Өзге бір ұғымды білдіретін «параллельді әлем» термині көзі қарақты оқырманның құлағына сіңісті деп ойлаймыз. Адамзат баласы басқа өлшемде тірлік кешетін мұндай әлем жайында ес білгелі ой толғап келеді. Содан кейін де ол жайында қаншама аңыздар мен қиял-ғажайып әңгімелер туындамады десеңізші?!
Ал енді осы заманғы тіршілік иелерінің – біздердің параллельді әлем жайындағы түсінігіміз қандай? Ондай әлемдер шындығында бар ма? Бұл мәселе жайында ғалымдар не дейді? Басқа өлшемге, демек басқа әлемге еніп кеткен адамды не күтуі мүмкін?
Ғалымдар не дейді?
Адамзат баласы үштік өлшемге негізделген әлемде тіршілік етеді. Соған орай ондағылардың бәрін биіктік пен ұзындық, ендік ұғымымен өлшеуге болады, біздің санамыз да әлемді осы ұғымдар аясында таниды. Әйтсе де ресми, академиялық ғылым біздің көзімізге шалына бермейтін басқа да кеңістіктердің болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Мәселен, осы заманғы ғылымда «ішектер теориясы» деген термин бар. Бірден түсіне қоюға тым күрделі бұл термин Әлемде бір ғана емес, бірнеше кеңістіктің барлығына негізделеді. Адамдардың көзіне шалына бермейтін бұл кеңістіктер сығылған, яғни ықшамдалған күйде тіршілік етеді. Жекелеген ғалымдардың тұжырымы бойынша, әлемдегі мұндай өлшемдердің қатары 26-ға дейін жетуі мүмкін.
Кеңістіктер қатарының қалыңдығын Ислам діні де мойындайды. Нақты дәлел келтіретін болсақ, дін ғұламаларының бірі Ибн Касир өзінің тәпсірінде «…адамзат – бір әлем, жындар – бір әлем. Одан басқа он сегіз мың әлем немесе он төрт мың әлем бар», – деген пікір білдіреді. Қазақтың Ахмет Яссауи сынды ғұламасының «Он сегіз мың ғаламға сәруар болған Мұхаммед» деген тұжырымы мен Бұқар жыраудың «Құдіретімен жаралған он сегіз мың ғаламды айт» деген жыры да бастан-аяқ шариғатқа негізделген.
Ғалымдар жайына қайта оралатын болсақ, әлемге әйгілі Оксфорд университетінің оқымыстылары параллельді әлемдердің барлығын ғылыми тұрғыдан негіздепті. Соған орай MIGnews басылымы жақында «Ғылыми команданың басшысы Хью Эверетт бұл феноменнің жай-жапсарын жан-жақты дәлелдеп берді» деген хабарлама таратты.
Альберт Эйнштейннің салыстырмалылық теориясы кванттық механиканың табиғатын тамаша түсіндіреді. Аталған теория параллельді әлемдердің барлығын сынған саптыаяқтың мысалымен де дәлелдейді. Олай дейтініміз, осынау бір ғана елеусіз оқиға одан кейінгі уақытта сан түрлі бағытта өрбуі мүмкін: саптыаяқтың тас еденге түсіп сынуы немесе оны ұстап тұрған адамның аяғына түсіп сынбай да қалуы мүмкін, адамның оны жерге түскенше қағып алуы да ықтимал. Мұндай нұсқалардың қатары осылайша шексіз созыла береді деуге болады.
Бірте-бірте ұмытыла бастаған бұл теорияны Хью Эверетт өзінің математикалық эксперименттерімен қайта жаңғыртты. Ғалымның дәлелдеп шыққанындай, атомның ішінде тұрып оның шынайы болмыста барлығы жайында кесіп айтуға болмайды. Оның өлшемін нақтылау үшін «сырттан» бақылау позициясында болу керек. Сондай зерттеулерді жалғастыра келе ғалымдар параллельді әлемдердің ұшы-қиырсыз мол екенін дәлелдеп шықты.
Порталдар шынымен бар ма?
