілікке тоқталды. Оның айтуынша, адамның тұлға ретінде қалыптасуына әсер ететін алғашқы орта отбасы. Бала үлкенге құрмет, кішіге ізет, еңбекке жауапкершілік, адалдық пен адамгершілік секілді қасиеттерді ең алдымен ата-анасының өнегесі арқылы бойына сіңіреді. Осы тұрғыдан алғанда, адал азамат тәрбиелеу отбасының ғана емес, қоғамның да ортақ міндеті. Өйткені елдің болашағы бүгінгі бала тәрбиесімен тікелей байланысты. Ал балаға берілетін ең маңызды тәрбие ата-ананың күнделікті ісі мен өмірлік ұстанымынан көрінетін өнеге.
Дәурен Нұртайұлы отбасылық құндылықтарды дәріптейтін мұндай шаралардың тәрбиелік маңызына назар аударды. Өнегелі жанұялардың өмір жолын көпшілікке таныстыру арқылы кейінгі буынға үлгі көрсетуге, ұлттық салт-дәстүрдің сабақтастығын сақтауға және ата-ана жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік бар.
Байқаудағы әр номинацияның өзіндік мәні бар. «Адал азамат тәрбиелеген отбасы» атауы ұрпағын адамгершілікке, еңбекқорлыққа, жауапкершілікке және елжандылыққа баулып отырған жанұяларға арналды. Ал «Күміс кереге» номинациясы отбасы татулығы мен өзара сыйластықты берік ұстанып, шаңырақтың ынтымағын сақтап келетін отбасыларға табысталса, «Алтын шаңырақ» номинациясы бірнеше буын өкілдерін бір арнаға тоғыстырып, атадан балаға жалғасқан салт-дәстүрді сақтап, ұрпақтар сабақтастығын нығайтып отырған әулеттерге берілді.
Марапаттау рәсімінің басты ерекшелігі отбасының жетістігін бағалаумен қатар оның тәрбиелік және қоғамдық мәніне назар аударылуы. Себебі шаңырақтағы тәрбие жеке отбасының аясында қалмайды. Отбасында қалыптасқан құндылықтар баланың мінезі мен дүниетанымынан көрініс тауып, кейін оның қоғамдағы орнын айқындайды. Ал байқауға қатысқан 56 отбасының арасынан 30 жанұяның арнайы номинацияларға ие болуы өңірде отбасы құндылықтарын сақтап, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген жанұялардың бар екенін көрсетеді.
Мұндай шаралар қоғам назарын отбасы институтына аударып қана қоймай, ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін, ұрпақтар сабақтастығының маңызын және ұлттық құндылықтардың отбасындағы орнын айқындай түседі. Шаңырақтың беріктігі елдің бірлігіне бастайтын құндылық. Ал тәрбиелі ұрпақ сол берік негіздің жемісі.
Сарби ӘЙТЕНОВА