Американдық Чарльз Форт 1931 жылы ғылыми ортаға «телепортация орны» деген жаңа түсінік енгізді. Кеңістіктің осы телімінен параллельді әлемдердің біріне өтуге болады. Адамдар анда-санда байқап қалатын түсініксіз құбылыстар – полтергейст пен түрлі елес, құбыжықтар, «ұшатын тәрелкелер» мен басқа да табиғаттан тыс субъектілер де нақ осы жерден біздің әлемге өтеді деген болжам бар. Мұндай «есіктер» екі тарапқа бірдей – біздің әлем мен параллельді кеңістіктердің біріне – ашылатындықтан адамдардың да сондай өлшемдердің біріне өтіп кету мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Сондай бір-екі мысалға тоқтала кетейік.
ХІХ ғасырдың орта тұсында Коннектикут штатындағы екі шенеунік – судья Вэй мен полковник Макардл нөсер жауын астында қалып, ормандағы шағын ағаш лашықты паналауға мәжбүр болады. Олар лашыққа кірген кезде, неге екені білгісіз, айнала құлаққа ұрғандай тым-тырыс бола қалады. Кенеттен көзге түртсе көргісіз қараңғылық орнайды. Сипалап жүріп темір есікті тауып алған олардың көздеріне жап-жасыл жарыққа бөленіп тұрған келесі бір бөлме шалынады.
Ең бір қорқыныштысы – жаңағы бөлмеге кірген судья әп сәтте көзден ғайып болады. Макардл болса ауыр есікті жауып үлгеріп, есінен танып құлап түседі.
Біраз уақыт өткен соң жүргіншілер ес-түссіз қалыптағы полковникті жол бойынан тауып алады. Таңғаларлығы, жұмбақ лашық та алыста қалыпты…
Есін жиған полковниктің айтып берген әңгімесіне ешкім сене қоймаған. Содан кейін де ол өле-өлгенше есі ауысқандар қатарында саналыпты.
Шотландиядағы Комкрифф маңындағы байырғы замокқа барған екі әйел жұмбақ жағдайда жоғалып кетеді. Ғимараттың Мак-Догли текті иесі тылсым құбылыстар байқалып тұратын замокта соқыр сенім жайындағы ескілікті кітаптардың болғанын айтады. Тылсым жайттарды бастан кешкілері келген қартаң әйелдер үйге жасырын кірген көрінеді.
Нақ осы жерде қабырғада баяғыдан бері ілулі тұрған көне картина үстіне құлап кеткеннен кейін үй иесінің замокты тастап шыққанын да айта кетейік. Осы оқиғадан кейін қабырғада үлкен жарық пайда болыпты. Жаңағы әйелдер сол жарықтан аттасымен ғайып болған…
Құтқарушылар әйелдердің өздерін де, тіпті азын-аулақ іздерін де таба алмады. Олар басқа әлемге портал ашып кіргеннен кейін кері қайта алмай қалды деген болжам бар.
Өзге өлшемде өмір сүре аламыз ба?
Басқа бір параллельді әлемде тіршілік ете аламыз ба деген мәселе жайында сан түрлі пікір бар. «Өзге өлшемге өтіп кетті» деген мысалдар көп болғанымен ол жақта біраз уақыт болып, қайта оралу оқиғасы ешқашан сәтті аяқталған емес. Біреулер естерінен айрылып, енді біреулер жұмбақ жағдайда өмірден өтті, тағы біреулер аяқ астынан қартайып кетті. Бұқаралық ақпарат құралдарының ондай оқиғаларды теріп жазғандары көзі қарақты оқырманның естерінде шығар деп ойлаймын. Оған сенетіндер де бар, күмәнмен қарайтындардың да қатары аз емес.
Бұл жерде қазақтың «жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» деген мәтелі ойға оралмай қоймайды. Ондай оқиғалардың бәрі бірдей жүз пайыз ақиқат болмаса да көпшілігінің жайдан-жай пайда бола салмағаны белгілі.
Жаңағыдай портал арқылы басқа өлшемге өтіп кеткендердің тағдыры бізге беймәлім күйінде қалды. Экстрасенстердің «о дүниеліктермен байланыстық» деп тұжырымдайтыны да сол өзге өлшемдегілермен жасалынған байланыс емес пе екен деген болжам бар.
Табиғаттан тыс құбылыстарға сенетіндер жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен адамдардың барлығы біздің әлемге параллельді кеңістікте тіршілік етіп жатыр деген сенімде. Ондай кеңістікте болып қайта оралған адам табылса немесе жаңағыдай жоғалған адамдар біздің әлемде пайда бола бастап, өзге өлшемде қалай тіршілік еткендерін әңгімелеп берсе бәрі де анықталуы мүмкін-ау…
БАСҚА бір әлем о дүние…
Түнгі мезгілдегі тылсым тыныштықта жиһаздың өз-өзінен қозғалып, түсініксіз дыбыстардың естілуі, кейбір кездері көзімізге шалынып қалатын буалдыр елес қиялымызды сан тарапқа шарықтатады. Адам санасы қабылдай қоймайтын мұндай жұмбақ құбылыстар жайындағы аңызға бергісіз әңгімелер қаншама? Ондай әңгімелердің кейбірі төбе шашыңды тік тұрғызатындай қорқынышты болса, кейбірі жүрегіңді аттай тулатып, толқытып, тебірентпей қоймайды. Бұл жерде қорқынышты елестер жайындағы кинофильмдер жайын айтпай-ақ қойса да болады. Шындығына келгенде ойдан шығарылмаған, күнделікті өмірімізде болып жатқан шынайы оқиғалар да аз емес.
Лондон метросында осындай мистикалық оқиғалар жиі болып жатады. Мәселен, 1994 жылы жабылған «Олдвич» стансысының маңынан теміржол бойында қыдырып жүрген әйел сұлбасын көрген адамдар көп. Ағылшындар сол елесті көру үшін ғана стансы ғимаратында түрлі кештер мен көпшілік шаралар ұйымдастырып, фильмдер түсіріп жатады.
Британия музейі маңындағы метро телімінен ежелгі Египет ханшайымының мумиясын жиі көруге болады. 1950 жылдардан бастап Ковент-гарденде пайда болған, XIX ғасырдың соңғы кезіндегі модамен киінген жасөспірім оған назар аударған сәттен буалдыр күйге ене бастайды…
Материалистердің мұндай күмәнді фактілерді мойындай бермейтіні өз-өзінен түсінікті. Олар аруақтармен байланысты галлюцинация, елес немесе көпе-көрнеу өтірік деп түсіндіруге дайын тұрады. Сонда да болса соншама ғасырлардан бері елестер жайындағы аңыз әңгімелер неліктен толастамай келеді? Мұның себебіне көз жүгіртіп көрген де артықтық етпейтін шығар. Шын мәнінде ертегідегі өлілер мекені, о дүние деп жүргеніміз балама әлемдердің, нақтылықтардың бірі болуы да мүмкін-ау…
Осылайша адамзат баласының параллельді әлемдер жайындағы түсінігі арада қаншама мыңжылдықтар өтсе де тым таяз күйінде қалып отыр. Олар жайындағы теориялар да негізінен болжамға, идеялар мен қисынға ғана құралады. Осы заманғы ғалымдардың түсіндірмелерінің де мардымсыз екендігін мойындауға тура келеді.
Иә, Жаратқанның әлемдері он сегіз мыңнан да көп, тіпті шексіз болуы да мүмкін. Соған орай сол әлемдерге, өзге өлшемдерге еніп кетудің қаншалықты қажеттігі бар деген мәселе де туындамай қоймайды. «Аш құлақтан тыныш құлақ» дегендей, мұндайда басқа кеңістікке асықпай-ақ өз әлеміміз бен өз кеңістігімізде бейбіт тіршілік ете берген жөн емес пе екен деген қисын ойға оралмай тұрмайды…
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
ардагер журналист
Фото: avantyra.com